Валюта бағамы: $ 311.2 347.77 5.52 ¥ 45.17

КІЛ ЖҮЙРІКТЕ КІМ ЖҮЙРІК?!

Алматы марафонының үздіктері анықталды

Алматыда дәстүрлі VI қайырымдылық марафоны жарысы өтті. Дүбірлі додада еліміздің бүкіл аймағы мен көршілес Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен 13 мыңға жуық әуесқой спортшылар бақ сынады.

Марафондық жүгіру жарысы Президент паркінде бастау алды. Шараның ашылуында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров сөз алып, бұл марафонның бұқаралық спортты дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Қатысушылар арасында өнер, спорт жұлдыздары да болды. Марафон басталар алдында түрлі компаниялар, фирмалар, университеттер, қоғамдық бірлестіктер өздерінің акцияларын өткізіп, командаларын таныстырды.
Жарыс Орталық стадион жанында мәресіне жетті және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де осында жүргізілді. 42 шақырымдық марафондық қашықтықта Ресейдің Барнауыл өлкесінен келген Николай Григоров жеңімпаз атанды. Ол аталмыш қашықтықта 2 сағат 30 минут, 08 секунд уақытта бағындырды. Жерлестеріміз жүлделі орыннан көрінді. Өскемендік Әмір Байтұқанов (2 сағат 33 минут, 07 секунд) – екінші, астаналық Айдын Қасен (2 сағат 35 минут, 50 секунд) – үшінші орынға табан тіреді. Ал қыздар бәсекесінде алматылық Полина Репина (3 сағат 16 минут, 11 секунд) уақытымен үздік атанды. Сонымен қатар алматылық Алена Уварова (3 сағат, 23 минут, 07 секунд)) күміспен, семейлік Мария Киреева (3 сағат, 23 минут, 11 секунд) қола жүлдеге ие болды.
Жартылай марафонда Алексей Гусаров (1 сағат, 12 минут, 39 секунд), 10 шақырымда Максим Крят (31 минут, 01 секунд), 3 шақырымда Руслан Наумов (10 минут, 47 секунд) көрсеткішімен топ жарды. Скандинавиялық таяқшамен жүру бойынша 2 сағат, 09 минут, 11 секундта келген Георгий Прощенко бірінші орыннан көрінді. Ал командалық эстафеталық экиден жарысы өте қызықты әрі тартысты дәрежеде өрбіді. 78 команда қатысқан бұл сайыста «Батыр» Президенттік полкінен құралған 6 әуесқой спортшы 42 шақырымды 02 сағат 31 минут 24 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.
Жарысқа қатысқан барлық әуесқой спортшылар естелік медальдарына ие болды. Сонымен қатар әртүрлі жас санаттағылар бойынша жүлделі орынға ие болған ардагер желаяқтар да марапатталды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X