Валюта бағамы: $ 326.97 381.05 5.45 ¥ 48.44

Себептен – нәтижеге көшетін кез келді

Сейсенбіде өткен кезекті жиында Үкімет мүшелері биылғы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын талқылады. Негізгі тақырыпқа көшпес бұрын Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев күннің күрделі мәселесі – аймақтардағы су тасқыны жағдайы бойынша әкімдер мен ішкі істер министрінің есебін тыңдады.

Соңғы күндері еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында қардың жылдам еруіне байланысты су қоймаларында су деңгейі күрт көтеріліп, елді мекендер мен жолдарды басып жатыр. Көктемгі су тасқыны қаупіне дайындық мәселесі бұған дейін де жан-жақты пысықталып, бүге-шігесімен бақылауға алынған еді. Алайда, қашқын су бұл жолы да ұстатпай, уыстан шығып кетті. Төтенше жағдай жөнінде баяндаған еліміздің ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, өткен аптада қардың күрт еріп, нөсер жауынның салдарынан су тасқыны қаупі күшейіп, өзендер мен су қоймаларындағы судың деңгейі көтерілген. Бүгінгі күні 7 өңірдің 52 елді мекеніне тасқын судың зияны тиіп отыр. Өңірлерде 1949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайды. Қазіргі сәтте оның 63-і қайта қалпына келтірілді. Ең күрделі жағдай Ақмола облысында орын алуда. Онда 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2 418 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Атбасарда Жабай өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, өткен жылы салынған қорғаныс бөгетті бұзып кетті, 269 үй су астында қалды, 130-дан астам үйді су басу қаупі бар. Сондай-ақ, министр алдағы аптада Нұра, Есіл, Жабай және Колутон өзендеріндегі су деңгейінің артуы болжануына байланысты Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы ахуал күрделене түсуі мүмкін екендігін жеткізді. Оған қоса, Астана су қоймасынан су ағызу көлемін секундына 40-тан 1 200 текше метрге дейін, яғни 30 есеге күрт арттырудың нәтижесінде Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты бір елді мекенді су басты. Елорданы және қала маңындағы елді мекендерді су басуына жол бермеу үшін тасқын суды Астана су реттегішіне бұру басталды. Су реттегішке 132 млн. текше метр су құйылды, шекті норма 450 млн. текше метр. Оның сөзіне қарағанда, Астана су реттегішіне су құйылу деңгейінің жоғары шегі сақталған жағдайда ол алдағы 3 күннің ішінде лық толып, бөгетті бұзу қаупі туындайды. Осыған байланысты судың артық көлемін Астана және Ақмола облысының төменде орналасқан елді мекендері арқылы қауіпсіз ағызу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қазір еліміз бойынша су басқан аймақтардан 6 мың адам, 87 мың бастан астам мал қауіпсіз жерге шығарылған. Су тасқыны салдарын жою үшін қауіпті учаскелерге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды.
«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды», демекші, мәселе сол баяғы жартас – бір жартас күйінде қалып отыр. Жұмыс жүргізіп жатырмыз десек те, келеңсіз жайттар орын алуда. Табиғи апат айтып келмейді. Дегенмен, осыны білгендіктен де, тосын жағдайларға қарсы өзіміздің іс-шараларымыз дайын болуы тиіс. Көп жағдайда өзіміздің жіберіп отырған қателіктерімізден осындай жайттар орын алып отыр», деді Б.Сағынтаев бұл мәселеге қатысты. Үкімет басшысы министр мен әкімдерге төтенше жағдайдың ары қарай өршуіне жол бермеу үшін мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Күн тәртібіне шығарылған негізгі тақырып – биылғы І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы болатын. Бұл бойынша баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасында өткен жылдың І жарты­жылдығында қатты байқалған сыртқы жағымсыз әсерлер қазір толығымен жойылғанын атап өтті. Осыған орай, Қазақстан экономикасының жаңа сыртқы жағдайларға бейімделу кезеңінің аяқталып, қалпына келтіру өсіміне қарай ауысқанын атап айтуға болады. Алдын-ала деректер бойынша, 2017 жылдың І тоқсанында елдің ІЖӨ 3%-ке өскен, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде азғантай қысқару байқалған болатын. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салалары экономика өсімінің драйверлеріне айналды. Өнеркәсіп саласы 5,8%-ке ұлғайтылып, оң нәтижесін көрсетті, өткен 2016 жылдың сәйкес кезеңінде 0,8%-ке төмендеу байқалған болатын. Ағымдағы жылдың басында тау-кен өнеркәсібі де көрсеткіштерді жақсарта түсіп, өнеркәсіптік өндіріс қарқынында үдерісті жалғастыруда. ІЖӨ өсіміне ауыл шаруашылығындағы өндірістің 2,9%-ке арт­қаны да оң әсерін тигізген.
Биылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспарланған көрсеткіштерден асты. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндауынша, мемлекеттік бюджет шығындары 97% орындалды. «Республикалық бюджет бойынша игеру 98%-ті құрады, бұл жергілікті бюджеттерге қарағанда жақсырақ. Өңірлік бюджеттер 97%-ке атқарылды. Республикалық бюджет шығындары 2 065 млрд. теңгені құрады. Бұл биыл жергілікті қаржы тиімсіз басқарылып, оны жоспарлаудың сапасы төмендегенін білдіреді. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 857 млрд. теңгеге игерілді. 27 млрд. теңге орындалмады. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 339 млрд. теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (135 млрд. теңге). Өсу барлық өңірлерде орын алды. Бұл жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды және жоспарлаудың сапасы төмендегенін көрсетеді. Бюджетті уақытын­да нақтылау кезінде осы қаражат басым шығыстар­ды қаржы­ландыруға бағытталатын еді», деді Б.Сұлтанов.
Бұл тұста Үкімет басшысы мұндай жағдайдың орын алуының негізсіз екенін айтты. «Бізде сол бір нәрсе жылдан-жылға қайталанады – сапасыз жоспарлау мен конкурстардың уақытылы өткізілмеуі орын алады. Орталықтандырылған деңгейде еш про­блема жоқ. Демек, мәселе әкімшілер мен жер­гілікті жерлерге келіп тіреледі», деді Б. Сағынтаев.
Премьер-министр биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыруды арттыру арқылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қаржыландыру жоспарын түзету қажеттігін атады. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру бойынша пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алулар бойынша сәйкес заң жобасын уақытылы ұсыну тапсырылды.
Сонымен қатар, отырыс барысында министр­лік­тердің басшылары Үкімет басшысына биылғы жылдың І тоқсанындағы экономика өсімінің мақ­сатты көрсеткіштерінің орындалу барысы туралы есеп берді.
Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдаған соң Бақытжан Сағынтаев 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалып отырғанын айтты. «Бұл орайда мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмеген қызмет түрлері мен салалар бойынша сарапшылар бағалауына сәйкес, экономиканың қосымша өсімі 0,55 пайыздық пунктке жетуі мүмкін еді. Мұны экономика өсімін қамтамасыз етуде қолда бар резервтер дәлелдейді. Біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, ешқандай себептер қабылданбайды, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімде экономиканың 5% өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрліктердің басшыларының назарын әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігіне аударамын», деді Б. Сағынтаев. Премьер-министр салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына мақсатты өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырып, бұл көрсеткіш жақсы бастама болып табылатынын, алайда бірінші тоқсандағы жетістіктер немқұрайдылыққа себеп болмауы тиіс екенін баса айтты.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X