Валюта бағамы: $ 326.88 364.9 5.47 ¥ 47.85

Келешектегі Қазақстан технологиясы

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Халықаралық компания Autodesk және Жобалау академия «KAZGOR»-мен бірігіп «Сандық Қазақстан: Сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технологиялар» атты І халықаралық инновациялық форум өткізді.

Халықаралық Сәулет академия­сының қазақстандық академиялық орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық жобалаушылар қауымдастығы (ҚР ҰЖҚ) аталмыш шараның серіктестері ретінде атсалысты. Форум жұмысына Ресейден, еліміздің түпкір-түпкірінен белгілі ғалымдар қатысты. Шараның ашылу салтанатында Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың ректоры, профессор Ескендір Бейсембетов сөз алып, қашанда осындай игілікті істерге қолдау жасай білетін Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының ұстаздарына, институт директоры Болат Құспанғалиевтың атына жылы лебіз білдірді.
«KAZGOR» жобалау академиясы­ның президенті Айдар Тәтіғұлов форум ашық пікірталас ала­ңына ай­нал­ғандығын, жиынға қатысқан барлық ғалымдар ВІМ технология­сын енгізу мен қолдану мәселелерін көтер­гендігін, жинақталған тәжірибе­лермен бөліскендігін, бар­лық салада дамудың оңтайлы тұстарды шешкендігін атап өтті. «ВІМ тақырыбы өте қызықты ірі көпқырлылығымен ерекшеленеді. Біз бұл форумның маңыздылығы мен тиімді тұстарын ескере отырып, осындай шараларды ұйымдастыру керектігін түсіндік. Мерекеге көптеген ғалымдар қатысуда, бұның өзі бұл мерекенің маңыздылығын көрсетеді. Алдағы уақытта бұл форум жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді».

