Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Заманауи бағыттағы ұтымды қадам

Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ресми жұмыс сапарымен келіп, оқу орнының инновациялық бағыттағы ғылыми орталықтарын аралап, ғалымдармен, білім алушы жастармен кездесті.

Университет ректоры, академик Тілектес Есполов бастаған оқытушы-профессорлар құрамы аймақ басшысына оқу орны базасын­дағы заманауи Агротехнологиялық хаб, соның ішінде Қазақстан-Беларус агроинже­нерлік инновациялық көрсетілім алаңы, Қазақстан-Жапон инновация­лық орталы­ғы, Оқу-тәжі­рибелік бақ, Инновациялық су орта­лығы және Инновациялық жылыжай жұмысы­мен та­ныс­тырды.
Кездесу барысы бұдан кейін оқу орнының бас ғимаратында өткен «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы директорлар кеңе­сінің кеңейтілген отырысында жалғасты. Аймақ басшысының ресми жұмыс сапарына орай өткен жиынға «Қазақ ұлт­тық аграр­лық университетінің» КеАҚ директорлар кеңесі­нің мүшелері, басқарма мүшелері, университет­тің басқарушы мамандары, декандар, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу инс­титуттарының ғалымдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда Қазақ ұлттық аграрлық универ­си­тетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың 2016 жылы университетте атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. КеАҚ директорлар кеңесінің мүшелері алдағы кезеңге арналған жоспарлар құрды.
Ректор өз сөзінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті қазақстандық оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланғанын атап өтіп, осы бағытта мемлекет жүктеген міндеттерді ғалымдармен, өндірісшілермен бірлесіп, барынша жүзеге асырып отырғандығын атап өтті.
Оқу орны өз базасындағы ғылыми-зерттеу орталықтары арқылы ауыл шаруашылығының әр саласындағы проблемаларды зерттеп, соларды ғылыми жолмен шешуде қарқынды жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сай біліммен қаруланған агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа буын мамандарын дайындауда да еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ошағы болып табылады. Магистрант, докторанттар – жас ғалымдарымыз өздерінің ғылыми жобаларын жасап, өндіріске жаңалықтар енгізуде.
Кездесуге арнайы келген «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығының директоры Темірхан Досмұхамбетов бүгінгі күні орталық Алматы облысы әкімдігімен, Қазақ ұлттық аграрлық университетіменмен әріптестік байланыста бірлескен жобаларды тиімді іске асырып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Қазіргі уақытта университет студенттері екінші курстан бастап «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығында өндірістік практикадан өтіп келеді.
Отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы саналатын Қазақ ұлттық аграрлық университетінде атқарылып жатқан жаңа бағыттағы ауқымды жұмыстарға жоғары бағасын берген аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы алдағы уақытта да Алматы облысы мен университет арасындағы тығыз байланыстар өз жалғасын табатынына сенім білдірді.
Кездесуді қорытындылай келе, әкім:
– Елбасы Жолдауында айтылғандай экономикамыздың драйвері болып отырған ауыл шаруашылық саласын жандандыруға ғылымданған өндірісті меңгерген білікті мамандар дайындау арқылы үлес қосу ісінде – Қазақ ұлттық аграрлық университеті заманауи бағытта ұтымды қадамдар жасап отыр деп, – ерекше атап өтті.

Алмат ИСАДІЛ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X