Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

ЕЛДІКТІҢ ЕРЕН ЖЕМІСІНЕ АЙНАЛҒАН КӨРМЕ

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында ТМД елдерінде баламасы жоқ, соңғы жылдары әлемде өзық үлгідегі жаңадан салынған «Нұрлы Жол» жаңа вокзалы пайдалануға беріледі. Жоба аясында Астана теміржол телімінің инфрақұрылымын дамыту мен вокзал кешені құрылысын жүргізу жұмыстары атқарылады.

Астана инфрақұрылымын дамыту арқылы жүк және жолаушылар ағынын ұлғайту көзделеді. Қаланың ішкі теміржол нысандарын дамыту құрылысына алдыңғы қатарлы инновациялық технология пайдаланылады. Шудан қорғайтын құрылғымен қапталған теміржол эстакадасы қаланың көлігін ағынына кедергі келтірмей, жолаушыларды жаңа теміржол вокзалына жеткізеді.
Жаңа вокзал тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізе алады. Ал, қазіргі елордасындағы ескі вокзал арқылы күніне 12 мың жолаушы өтуі тиіс болса, онда іс жүзінде 18 мың жолаушыға дейін кіріп-шығады. Жаңа возкал жобасын сараптау барысында тартылған Buro Happold (Ұлыбритания), Tabanlioglu Architects (Түркия), Jamas (Германия) халықаралық сарапшылар командасы вокзалды теміржолдың үстіне конкорс арқылы орналастыруды қолдады. Бұл өз алдына вокзал ғимаратын жасаудағы соңғы тәсіл өзіндік ноу-хау болып табылады. «Вокзал-көпір жағалаудан біртіндеп көтеріліп, кеңістікті тиімді пайдалануды мақсат еткен. Вокзалдың қаланың іскерлік орталығына жақын орналасуы да өте қолайлы. Ол арқылы қаладағы автокөліктің кептелісі азаяды. Вокзал ғимаратының аумағы120 мың шаршы метр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такилдік жолдар, Брайл әліпбиімен ақпаратты табло, арнайы касса қызмет көрсетеді. Негізгі күту залынан бөлек әлемдік талаптарға сай қонақүйлік бөлмелер, қолайлы сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық кеңселер, фудкортттар, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркингтер қамтылған. Ғимарат қуат үнемдегіш лифтілермен эскалаторлармен қамтылып, жылу жүйелері қыста ауаны жылытса, жазда салқындатады. Жаңбыр суын жинап, оны қасбетті жууға пайдаланып, жақын аумақты көгалдандыруға жұмсалады. Жолаушылардың кезек күтіп қалмауын болдырмау үшін кезекті басқарудың замануи қондырғысы, билетті электронды сату жүйесі, Интернетке шығу мүмкіндігі жасалады. Жолаушыларды төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында лаңкестік оқиғалардың алдын алудың кешенді мүмкіндігі жасалады. Оның жолаушыларды тексеріп кіргізу құрылғысы, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Ғимараттың іші сыртында қозғалыс тәртібі тәулік бойы бақыланады.
ЭКСПО көрмесі барысында «Қазақстан» павильоны басты екі аймаққа бөлінетін болады. Павильонның бірінші бөлігінде еліміздің ландшафты, мәдениеті, тарихы, болашақта қолға алынатын жобалары көрсетіледі. «Жасампаз энергия» аймағында көрмеге сай тақырыпты қамтитын отандық ғалымдардың ең үздік жобалары көрсетіледі. Бұдан өзге, ұлттық павильонымыздың орталық бөлігінде еліміздің өңірлерінде жүзеге асқан және қолға алынған «Жасыл экономика» мен «Токамақ термоядролық материалтану реакторы» жобалары да таныстырылды. Токамактың ITER деңгейіндегі энергияға қосылған материалдарды сынақтан өткізуге және зерттеуге арналған термоядролық қондырғы екенін, сондай-ақ болашақ энергиялық термоядролық реакторлар жобасы құрайды.
Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық маман­дандырылған көрмесінің ашылуы барысында БҰҰ деңгейінде екі шара жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астанада Орнықты даму мүддесіндегі энергетикалық халықаралық форумы және Энергетика мәселелері жөніндегі министрліктер отырысы өткізілмек. Энергетика ұлттық дамуға, жаһандық экономикалық өсімге септік тигізеді және 2015 жылдың күзіндегі БҰҰ Саммитінде әлемдік көшбасшылар бекіткен Орнықты Даму Мақсатының 17-сінің негізін құрайды. Осыған байланысты жаңартылатын энергия өндірісін дамыту және тұтынуды арттыру міндеттері 2030 жылға қарай климат өзгеруінің орнықтылығына, экономикалық өсім мен кедейлік ауқымын қысқартуға көмегін тигізеді. Астанада өтетін энергетика мәселелері жөніндегі Халықаралық форум мен Министрліктер отырысы Қазақстанның БҰҰ Өңірлік бес комиссиясымен, Халықаралық энергетика агенттігімен, Дүниежүзілік банкпен, Өнеркәсіптік даму жөніндегі БҰҰ мекемелерімен, Энергия тиімділігі жөніндегі Копенгаген орта­лығымен, ХХІ ғасырдағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы саясат жөніндегі қауым­дастықпен ынтымақтастық аясында ұйымдас­тырылады. Айта кетерлігі, орнықты дамуға ар­налған Энергетика мәселелері жөніндегі сегізінші Халықаралық форум алғаш рет Министрліктер отырысымен біріктіріліп өткізіледі. Мұның өзі энергетика саласындағы саяси шешімдер қабылдайтын жауапты қызметкерлермен өзара үйлесімділікті арттыруға бағытталған Қазақстанның күш-жігерін нақты көрсетіп отыр. Министрліктер отырысына энергетика саласының министрлері, басқа да жауапты тұлғалар, сонымен бірге халықаралық ұйым өкілдері, халықаралық сарапшылар, іскерлік топтар, қаржы секторы мен азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Онда қатысушылар 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін жүзеге асыру үшін энергетикалық сектордың қосатын үлесі туралы пікір алмаспақ. Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Қазақстан делегациясы «Алға қарай жедел қадам – бірлесе отырып» атты тақырыпта өткен Баршаға арналған орнықты энергетика (SE4All) жөніндегі үшінші форумға қатысқан болатын. Оған үкімет, іскерлік топтар, азаматтық қоғам мен халықаралық ұйым өкілдері қатысып, қоршаған ортаға әсері жоғары елдердегі энергия тиімділікті арттыру мүмкіндіктері талқыланған еді. Алқалы басқосуда шараға қатысушыларға «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы ақпараттар таратылды.

Cалтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X