Валюта бағамы: $ 311.2 347.77 5.52 ¥ 45.17

Астана – Ашхабад: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Бұл – Түрікменстан басшысының таяуда өткен президент сайлауынан кейінгі алғашқы сапары. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жеріне келген Г.Бердімұхамедовке сәттілік тілеп, сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті екі ел бір-бірінің бастамаларын өзара толық қолдайтынын атап өтті. Түрікменстан – Қазақстанның өңірдегі маңызды серіктесі әрі одақтасы. Бір-бірімен бауырлас әрі тату көрші екі елдің халқын ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады.
Г.Бердімұхамедов Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Түрікменстанның әрдайым достық, тату көршілік, өзара құрмет қағидаттарын ұстанатынын және қазіргі даму кезеңінде осы ұстанымдарды басшылыққа алып, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып отырғанын жеткізді.

Екі мемлекеттің көшбасшылары Қазақстан мен Түрікменстанның кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастығына бұл сапардың тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесуден кейін кеңейтілген құрамда жал­ғасқан келіссөздер барысында атап өтілген­дей, екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағаннан бергі ширек ғасыр ішінде жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастық дами түсті. Осы ретте басқа да салалар бойынша өзара тиімді байланыстардың қанат жаюының ма­ңыз­дылығына назар аударылды.
– Бүгін біз Қазақстан мен Түрікменстан ара­сындағы стратегиялық серіктестік туралы аса маңызды шартқа қол қоямыз. Осы келісімнің арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа ке­зе­ңіне өткелі тұр. Біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Шекараға қатысты түйткілді мәселелері мүлдем жоқ елдер біздің екі мемлекеттеріміз ғана болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталған соң Қазақстан мен Түрікменстан елдерінің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады.
Қазақстан Президенті екі елдің премьер-ми­нис­трлерінің орынбасарлары төрағалық ете­тін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкі­метаралық комиссия екіжақты ынтымақтас­тық­тың негізгі міндеттеріне қол жеткізуде ерекше рөл атқаратынын, келіссөздер барысын­да тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфра­құры­лым­дық жобаларға қатысуына, сондай-ақ тран­зит-көлік саласындағы өзара іс-қимылға назар аударғанын атап өтті.
– «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір­жолы­ның іске қосылуын транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл саласындағы тарихи оқиға деуге болады. Өзара тауар айналымын ұлғайту ісінде екі елдің кәсіпкерлері осы артықшылықты пайдалана білгені жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында су-энергетика саласы және Аралды құтқаруға арналған халықаралық қор қызметін жандандыру мәселесі арнайы қозғалғанына назар аударды.
– Орталық Азиядағы шекаралас өзендердің су ресурстары ортақ игілік болып саналатынын тағы да мақұлдадық. Оларды орнымен пайдалану ондаған миллион адамның тағдырына әсер етеді. Биыл Аралды құтқаруға арналған халықаралық қорға төрағалық ету міндеті Түрікменстанға көшті, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Прези­ден­тін Қазақстан Республикасына мемлекет­тік сапарының соңына қарай бірінші дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапаттады.
Түрікменстан Президентінің Қазақстан Рес­пуб­ликасына мемлекеттік сапарының қоры­тын­­дысы бойынша екі ел президенттерінің бір­­лескен мәлімдемесі қабылданды, екі ел ара­сындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартқа, Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісімге, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық бір­қатар құжаттарға қол қойылды.

* * *

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік ке­ңе­сінің бірінші вице-премьері Чжан Гаолимен кез­десті.
Мемлекет басшысы кездесуде ҚХР Мем­лекеттік кеңесінің бірінші вице-премьеріне сәттілік тілеп, екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Қазақстан мен Қытай арасында серік­тес­тіктің ерекше моделі қалыптасқан. Біз энер­гети­калық және басқа да салаларда ынты­мақ­тастық орнатып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» атты халық­аралық форумға шақырғанына алғыс білдіріп, бұл іс-шараға қатысуға дайын екенін жеткізді.
– Алдымызда бізді көптеген бірлескен жұмыс күтіп тұр. «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысу үшін Бейжіңге баратын сапарым барысында біз «Нұрлы жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жолдарын жан-жақты талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Чжан Гаоли ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Президентіне жолдаған сәлемін жеткізіп, Ынтымақтастық жөніндегі комитет отырысы аясында жаңа уағдаластықтар жасалғанын атап өтті.
ҚХР вице-премьері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жө­ніндегі таяудағы бастамаларының маңыз­ды­лығына тоқталып өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті еліміздегі өзгерістердің іске асырылуына қолдау көрсеткені үшін ҚХР басшылығына алғыс білдіріп, сауда және экономика саласы бойынша екі ел арасындағы байланыстар нығая түседі деп үміттенетінін жеткізді.

* * *

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасына сапары аясында 14 сәуірде Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.
Шағын құрамдағы отырыс барысында тараптар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті жайттарын, халықаралық ынтымақтастық пен Еуразия кеңістігіндегі одан әрі интеграциялану мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында осыдан үш жыл бұрын Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың орындалуына байланысты негізгі тұстарға тоқталды, бұл жиынға Молдова Президенті И.Додон да қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасу кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды және күрделі геосаяси жағдай қатерлерін еңсере білгенін атап өтті.
Отырыс қорытындысында ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісім туралы құжат қабылданды. Сондай-ақ тараптар ЕАЭО жанынан бақылаушы мемлекет мәртебесінің берілуі туралы Молдова Республикасының өтінішін қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сол күні Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ұйымды одан ары дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқы­лады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X