Валюта бағамы: $ 311.2 347.77 5.52 ¥ 45.17

Қазақ әншісінің Қытайдағы жеңісі

Димаш Құдайберген «Singer – 2017» ән байқауында екінші орынды жеңіп алды

Күллі әлемнің назарын өзіне ерекше аударған бұл үлкен өнер сайысында қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің маңдайы ерекше жарқырады. Димаштың бұл аламан өнер бәйгесінде топ жарып, бірінші көрінетініне ешкімнің шүбәсі жоқ еді. Бірақ, «Су да жақынына тартады» дегендей, қытайлықтар алдымызды орап кетті. Димаш Қытайдың Хунань телеарнасының «Singer – 2017» ән байқауының ақтық бәсекесінде өнер көрсетіп, екінші орынды қанағат тұтты.
Сонымен, он кезеңге созылған байқау өз мәресіне жетті. Байқау қорытынсында қытай әншісі, Гонконг қаласының тумасы Лин Илиан (Sandy Lam) бірінші орынды иеленді. Ал тайваньдық «Арыстан» (Lion) тобы үшінші орынға қол жеткізді.

Шешуші бәсекеде Димаш Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның «The Way You Make Me Feel», «Erth song» және «Billie Jean» әндерін шырқады. Сондай-ақ, көрермендер Димаштың барабан аспабындағы өнеріне тәнті болды. Ақтық бәсекеде тоғыз жұп өнер көрсетті. Ду Лиша (Teresa Carpio) және Пэн Джияхуэй жартылай финалда соңғы орында болғандығы себепті бір жұп болып өнер көрсетіп, қалған сегіз жұппен бәсекеге түсу мүмкіндігінен айырылған еді.
«Singer – 2017» реалити-шоуы – Корея Республикасы MBC телеарнасы «I am singer» әншілер жарысы реалити-шоуының қытайлық нұсқасы. Ән байқауы Қытайдың Хунань телеарнасынан 2013 жылдан бастап эфирде көрсетіле бастады. Жобаға Қытай эстрадасының жарық жұлдыздары, сондай-ақ Корея, Макао, Гонконг, Сингапурдан Қытайға аты мәлім әншілер шақырылған еді. Сондықтан тележоба елде ерекше танымалдыққа ие болды. «I am singer» теле-шоуының бесінші маусымы 2017 жылы Қытай үкіметінің Корей ойын-сауық мәдениетіне шектеу қоюының салдарынан «Singer – 2017» болып өзгертілді де, мазмұны мен байқау шарттары жаңартылды.
Димаш Құдайберген – байқаудағы ең алғашқы Қытай мәдениетіне жақын емес ұлт өкілі. Әйтсе де, Димаштың ерекше таланты бұл жоба арқылы күллі әлемге танылды. Отандасымыз байқаудың он кезеңнен тұратын іріктеу бәсекесінде үш рет бірінші орын алды.
Әлемге танылған қазақстандық әнші қытайлық БАҚ-қа берген сұхбатында сайыс қорытындысына қарамастан, өзін жеңімпаз деп санайтынын мәлімдеді. Осы орайда оның осы дүбірлі бәсеке кезінде қол жеткен жетістіктері ойымызға тағы оралады. Осы жылдың 21 қаңтарында Қытайдың Хунань провинциясындағы Чанша қаласында өткен «Singer-2017» байқауының бірінші кезеңінде Димаш Құдайберген «SOS d’un terrien en détresse» атты әнді шырқады. Сонда көрермендер мен шоу қатысушылары, белгілі әншілер қазақстандық әншінің дарынына таңданыстарын жасырмады. Қытайлық Sina Weibo (Твиттердің аналогы) әлеуметтік желісінде әнші туралы микроблогтар саны бір сағатта 118 мыңға жетті.
2017 жылғы 28 қаңтарда телеэфирге Singer-2017 екінші кезеңінің жазбасы шықты. Онда Димаш ресейлік Витастың «Опера №2» әнін орындап, 1-ші орынды жеңіп алды. Қытайлық жобаның үшінші және төртінші кезеңдерінде қазақстандық әнші тұрақты түрде бірінші үштікте болды. Үшінші кезеңде Димаш аты аңызға айналған Queen тобының «The Show Must Go On» әнін орындаса, төртіншіде – алғаш рет қытай тілінде гонконг әншісі және актері Джек Чунның «Күзгі мұң» әнін шырқады. Қытайлық көрермендер Димаштың қытай тілінде ән айту деңгейіне жоғары баға берді. Бесінші турда Димаш өзгеше стильдегі Bruno Marsтың «Uptown Funk» әнін орындап, 5-ші орынды иеленді. Алтыншы кезеңде рояльдың сүйемелдеумен қазақстандық әнші әлемге танымал әнші Лара Фабианның Adagio әнін орындап, бірінші орын алды. Мұның алдында ол Димашты кездесуге шақырған болатын. Көрермендер көздеріне жас алып, Димашқа орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
