Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Қоғам тынысынан – қажеттілік айқындалады

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің тұжырымдамасы талқыланды. Сондай-ақ, отырыста екі заң жобасы қаралды.

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов атап өткендей, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру. Бұл қызмет халықтың денсаулығын нығайту бойынша ведомствоаралық жұмыстарды реттеумен және үйлестірумен айналысатын болады.
Әлемнің көптеген елдеріндегі тәрізді, Қазақстанда да ауру мен өлім-жітім негізінен жұқпалы емес созылмалы аурулар жағдайында орын алса, жұқпалы аурулар олардың жалпы көлемінің 2%-ін құрауда. Нәтижесінде, елімізде соңғы жылдары жұқпалы емес созылмалы ауруларға жұмсалатын шығындардың өсуі орын алып, 95-96%-ті көрсеткен.
Осы орайда, қоғамдық денсаулық сақтау моделін қалыптастыру арқылы ауруларды емдеуден бұрын олардың алдын алу шараларына назар аударылмақ. Бұл бізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен айқындалған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі он оперативті функциясының негізінде құрылады. Оған халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын эпидемиологиялық қадағалау, денсаулыққа қауіп төнген және төтенше жағдайларда мониторинг жүргізу және әрекет ету, денсаулықты қорғау, оның ішінде қоршаған ортаның, еңбек, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, денсаулықтың нашарлауын ерте анықтаумен аурулардың алдын алу шаралары кіреді. Көрсетілген функциялардың қатарында денсаулық сақтау саласын стратегиялық басшылықпен, құзыретті кадрлармен, сондай-ақ тұрақты ұйымдастырушылық құрылыммен және қаржыландырумен қамтамасыз ету қарастырылған. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен зерттеулердің дамуына ықпал ету мәселесі де тыс қалмаған. Елімізде мұндай қызметті жолға қою үшін нормативтік құқықтық база мен бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру, ұсынылатын қызметтер тізімін әзірлеу, инфрақұрылымды дамыту, бірыңғай IT-платформа құру, кадрлық әлеуетті дамытуды қамтумен денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру, сонымен қатар, бизнесті тарту мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту қажет. Жалпы, қоғамдық денсаулық қызметін дамыту «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасындағы көрсеткіштерге ғана емес, ұлт саулығын білдіретін көрсеткіштерге де қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, мемлекеттің барлық секторларын тартқан және халықтың салауатты өмір салтын ұстану дағдысын қалыптастырған жағдайда денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындардың арту қарқынын тежеуге жол ашады.
Сондай-ақ, Үкімет отырысына қоғамдық ұйымдардың басшылары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жыл соңына дейін қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру бойынша барлық ұйымдасты­рушылық мәселелерді шешуді тапсырды.

Бұдан кейін отырыста еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігін кеңейту мәселесі қаралып, тиісті заңнама қабылданды. Заң жобасын таныстырған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің мәлімдеуінше, Қазақстанның жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігін кеңейту ЖОО-ларға студенттерді қабылдауға, құрылым тәртібін, білім беру бағдар­ламаларының мазмұнын анық­тауға және ғылыми-білім беру қызметі бойынша еншілес ұйымдарды құруына құқық беруді білдіреді. Бұған дейін осындай артықшылықтар тек ұлттық ЖОО-ларда ғана болған. Бұдан өзге, Ұлттық біліктілік шеңберіне біріктіріле отырып білім беру бағдарламаларын әзірлеу қағидасы енгізілетін болады. Осының арқасында ЖОО-лар білім беру нәтижелері мен өздерінің құзыреттіліктерінің негізінде дербес білім беру бағдарламаларын әзірлей алады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарын лицензиялау жүйесі де өзгереді. Егер бастапқыда тек мамандық лицензияланған болса, ендігі заң жобасы қабылданған соң жалпы дайындау бағыты да лицензияланатын болады. Бүгінгі таңда жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беруде шамамен 600 мамандық бар, жаңа тәсіл енгізілгеннен кейін даярлаудың 10 бағыты пайда болады. Оның ішінде ЭЫДҰ елдеріндегідей, ЖОО-лардың 600-ден де көп дербес білім беру бағдарламалары болады. Сонымен қатар, студенттерге де екі бағыт, яғни пәндерді тереңінен меңгеру және пәндерді қосымша меңгеру бойынша оқудың дербес жолын қалыптастыру құқығы берілетін болады. Қосымша меңгеруде бір мамандықта оқып жүрген студенттер өз білімдерін толықтыру үшін қосымша мамандықты да игеруге мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, отырыста Прези­дент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен әзір­ленген «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актіле­рі­не оларды Қазақстан Республикасы Конс­­титуциясының нормаларына сәй­кес келтіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы қаралды. Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасы­ның мақсаты – заңнамалық актілерді Конституцияның жақында енгізілген түзетулеріне сәйкес келтіру екенін, соған орай 7 кодекс пен 46 заңға өзгерістер енгізу талап етілетінін мәлім етті. ҚР қылмыстық кодексінің бірқатар бабына, азаматтық туралы, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, халықтың көші-қоны туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, волонтерлік қызмет туралы заңдардың нормаларына өзгерістер енгізіледі. Бұдан өзге, «Құқықтық актілер туралы», «Прокуратура туралы» заңдарға және сот жүйесі қызметін реттейтін заңға түзетулер енгізілетін болады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X