Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Рухани жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» деген тақырыпта Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің 12 сәуір күнгі санында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұны терең, ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Ш.Уәлиханов атын­­дағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымы­ның докторы, профессор Е.Қажыбек, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университе­ті­нің мәдениеттану және дінтану кафе­драсының профессоры, фи­лософия ғылымдарының докторы Ж.Молдабеков, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдары­ның докторы, профессор Б.Қапалбеков және белгілі аграршы ғалым­дар, университеттің оқытушы-про­фес­сорлық құрамы, студенттер, ма­гис­транттар мен докторанттар қатысты.
Дөңгелек үстелді ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов жүр­гізіп, көпшілікке «Ұлттық жаң­ғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі» тақы­рыбындағы баяндамасын ұсынды.
Ректор өз сөзінде еліміздің рухани кемелденуін негізге алған Елбасы мақаласында айтылған кемеңгерлік ойлар мен идеологиямызды нығайтуға қатысты тың ұсыныстар қазақ қоғамына ерекше серпіліс бергенін атап өтті. Тілектес Исабайұлының айтуынша, мақаланың «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Елбасы: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біз­дің қанымызда бар қасиет. Біз жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабі­летті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсін­гендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жө­нінен әлемдегі ең ал­дың­ғы қатарлы елдердің санатына қо­сы­лып отырмыз», – деп, озық бі­лім мен ғылымды игерген елдің келешегі зор болатынына баса назар аудартты. Осы орайда Елбасымыз ел жастарына үлкен үміт артып отыр.
– Біздің университеттегі сту­денттердің 90 пайыздан астамы – ауыл жастары. Сондықтан, мемлекет жүктеген міндеттер бойынша біз еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыларға заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасап отырмыз. Біздің мақсатымыз – студенттерімізге за­манауи білім беріп қана қоймай, олардың ел мен жердің қасиетін бағалайтын, Ұлы даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауыл­дың зия­лысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру, – деп атап өтті Тілектес Есполов.
Жиын барысында Ерден Задаұлы, филология ғылым­да­рының докторы Хангелді Махмұтұлы, университе­тіміз­дің «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедра­сының меңгерушісі, саяси ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Сайын Борбасов, оқу орнының магистранты, Президенттік сти­пен­дияның иегері Аяулым Нұрым және басқа да белсенді жастарымыз өз пікірлерін ортаға салды.

Сағындық САТЫБАЛДИН,
экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қауіп-қатерлерге жан-жақты баға бере отырып, еліміздің рухани жаңғыру жолындағы басты бағыттарын айқындап берді.
Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан еліміздің жаһандық болмыс жағдайында бәсекеге қабілетті болуы, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуы әрбір Қазақстан азаматының жаңаша ойлауын, қоғамдық сананың жаңғыруын талап етеді. Бүгінгідей зымыран уақыт көшіне ілесу, яғни кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу – білім мен ғылым жетістіктерін меңгермей мүмкін емес.
Жаңғырудың жарқын үлгісі ретінде пайымдалған прагматизм негізінде қоғамдық сананы жаңартуға қатысу, болашақты болжап, оны тиімді қолдана білу – ертеңі кемел ұлттың айқын мақсаты деп білемін. Бар саладағы жаңғыру арқылы біз жарқын болашаққа жол саламыз.

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ҰҒА Құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан халқына биылғы Жолдауында белгілеп берген ел дамуының үшінші жаңғыру кезеңіндегі саяси-экономикалық кемелденулерді рухани нәрлендіру, ізгі руханиятқа бағдарлау арқылы қазақстандық жаңа өрлеуді толыққанды етудің соны үлгісі ұсынылып отыр деп білеміз.
Мемлекет басшысы еліміздің рухани жаңғыруы мен білімді ұлт, бояу-болмысын жоғалтпаған жұрт атануының сара жолын көрсетіп берді. Рухани жаңғырту арқылы ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпы адамзаттық құндылықтармен байыта аламыз. Жаhандық бәсекеге қабілеттілікте жеделдетілген технологиялық жаңғырту басымдығына көшу қажеттігінің алғы шартта болуы, бұл білім және ғылым саласының иелеріне нағыз прагматикалық, нақты әрі түйінді, еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерге бағытталып отыр. Яғни біз технология мен инновацияға, жаңа экономика салаларын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға баса мән бере отырып, кез келген халықтың дамуында баға жетпес рөл атқаратын рухани негіздерді де естен шығармауға тиіспіз.
Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Мемлекет басшысының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», дегеніндей, бүгінгі жасампаз болмысымыздан озық, оны алға бастайтын идеяларды көріп отырмыз. Біздің білім берудегі бүгінгі үдерісіміздің даму жалғасы әрі бағдары ретінде мақалада «Білімнің салтанат құруы» деп арнайы айдарлап орын беріліп, «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп тұжырымдалуы біздерге жаңа, қуатты серпін береді. Бұл – жастарымыз басымдық беретін мәселелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт екендігін көрсетеді. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Яғни білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X