4 наурызда Хунань телевидениесінің эфиріне байқаудың жетінші кезеңіне шықты. Онда Димаш үшінші орын алды. Ақ түсті ұлттық костюммен шығып, студенттерден құрылған Қазақ ұлттық өнер университетінің халық-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың «Дайдидау» әнін орындады. Қазақ әншісі орындаған ән қытайлықтарды теңіздей толқытып жіберді. Бұдан кейін ол байқаудан тыс қазақтың «Ой Жайлау», «Дударай» және «Анаға сәлем» әндерін орындады. Осылайша қазақ әндері аспан елінің көгінде аққудай қалықтады.
8-ші кезеңде тамағы ауырып тұрғанына қарамастан, Димаш қытайлық белгілі әнші Хань Хунның «Таң шапағы» әнін, 9-шы турда канадалық әнші Селин Дионның «All by myself» композициясын орындады. 10-шы кезеңде ақын Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Ұмытылмас күн» әнін шырқап, байқаудың финалына өтті. Бұл әнге музыканы Димаш Құдайбергеновтің өзі жазған. 8 сәуірде финалдың бірінші күні ол итальяндық Андриано Челентаноның «Confessa» әні мен «Бесінші элемент» фильмінен Дива Плавалагуанның ариясын орындады.
Димаш Құдайбергенов Алматыда 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы 28-ші Универсиаданың ашылуында да өнер көрсетті, Джеки Чанмен танысып, достасып үлгерді. Сондай-ақ, ол «Қытайды таны» қозғалысының алғашқы ресми өкілі атанды. Ақпанда Димаш Құдайбергенов Қытайда түпнұсқасы бар «Men’s Health» журналының наурыздағы нөміріне сұхбат беріп, суретке түсті. Димашқа арналған мақала өзі айтқан «Мен қазірдің өзінде жеңімпазбын» деген атаумен аталды. Сәуірдің басында Димаштың орындауында саундтрек, содан соң қытайлық Battle of memories («Естеліктер айқасы») фильміне бейнебаяны шықты. Бұл бейнебаян бірінші шыққан күні Қытайдағы ITunes QQ тобында көп тыңдалды. Байқауға қатысқан уақыттан бастап Димаштың күллі әлемдік жанкүйерлер тобы пайда болды – олар жас әншіге өлеңдер арнап, оның суреттерін салды. Димаштың сыртқы келбетіне еліктеп, тіпті қазақ тілін үйрене бастағандар көбейді. Димаш аспан асты елінде 10 ең танмал жұлдыз (әншілер ғана емес, актерлер жүргізушілер және т.б.) рейтингін бастады. Рейтинг Интернетте есімі жиі ізделетін әртістің видеосын көрушілер саны, телевизиялық рейтинг, т.б. бойынша есеппен жасалады. Димаштың Қытайдағы сенсациялық танымалдылығы өте зор. Мұны қытай жанкүйерлерінің бірі құм анимациясы әдісімен ол туралы түсірген видео да анық аңғартады. Бір апта өтпей жатып-ақ, бұл видео 5 миллионнан астам көрерменді жинаған.
Төрткүл әлемді күміс көмей, бұлбұл дауысымен тамсандырып, дүбірлі додадан маңдайы жарқырап келген дарабоз Димаштың жеңісіне бүкіл алаш жұртының куанғаны айдай анық жәйт. Бұл – ұлттық рухани жаңғырудың белгісі, қазақ өнері мен мәдениетінің жоғары өрлеуінің айқын нышаны. Димаш Құдайберген әлемдік өнер сайысында ұлт өнерін, ұлт рухын жаңаша қырынан жаңғырта білген талантты жас әнші ретінде танылды. Ол қарапайым азамат, өз елінің патриоты ретінде инстаграм желісіндегі жазбасында: «Біз жеңіске жеттік! Бұл жеңіс сіздердің құрметтеріңізге. Осы, қазіргі таңда емін-еркін, қалаған байқауымызға барып, әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетуімізге ерекше мүмкіндік берген, біздің заманауи Қазақстанның іргетасын қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен рахметімді айтқым келеді», – деп өзінің жүрекжарды лебізін білдіріпті.
Қытайдағы дүбірлі байқауда Димаш Құдайбергенов екінші орын алса да, қазақстандықтар оның өнерін жоғары бағалауда. Ақжолтай азамат, үлкен дарын иесі, қазақтың бұлбұл әншісі дәрежесіне көтерілген Димаштың әлі талай додаларда топ жарып, маңдайы жарқырап бірінші болып келетініне еш күмәнымыз жоқ.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X