Валюта бағамы: $ 333.32 392.58 5.64 ¥ 50.02

КӨРМЕ ҚЫЗЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚЫЗДЫРАМЫЗ?

ЭКСПО – әлем назарында 

Енді үш айға толар-толмас уақыттың ішінде еліміздің бас қаласы Астанада Халықаралық мамандырылған ЭКСПО – 2017 көрмесі басталады. Аталмыш шараға дүниежүзінің барлық халқы қызыға қарап отыр. Әлем назарында болып отырған көрмеге әсіресе көрші Қытай елі мән беруде.

Осыған орай Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде «Астана – ШЫҰ саммитінің және ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің астанасы» атты бейнетаныстырылымы мен фотокөрмесі өтті.
Шара ШЫҰ мен ҚР Қытайдағы елшілігі тарапынан ұйымдастырылды. Оған Бейжіңде жұмыс сапарымен болған Астана әкімі Әсет Исекешев пен ШЫҰ-на мүше елдердің дипломаттары қатысты. Өзінің сөзінде елорда әкімі Әсет Исекешев Астананың ШЫҰ саммиті мен ЭКСПО – 2017 көрмесіне дайын­дығы туралы айтты. Ал Қазақстанның Қытайдағы елшісі Ш.Нұрышев болса, Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы туралы сөз қозғады.
Ал Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігі Душанбе қаласының жоғары оқу орындары студент­терінің қатысуымен ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін шетелде насихаттауға бағытталған шара өткізді. Шара барысында Қазақ­станның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов студенттерге халықаралық көрме және оған дайын­дық барысы туралы айтып берді. Сонымен қатар студенттерге көрме туралы бейнеролик көрсетіліп, ЭКСПО – 2017 логотипі бар жейде мен бас киімдер, ақпараттық-имидждік материалдар таратылды. Тәжік жастары Астанада өтетін ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбы гидроэнергетикалық ресурстарға бай Тәжікстан үшін барынша өзекті екендігін атап өтті. Сонымен қатар олар Қазақстан ЭКСПО – 2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізетіндігіне сенім білдірді. Тәжік студенттерінің пайымынша, бұл халықаралық шара бүкіл әлемнің, соның ішінде Орталық Азия өңірінің экологиялық проблемаларын шешуге ықпал ететін болады. Шара соңында елші Нұрлан Сейтімов студенттердің барлық сауалдарына тұщымды жауап берді.
Үш айға созылатын ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде елорда жолдарында кептеліс болмайды. Бұл туралы Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Елжан Чупеков мәлім етті. Баспасөз мәс­лихатында Астана қаласындағы жол жөндеу жұ­мыс­тарына 5,5 миллиард теңге бөлінгені және екі ай көлемінде айларында сол жағалау көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар көшелердің уақытша жабылатыны хабарланды.
Ұлыбритания үшін ЭКСПО – 2017 көрмесі – мүмкіндіктер алаңы болғалы отыр. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Бірік­кен Корольдіктің Сауда және инвестициялар мем­лекеттік министрі Грег Хэндс, Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 Ұлттық комиссары Чарльз Хендри, павильонның бас дизайнері Асиф Хан, сондай-ақ, британ үкіметінің және парламентінің, іскерлік және сарапшы топтарының өкілдері қатысты. Ұлыбритания – өзінің ЭКСПО – 2017 көрмесіне қа­ты­суын алғашқылардың қатарында растап, Ұлт­тық комиссарын тағайындаған және өз павильоны дизайнының тұсаукесерін өткізген елдердің бірі атанды. Біріккен Корольдіктің бұл жаһандық форумға қатысуы оның Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестік құруға және оны дамытуға бейілділігі­нің айғағы. Е.Ыдырысов Қазақстанның мұндай халықаралық көрмені өткізетін Орта Азиядағы және ТМД-дағы тұңғыш мемлекет болатындығын атап өтті. ЭКСПО – 2017 біздің еліміз үшін тарихтағы аса маңызды жаһандық форумдардың бірі болады. Өз кезегінде Біріккен Корольдіктің Сауда және инвестициялар мемлекеттік министрі, Қазақстан-Ұлыбритания ҮАК тең төрағасы Г.Хэндс екі ел ара­сындағы қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқандығына баса назар аударды. Сонымен бірге, Ұлыбританияның ЭКСПО – 2017 ұлттық комиссары Ч.Хендри де британ тарапы үшін бұл көрме Қазақстанмен және көрмеге қатысушы өзге елдермен бизнес саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған айрықша мүмкіндік екендігін тілге тиек етті. ЭКСПО-2017 көрмесіндегі британдық павильонның тақырыбы – «Біз – энергиямыз». Бас дизайнер Асиф Ханның шешімі бойынша британдық павильон қа­зақтың киіз үйі пішіндес болатын көрінеді.
ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырыл­ған көрмесіне қатысуға ниет білдіруші мемлекеттер мен ұйымдардан өтініш қабылдау аяқталды. Әлемдік маңызы бар шараның кезеңдік қорытындысына орай «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы коммерциялық департаменті директорының орынбасары Илья Оразақов бас­пасөз мәслихатын өткізді. Елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне нақты 115 ел қатысатын болды. Бұлардың басым бөлігі көрме аумағында орналасқан павильондарында дайындық жұмыс­тарын бастап кетті. 20 ірі халықаралық ұйы­мның өтініші ресімделді. Айта кетерлігі, биылғы көрмеге қатысатын мемлекеттер мен ұйымдар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы өкілі халықаралық шарадағы павильондар қатысушы мемлекеттер­ге тегін берілетіндігін жеткізді. Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, бұл арнайы келісімшарт негізінде жүргізіледі. Барлық ел павильондарды арендасыз ала алады. Бірақ, әр мемлекет өз павильондарын және аумағын жабдықтау, қажетті құрылыс жұмыстарын жүргізу ақысын мойнына алады. Дегенмен, халықаралық ұйымдар көрмеге қатысуға әлі де өтініш бере алады екен. Көрмеге қатысатын әрбір мемлекет келген қонақтарды өздерінің инновациялық өнімдерімен, мәдениетімен, шоуларымен таңғалдыратын болады. Себебі, ұйымдастырушылар бұдан былай көрмеге қойылатын жобалардың мазмұнына назар аударады.
ЭКСПО ауқымында салынатын нысандар бо­ла­шақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халық­аралық, көрме және ақпараттық-танысты­ры­лымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Елге шетелдік инвестициялар тартылып, бизнес-туризмнің дамуына жол ашады. Әсем Астана қарыштап өсіп, бұрынғыдан да өршіл мақсаттарды жүзеге асыруға жаңа серпін алады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X