ТМД-дағы Autodesk өкілі Дмитрий Калашников шараға қаты­сушы барлық ғалымдарға шығар­ма­шылық табыс тілей отырып, сандық технологиялардың маңыз­ды­лығы мен ерекшеліктеріне тоқ­тал­ды. Сонымен қатар ол сәу­­лет­­­­тегі және құрылыстағы ВІМ-Тех­нологиялардың тиімді тұс­тарын атап өтті. Форум бірнеше секцияларға бөлініп, жиынды Т.Қ.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев, «KAZGOR» жобалау академиясы Жобалау орталығы директорының орынбасары, орталықтың бас инженері Вячеслав Шепель, «Деловая газета» басылымының бас редакторы, журналист Махамбет Әуезов жүргізіп отырды. Басқосу барысында ғалымдар құрылыс саласының ақпараттық модельдеу (ВІМ) технологиясына көшу жөнінде, сандық технология, энергияны модельдеу (ВЕМ), заманауи ВІМ жобалау үшін энергиялық тиімді жүйелер және т.б. көптеген мәселелерді талқылады. Форумның мақсаты нақ­­ты стратегиялық және күнделік­ті міндеттерді шешу кезінде сәулет, құрылыс саласындағы мамандар, ВІМ технологиясын қолдану, өзекті мәселелерді енгізіп талқылау болды. Жиын кезінде Сәулет-құ­рылыс жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткен конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. «ВІМ-нің ең үздік баяндамашы» тақырыбында Е.А.Ли (ҚазҰТЗУ), «ВІМ-нің ең үздік плакаты» аталымында Т.Х.Шадыбеков (КазБСҚА) үздік деп танылды. Ал «ВІМ-нің ең үздік мақаласы» номинациясында М.А.Садықов (КазБСҚА) пен ҚазҰТЗУ-дың студенттері А.А.Гребенюк, М.А.Қабдуллин, М.З.Увашевтің ең­бек­тері жоғары бағаға ие болды. Жеңімпаз бен бірінші орынға ие болған студенттерге 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлдемен марапатталды. Ал екінші және үшінші орынға ие болғандар KAZGOR–да өндірістік тәжірибемен өтуге арналған сертификат табыс етілді.
Аталмыш форум болашақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдарының, кәсіби бірлестіктердің және т.б. көптеген ұйымдар арасындағы байланысты нығайтатыны анық. ВІМ-технологиясының саласында қазіргі заманғы үрдістерге, ВІМ-техно­логияларды тәжірибелі енгізуге және қолдануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және шетелде ақпараттық модельдеудің одан әрі даму келешегі. Негізгі бағдарлама құрылыс және пайдаланатын фирмалар өкілдері, өз қызметінің ғимараттар мен құры­лыс­тарды ақпараттық модельдеу құралдары қолданады және енгізеді, сондай-ақ жеткізуші-ком­па­ния­лардың ма­ман­дан­дырыл­ған бағдарламалық қам­тамасыз ету.
Іс-шара екі күнге созылды. Алғашқы күні форумның қатысу­шылары баяндамалар жасап, ақ­параттық модельдеуді енгізу, қол­дану саласындағы жетістіктер туралы атап өтті. Конференцияның екінші күні практикалық бағытта болды. Форум аясында жобалаушы-практиктердің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды, шағын-презента­циялар көрсетіліп, әртүрлі пікірлер талқыға түсті. Студенттер жұмыс берушілермен кездесті, сонымен қатар бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындары өткізілді.
Форумда күн тәртібіне қатысты көптеген бағалы баяндамалар жасалды. Әсіресе, ресейлік көрнекті ғалымдар М.Г.Корольдің «Құрылыс саласының ақпараттық модельдеу (BIM) технологиясына көшу жөніндегі ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру шарттары. Үздік әлемдік тәжірибе», Петр Маниннің «Connected BIM. Сандық құры­лысты жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктері» атты баяндамалары зор ықыласпен тыңдалды. Сондай-ақ «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ Ақпараттық модельдеу орталығының директоры А.Ю.Шахновичтің «Қазақстан Республикасы құрылыс саласын ақпараттық модельдеу технологиясына көшіру бойынша негізгі қадамдар», Санжар Кеттебековтің «Тіршілік үшін жайлы қала қалыптастырудағы BIM-технологияның рөлі», ҚазҰТЗУ-дың басқа да ғалымдарының ғылы­ми еңбектері өз құндылығымен ерек­шеленді. Жиын соңында ВІМ-тех­но­логиясының маманы В.Талапов ВІМ-нің құрылыста енгізу мен қол­дануға бағытталған бірнеше жалпы бағыттарды атап өтті.
Форумда сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технологиясы мәселесі жайдан-жай қозғалған жоқ. Өйткені елімізге сандық технологияларды енгізу ауадай қажет болып отыр. Экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Сандық Қазақстан-2020» бағдарламасын биылғы жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама бернеше негізгі бағыттардан құралған. Оның ішінде «Сандық Жібек жолы» бағытының мақсаты ауылдарды интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға негізделген. Сонымен қатар бұл сандық түрлену көлік пен логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ. 2020 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 4,7 пайызы ақ­па­раттық-коммуникациялық сектор­дың үлесінде болмақ. Ал атал­­мыш саланың еңбек өнімділігі 34 пайыз артады деп күтілуде. Бұл көрсеткіштерге келер жылдан іске қосылатын «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізу көзделіп отыр. Жоба 4 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Жоғары технологиялы сандық инфрақұрылым құру үшін алдымен елдімекендерді кеңжолақты ғаламтор желісімен 90 пайыз қамту мақсаты тұр. Сондай-ақ, халықтың сандық сауаттылығын ашу, телекоммуникациялық хаб пен ақпараттық қауіпсіздікті дамыту жолдары қарастырылған. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс салалары және көлік логистикасы жүйесін автоматтандыру, электронды сауда-саттықты жетілдіре түсу жоспарланып отыр. «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын көтеру және еліміздің бәсекеге қабілетті сандық экономикасын қалыптастыру. Бі­рін­шіден, мемлекеттік электрон­дық қызметтер мен ақпаратқа қол­жетімділік қамтамасыз етіледі. Белсенді сандық үкімет пен сандық индустрияны дамыту үшін Smart City ақылды қалалар бастамасын қолға аламақпыз. Барлық жобалар мемлекеттік-жекеменшік серік­тес­тік арқылы жүзеге асырылады.
«Сандық Қазақстан: сәулеттегі және құрылыстағы ВІМ-технология­лар» форумы болашақ мамандарды даярлайтын техникалық жоғары оқу орындарының, жобалау және құрылыс ұйымдарының, кәсіби бір­лестіктердің, мемлекеттік құры­лымдардың өкілдері ВІМ технологиясын енгізу және қолдану бойынша мәселелерді талқылай алатын шараға айналуы тиіс. Сонымен қатар жинақталған практикалық тәжіри­бемен бөлісетін, даму перспективаларымен бөлісе алатын, саланың барлық буындарының өзара байланыс схемасын әзірлейтін, әм­бе­бап пікірталас өткізе алатын форум ретінде тұрақты өткізсе құба құп.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X