Валюта бағамы: $ 340.11 407.93 5.91 ¥ 51.61

Қаржы саласын дамытуға бағытталған шаралар пысықталды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметінің қоры­тын­ды­лары жөнінде кеңес өткізді.

Қазақстан Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ә.Смайылов, Ұлттық банк төр­ағасы Д.Ақышев, Ұлттық экономика ми­нистрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары қатысқан кеңес барысында Елбасына Ұлттық банктің 2016 жылғы қызметінің қорытындылары жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік эконо­микалық дағдарыс жағ­дайында Ұлттық банк пен еліміздің қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
– «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабі­леттілік» атты жолдауда Үкімет пен Ұлттық банктің алдына әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде міндет қойылды. Ол үшін Оңтүстік Корея сияқты әлемнің бірқатар елдерінің табысты тәжірибесіне сүйену қажет. Бірақ инфляцияны кезең-кезеңімен төмендету 3-4% деңгейінде болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы қаржы секторындағы тұрақты­лыққа қауіп төндіріп отырған, үнемі кездесетін қатерлерге назар аударып, ұлттық экономиканы дамытудың қазіргі қарқыны жеткізіліксіз екенін айтты.
– Бұл мәселені шешу үшін макро­эко­номикалық тұрақтылыққа, банк секторын сауықтыруға және қор нарығын дамытуға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Қойылған міндеттерді іске асыруда Ұлттық банк басты рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Д.Ақышевтің мәліметіне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 13,6%-дан 8,5%-ға төмендеген. Биылғы наурызда бұл көрсеткіш 7,7% болды.
– 2017 жылдың соңында инфляция деңгейі 7%-ға жетіп, 2018 жылы одан әрі төмендейді деп жоспарлануда. Инфляция қарқыны бәсеңдеп келеді.
Айырбас бағамының аздаған ауыт­қулары орын алып отыр. Бұл ретте ол толығымен негізгі факторларға тәуелді. Ұлттық банк тарапынан былтырғы қыр­күйектен бастап интервенция жүргізіл­мегенін атап өткен жөн, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа 14 млрд АҚШ доллары көлемінде рекордтық мөлшердегі шетел инвестициясы келгені және елі­міздің сыртқы қарызы азайғаны туралы мәлімделді.
Д.Ақышев Қазақстан Президентіне Ұлттық банк пен Ұлттық қор резервтерінің ахуалы, монетарлық саясаттың іске асырылу барысы, валюта нарығының жағдайы, банк секторы мен қор нарығының дамуы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі, банк көрсететін қыз­меттердің цифрландырылуы, сондай-ақ осы саладағы жаңа сын-қатерлер туралы баяндады.
– Еліміздің банк секторын сауықтыру жөнінде шаралар қабылдауды тездету керек. Қажет болған жағдайда, акционерлер өз банктерін нақты ақша арқылы қайта капиталдандыруға тиіс. Сондай-ақ олар әлсіз банктерді біріктіруге бейімделуі тиіс, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ипотекалық қа­рыз про­блемаларын қайта қаржылан­дыру бағдарламасының іске асырылу мәсе­ле­леріне ерекше тоқталып, азамат­тар­дың қаржылық жауапкершілігін артты­рудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Ақышев ұсынған есепті мақұлдап, бірқатар нақты тапсырма берді.
– Үкімет пен Ұлттық банкке бұған дейін жүктелген міндеттерді шешу жөнінде келісілген іс-қимылдар әзірлеу тапсырылады. Отандық және халықаралық деңгейдегі былтырғы тәжірибені ескеріп, айырбас бағамы өзгеруінің түрлі жағдайындағы іс-қимылдың нақты алгоритмі пысықталсын. Экономиканы ұзақ мерзімге несиелеу көлемін арттыру мақсатымен шұ­ғыл депозиттерді көбейту шаралары әзір­ленсін. Қор нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандырып, валюталық ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу жөнінде ұсыныстар енгізілсін, – деді Қазақстан Президенті.

Рымтай Сағынбекова


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • platov
    24.04.2017 at 8:12 пп

    ___123___?аржы саласын дамыту?а ба?ыттал?ан шаралар пысы?талды — ЭКОНОМИКА Республикалы? апталы? газеті___123___

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X