Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ТАРТУЫ

Бүкіл ел үшін зор мақтаныш

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергия­сы» атты тақырыппен өтетіні Қазақстанға «жасыл даму» бағытында үлкен жауапкершілік артатыны белгілі. Қазақстан күн және жел энергетикасын дамытуға қолайлы елдердің бірі болып табылады. Жел энергетикасының тиім­ділігі Еуропалық одақ елдерімен салыстырғанда екі есе жоғары, ал күн энергетикасы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңдесе алады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытып, күн мен желдің қуатын пайдаланатын технологияларды енгізу мәселесін алға қойған болатын.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінің қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» АҚ жаңа қызмет түрлерін халыққа ұсынды. Жолаушылар наурыз айынан бастап билет кассаларынан «Астана-ЭКСПО» дисконттық картасын сатып алу мүмкіндігіне ие болып, Тұлпар-Тальго пойыздарына 2017 жылдың соңына дейін 15 пайыздық жеңілдік алады. Кез келген демалыс күнінде ЭКСПО-ға кіретін премиум билеті қоса сыйға беріледі. Аталған дисконттық картаны Астана, Алматы-1, Алматы-2, Карағанды, Актөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Атырау, Орал, Маңғышлақ, Павлодар, Петропавл, Кызылорда, Костанай, Семей және тағы басқа да қалалардың темір жол кассаларынан сатып алуға болады. Бұдан бөлек, біртұтас қызмет арқылы жолаушының қалауы бойынша кез келген бағытқа темір жол билетімен бірге ЭКСПО билетін де қоса сатып ала алады. Бұл ретте ЭКСПО-ға билеттің үш түрі ұсынылады. Біріншісі, жұмыс күніне мерзімі көрсетілген билет – демек жолаушы көрмеге баратын күнін өзі белгілейді. Екіншісі, жұмыс күніне мерзімі көрсетілмеген билет – демек жолаушы көрмеге кез келген жұмыс күні бара алады. Ал үшіншісі, демалыс күніне мерзімі көрсетілмеген билет – демек жолаушы көрмеге кез келген демалыс күні бара алады.
Бүгінде еліміздің әр өңірі мен аймақтарында баламалы электр қуатын өндіру іс-тәжірибеге енгізіліп отыр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астанада өтетін инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресіне «Нобель» сыйлығының ғалымдары мен әлемге танымал ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары келеді. Бұл туралы Алматыда конгреске дайындық барысын пысықтауға арналған дөңгелек үстел барысында халықаралық жиынның бас үйлестірушісі, Ұлттық инженерлік академияның ғылыми хатшысы Гүлбазар Медиева мәлімдеді. «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбында инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі (WSEC-2017) шараның басталғанына он күннен кейін Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтпек. Дөңгелек үстелде басты баяндама жасаған Г.Медиева мұндай шара әлем тәжірибесінде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырғанын айтты. Сонымен қатар ол конгреске әлем­дегі беделді Нобель сыйлығының лау­реаттары – танымал ғалымдар келгелі жатқанын жеткізді. «Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері, германиялық ғалым Штефан Хелл және физика мамандығы бойынша Нобель сыйлығының иегері, америкалық Данкан Холдейн қатысады. Сонымен қатар, Катар елінің Тәуелсіз энергетикалық компаниясы мен Халықаралық IRENA ғылыми орталығының ұйымдасты­руы­мен арнайы конференциялар өтеді. Бүгінгі таңда әлемнің 50 елінен 200-ден астам танымал ғалымдар мен мамандар конргеске қатысатынын растады. Олардың арасында «Ғаламдық энергия» халықаралық сыйлығының лауреаттары, бірқатар елдің министрлері мен ғылыми-инженерлік бірлестіктердің бас­­шылары бар», – деді Г.Медиева.
«Жасыл экономика» жолына түсу, баламалы энергия көзіне көшу – қазіргі күні Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем алдында тұрған маңызды мәселе. Себебі, баламалы энергияны пайдалану энергия қорларын үнемдеудің басты тетігі болумен қатар, экологиялық проблемалармен күресудің де тиімді амалы саналады.
Қазіргі таңда әлем елдерінде энергия көзінің тапшылығы байқалуда. Сондықтан дүниежүзі энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көше бастады. Елбасы атап өткендей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжитын болады. Сондықтан күллі әлемнің ғылымы мен техника саласындағы ең үздік жетістіктері сараланатын көрме Астанаға ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де айтарлықтай пайда әкеледі деуге негіз бар.
Күз мезгілінің басында ЭКСПО-2017 аумағында әлемге әйгілі виолончельші Санди Тоқанова және дүниежүзінің өзге де танымал клас­сикалық музыка майталмандары өз өнерлерін паш ететін бірегей концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына сілтемемен. Концерт аясында Санди Тоқанова, британиялық скрипкашы Томас Гульд пен француз пианисі Жульен Квентин бірінші рет бірге өнер көрсетеді және Бетховеннің үш концертін қояды. Томас Гульд пен ағылшын опера әншісі Мари Беванның бірлескен өнері кештің тағы бір сәніне айналмақ. Музыка кеші Қанат Омаровтың басқаруындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Акаде­миялық симфониялық оркестрі­нің сүйе­мелдеуімен өтедІ.
ЭКСПО көрмесінің Астана қала­сында өтетіндігі барша қазақстан­дықтарды мақтаныш сезіміне бөлейтіні анық. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі, еліміздің мерейі. Көрмеге «Жасыл экономика» бағдарламасы бойынша «Болашақтың энергиясы» жобасы ұсынылмақ. Электр қуатының тапшылығы жалғыз біздің елді ғана емес, әлемдік экономиканы тығырыққа тіреп отырғаны белгілі. Осы орайда, біз ұсынған жобаның өміршеңдігі әлем алпауыттарының таңдайын қақтырып, басын шайқатты. Бұл жобаның басты өзегі – Табиғат-Ананың таңғажайып сыйын пайдалану. Өскелең ұрпақты табиғат таңғажайыбын қадірлеуге баулу, сол арқылы «Жасыл экономика» түзуге бетбұрыс жасау, табиғи факторлардың көмегімен энергияның балама көзін жасау – бірегей жоба болғалы отыр.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X