Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Жұмыс жылдамдықты талап етеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды. Сонымен қатар, жиында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру жайы талқыланды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке Кешендік жоспар бойынша ұйымдарды жекешелендіруді жылдамдатып, 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырғаны мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстарға есеп берген Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл 280 ұйым, ал келесі жылы 84 ұйым сатуға шығарылады. «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ҰАК, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ТауКен Самұрық» ҰК» АҚ тәрізді еліміздің 8 ірі активін IPO/SPO-ға 2019-2020 жылдары шығару жоспарланған.
2016 жылдың соңында жүргізілген ведомствоға бағынышты ұйымдарды түгендеудің қорытындысы бойынша Кешенді жекешелендіру жоспарына қосымша 105 ұйым мен қызметтерін мемлекеттің қатысуымен және онымен үлестес тұлғалармен акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік атқара алатын, Үкіметтің қызмет түрлерін айқындайтын қаулысына сай келмейтін 32 ұйым енгізілген. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов нысандар тізімін жасағанда түгендеу нәтижелері негізге алынғанын, оған сәйкес мемлекет меншігінде – 6003 ұйымды сақтап қалу ұсынылғанын жеткізді. Оның ішінде 88%-тен астамы – әлеуметтік сала ұйымы болса, 447 компания – квазимемлекеттік сектордан. Ал 243 ұйымды тарату ұсынылған. Сондай-ақ, жекешелендірудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, әлеуетті инвесторларды көбірек тарту мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ-тың қосымша интернет-ресурсын ашқаны айтылды. Мұнда жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпараттар ұсынылған және кешенді жекешелендіру жоспарының орындалуының жүзеге асырылу барысы жарық көреді.
2016 жылдан бастап Жекешелендірудің кешендік жоспары бойынша 51 млрд. теңге сомасына 198 нысан, соның ішінде 7 млрд. теңгеге республикалық меншіктің 18 нысаны, 5 млрд. теңгеге коммуналдық меншіктегі 95 нысан, 39 млрд. теңгеге квазимемлекеттік сектордың 85 нысаны өткізілген.
Ағымдағы уақытта Жекешелендірудің кешендік жоспарын орындау қайта құрылған және таратылған нысандарды есепке алғанда 47%-ті құрайды.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2017 жылы 325 нысанды сату жоспарланған, соның ішінде республикалық меншіктің 30 нысаны, коммуналдық меншіктің 177 нысаны, ұлттық холдингтердің 67 нысаны мен ӘКК-тің 51 нысаны бар. 2018 жылы 61 нысанды сату көзделген. 2017 жылы 29 тартымды нысанды сату жоспарланған, соның ішінде – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа қатысты 20 нысан, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-қа қатысты 1 және республикалық меншіктегі 8 нысан бар. Ал 2018 жылы жоспарланған 21 тартымды нысанның біреуі коммуналдық меншікке, 10 «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа, 3 «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, 3 «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-қа және 4-еуі республикалық меншікке тиесілі.

Сондай-ақ, 2019-2020 жылдарға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың 18 ірі компаниясын өткізу жоспарланған.
Тақырыпты талқылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасын одан әрі іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бұл рете Үкімет басшысы жекешелендіру нысандарын өткізудің жаңа кестелері қайта бекітілгенін, сондай-ақ әр нысан бойынша жол карталары оларды өткізудің нақты мерзімдерімен Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілгенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға және холдингтерге бекітілген кестелерді нақты сақтауды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бүгінде мемлекеттік меншікте қалуы тиіс нысандар тізімін жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Оған қоса, «Yellow Pages» қағидаларына сәйкес келмейтін жүзден астам нысан жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне қосымша енгізіледі. Мемлекеттік меншіктегі қалған нысандар жабылуы немесе қайта ұйымдастырылуы тиіс. Осыған байланысты Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және ұлттық холдингтерге ағымдағы жылдың соңына дейін аталған жұмысты аяқтауды тапсырды. Премьер-министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік қатысуы бар барлық нысандарды оларды бәсекелі ортаға беру мақсатында түгендеуді тапсырғанын еске салды. Ұлттық экономика министрлігі жүргізген жұмыс қорытындысы бойынша бәсекелі ортаға беруге тиісті нысандардың тізімі өзектендірілді. Сол себепті жауапты мемлекеттік органдарға осы бағыттағы алдағы жұмысты бақылауда ұстау қажет.
Биылдан бастап елімізде қажетті кәсіптер мен кәсіпкерлік негіздері дағдыларына жаппай оқыту мен үйретуді, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайлар тудыруды, жұмысқа орналастыруға ықпал ету және еңбекке жұмылдыруды қолдауды қарастыратын Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Отырыстың екінші бөлігінде осы бағдарламаны іске асыру барысы талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бағдарламаға жыл басынан бері 80 мың адам қатысыпты. Оның ішінде 75 мыңы, яғни 94%-і жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 5 мың, яғни 6%. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 48 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Тағы 31 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілермен бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, деді Т.Дүйсенова.
Сондай-ақ министр жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 12,4 мың адам орналастырылғанын, 28,1 мыңнан астам қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жіберілгенін, 7,6 мың жас маман жастар іс-тәжірибесіне қамтылғанын жеткізді. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға 2017 жылы 85,3 млрд. теңге қарастырылған.
Биыл 21 мыңнан астам жас қазақстандықты техникалық және кәсіптік біліммен қамту жоспарланып отыр. Бұл орайда мемлекет олардың оқу ақысын, сондай-ақ шәкіртақы төлейді, жол ақысы мен тұрғылықты жерлерінің ақысын өтейді, сонымен қатар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Оқыту электр-газ дәнекерлеуші, аспаз, жөндеуші слесарь, электр монтері, мал дәрігері, есепші, электрик, монтажшы, тігінші сияқты мамандықтар бойынша жүргізіледі.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X