Валюта бағамы: $ 326.88 364.9 5.47 ¥ 47.85

Өскен өңір, өзгерген өмір

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды. Елбасы өзара тиімді ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланып, бауырлас екі ел арасындағы барыс-келіс, алыс-берістің ұлғая түсуіне жол ашатын уағдаластықтар жасалған, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында стратегиялық маңызға ие бірлескен мәлімдеме қабылданған Каспий жағалауындағы ежелгі көршіміз Әзербайжан Республикасына ресми сапарынан кейін мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, облыс жұртшылығымен жүздесті.

Жер қойнауы қазынаға толы Маңғыстау облысы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Түбектің байлығын ел игілігіне асыру жолындағы ерен еңбек бүгінде табиғаты қатал өлкенің ажарын ашып, тың серпінмен дамуына, оң өзгерістердің орнығуына, елдің әл-ауқатының артып, тұрмыс-тіршіліктің жақсара түсуіне жол ашты. Қалалар мен ауыл-аймақтың бет-бейнесі өзгерді, сән-салтанаты артты. Оқу-білім, еңбекпен қатар бұқаралық спорт қанат жайды. Осы жерде былтыр облыста 14 жаңа спорттық нысан пайдалануға берілгендігін, алдағы уақытта тағы да 5 нысан құрылысы бас­талатындығын айта кеткен жөн. Мұның бәрі өңірде өндірілетін мұнайды халық игілігіне айналдыру жолындағы мақсатты істің нәтижесі екені анық.
Қазыналы өңірге жұмыс сапары барысында Елбасы атбасын алдымен Ақтау қаласындағы «Маңғыстау-Арена» спорт сарайына тіреді.
Мемлекет басшысына көпбейінді спорт кешенінің әлеуеті туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Байжанов баяндап берді. Алып кешенді аралап, көрген Елбасы облыс жастарымен және спортшыларымен кездесті.

