Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Баспагерлер мен дизайнерлер бақ сынасты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспагерлік редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы еліміздің кітап баспаларына, газет-журнал редакцияларына білікті редакторлар және безендірушілер даярлаумен айналысуда. Бүгінде кафедраның дамыған ақпараттық-техникалық базасы, жеткілікті аудиториялық қоры бар. Қазіргі заманғы компьютерлік сынып, баспагерлік-дизайнерлік кешен, әлемдік Интернет желісі жұмыс істейді, әр үш ай сайын толықтырылып отыратын университеттің бай библиографиялық кешені қызмет көрсетеді.

Факультет пен кафедра базасында мамандардың білік­тілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі семинарлар өткізіліп, кәсіби техникалық және шығармашылық бағыттар бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде, кафедра оқытушылары мен студенттері ғылыми жұмыстарының жинақтары шығуда.
Кафедраның бүгінгі күні баспагерлік және дизайнерлік тәжірибемен тығыз байланысты. Болашақ жұмыс беру­шілермен кездесулер өткізу дәстүрге айналған: баспагерлермен, полиграфистермен, дизайнерлермен, баспа, газет-журнал редакторларымен бірлесіп дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары өткізіліп тұрады. Кафедра Алматы қаласында орналасқан баспалармен, кітапханалармен, полиграфия кәсіпорындарымен, кітап саудасы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Курстан-курсқа көшкен кафедра студенттері жетекші оқытушылар басшылығымен кітап-журнал басылымдарын шығарады. Сонымен қатар олардың университетке қатысты «Қазақ университеті» баспасында тұрақты тағылымдамадан өте алады.
Болаашақ мамандарды іріктеуде арнайы байқаулар мен конкурстардың алатын орны ерекше. Осы бағытта рес­пуб­ликалық «Болашақ баспагер, редактор, дизайнер» байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы сегізінші бай­қау барысында да үміткерлер сенім үдесінен көріне білді. Әділқазылардың әділ шешімен үш номинация бойынша сый-сияпаттар тапсырылды. Атап айтқанда «Ең үздік редактор» номинациясы бойынша бірінші орынды қазақ тобынан Аяулым Шопан, орыс тобынан Малика Мансурова иеленсе, «Ең үздік корректор» номинациясы бойынша бірінші орын алғандар Аманбек Бауыржан және Дали Жақсығұлов болды. Айжүрек Абетай мен Марина Ауданбай «Ең үздік дизайнер» номинациясы бойынша бірінші орын алды. Жүлделі орын алған жеңімпаздарға «Арыс», «ҚазАқпарат», «Ан-Арыс», «Көркем», «Қазақ уни­верситеті», «Ұлағат» баспалары, «Жезбұйда» жас­тар бір­лес­тігі шәкіртақылар тағайындады.

Бейсенбек СЕРІКБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X