Олардың арасында қысқа қашықтыққа жүгі­руден КСРО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, рекордшы Ә.Тұяқов, бокстан әлем чемпионаттары және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ә.Ниязымбетов, сондай-ақ танымал спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлері бар.
Спортшылар жан-жақты қолдауы мен қам­қор­лығы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.
Маңғыстаулықтардың көзайым қуанышына айналған, 2,5 га жерге орналасқан алып спорт кешені демеушілердің қаражатына салынған. Онда футбол, баскетбол, волейболмен шұғылдануға, сон­дай-ақ жекпе-жек сайысымен және жеңіл атлетикамен айналысуға арналған залдар бар.
Өңірдің дамуында ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының маңызы зор. Құрылған кезеңнен бергі уақыт ішінде арнайы аймақ аумағында 236 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 84 млрд теңге инвестиция тартылған, бюджетке салық ретінде 20,8 млрд теңге түсіп, 1023 тұрақты жұмыс орны ашылған. Мұнда тіркелген 30 жобаның бүгінде 15-і жүзеге асырылды. Биыл 11 жоба жүзеге асырылуда, тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған.
Мемлекет басшысы осы сапары барысында арнайы экономикалық аймақтағы әлеуетті жобалардың бірі – жуырда іске қосылған «Азерсун» өндіріс және логистика орталығында болып, жұмысшылармен кездесті. 4,2 га жерді алып жатқан орталықтың жұмысымен танысып, өндірістік тауарлар, жеміс-жидек пен көкөніс сақталатын қоймаларды аралап көрді. Жері негізінен шөлді және шөлейтті болып келетін Маңғыстау өңірі үшін көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрін сырттан, әсіресе, теңіз жолдары арқылы Әзербайжан елінен тасымалдауға «Азерсунның» көмегі зор болмақ. Молынан әкелінген көкөністер арнайы қоймаларда сақталып, сауда орындарына жеткізіліп отырылады.
– Ақтаудағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағыт­талған. Маңғыстау облысымен қатар, рес­пуб­ликамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көле­мін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет, – дей келіп, Елбасы орталық қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.
Мемлекет басшысы бұдан кейін осы арнайы экономикалық аймақта орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында болып, Каспий теңізіндегі көлік инфрақұрылымының дамуымен танысты. Каспийдегі көлік-логистика сала­сының дамуы мен бағытттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаев баяндап берді. 2020 жылға қарай барлық порт­тың, соның ішінде Ақтау солтүстік теңіз тер­миналының қуаттылығын айтарлықтай арттыру жоспарланып отырғаны айтылды. Сондай-ақ «Жібек жолы» жүк тиеу кеше­нінің жұмысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы кәсіпорын ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың пікірін тыңдады. «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директоры А.Қарабасов еңбек нарығындағы тұрақсыздықты жою және аймақ тұрғындарын жұмысқа орна­ластыруға қолдау көрсету мақса­тындағы шаралар туралы айтып өтті. Осы ретте Маңғыстау облысы әкімдігімен жасалған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы аясында терминал үшін 27 адам оқытылған. Кәсіпорын 190 тұрғынды жұмысқа ор­наластырған.
Ақтау теңіз солтүстік терминалы жобасының құны 37,5 млрд теңгені құрайды. Көпбейінді терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Терминал жұмысы экспорт-импорт өсімін арттыруға және Қазақстан мен Орталық Азия елдері өнімдерін Ақтау порты арқылы Кавказ маңы, Парсы шығанағы елдеріне және Ресей Федерациясына жеткізуге бағытталған. Кәсіпорында жыл бойы астық, металл, ірі тонналық жүк контейнерлерін қабылдап алу, сақтау және жөнелту жұмыстары жүргізіледі, вагондарға жүктер тиеліп, түсіріледі, кемелерге кешенді қызмет көрсетіледі.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің жұртшылық өкіл­де­рімен кездесті.
Елбасы әңгіме барысында Қазақстанның жа­һан­дық бәсекеге қабілеттілігін дамытуды көз­дей­тін міндеттердің ауқымды екендігін айта келіп, тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудың ел өнер­кәсібіндегі үлесінің артқанына тоқталды.
– Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 триллион теңгеден асты. 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 миллиард теңге болды. Бұл – 2000 жылмен салыстырғанда 12 есе артық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының энер­гетикалық, өнеркәсіптік және көлік-логис­ти­ка­лық әлеуеті елеулі екенін айтты.
– Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан әрдайым құрлықтағы ел болып саналып келді. Бүгінгі таңда біз құрлық ауқымымен шек­теліп қалмай, томаға-тұйықтық шеңберін бұздық. Ақтауда заманауи теңіз портын салдық, бейнелеп айтқанда, «жолсыз жерден жол аштық», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жүйелі дамудың жарқын мысалы ретінде «Ақтау теңіз порты» арнайы эко­номикалық аймағын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев шекара маңындағы ын­ты­мақтастықтың маңызды әлеуетін пайдалану қа­жеттігіне тоқталды.
– Қазақстан әрдайым көршілес елдермен дос­тық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ын­тымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сонымен бірге өңірдің әлеуметтік са­ла­дағы жетістіктерін атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 640 мың адам болды. Халықтың өмір жасы да ұзарып келеді. Осы жылдар ішінде 271 мың бала дүниеге келді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Тарихи Отанына 125 мыңнан астам адам оралды. Бұл – тұтас бір қала. Ширек ғасырда медицина мекемелерінің саны екі жарым есе, ал мектептер екі есе артқан. 229 балабақша пайдалануға берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов об­лыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндады. Кездесу барысында сөз алған жұртшылық өкілде­рі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзек­­ті мәселелеріне ұдайы көңіл аударып, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп отырғаны үшін Мемлекет басшысына өз ризашылықтарын білдірді.
Соңында Мемлекет басшысы жиынға қаты­­су­шылардың назарын еліміздің табыс­ты да­муының кепілі болып саналатын бірлік, татулық пен дос­тықты сақтау қажеттігіне аударып, маңғыс­тау­лық­тарға зор денсаулық және бақ-береке тіледі.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X