Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Жері байдың — елі бай

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жұмыр жердің тылсым сырына үңіліп, оның тереңінде тұнған қазына атаулыны ел игілігіне ұсынатын барлаушы-геологтар сәуірдің алғашқы аптасында дәстүрлі түрде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Қалам қайраткерлері мен өнер тарландары романтикаға толы геолог кәсібіне небір тамаша әндер мен өлеңдер, роман-повестер, кинофильмдер арнады. Ия, осынау қиындығы да, қызығы да мол мамандық өкілдері қандай мақтауға болса да лайықты.
Осы орайда Қазақстанның жер қойнауын зерттеу мен игеруге өлшеусіз еңбек сіңірген республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімін еске түсіру орынды. Ол бастаған игілікті істі геологтардың бүгінгі буыны табыспен жалғастыруда. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған міндеттерді шешуде табиғи байлықтарды игерудің алатын орны мен мәні атап өтілген. Ал, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74 және 75 қадамдарын орындау да аталған басымдықтарды жүзеге асырумен тікелей байланысты. Бұл ретте халықаралық стандарттарға көшу және жер қойнауын пайдалану құқығы бойынша үздік әлемдік тәжірибе атаулыны зерделеу, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Заңнама қабылдау, инвестициялық ахуал мен мен минералдық-шикізат базасын жақсарту сияқты кезек күттірмейтін міндеттерді дер кезінде іске асыру маңызды.
Ұлт жоспарының 74-ші қадамын іске асыру аясында Қазақстан CRIRSCO Минералдық қорлар туралы есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі комитетінің 10-шы мүшесі болды. CRIRSCO стандарттарына сәйкес ресурстар мен қорлар бойынша геологиялық есептілікті құрастыруға және оған аудит жүргізуге қатысты қазақстандық мамандарды оқыту қурстары ұйымдастырылды. Есептіліктің халықаралық жүйе­сіне көшу «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кодекс» бекітіліп, қолданысқа енгізілген соң жүзе асырылады. Пайдалы қазбалар қоры есебінің халықаралық стандарттарына ауысу минералдық-шикізаттық кешеннің инвес­тициялық тартымдылығын арттырып, халық­аралық биржаларға шығу үшін ұсынылатын ақпараттың ашықтығы мен дұрыстығын қам­та­масыз етеді. Нәтижесінде, бұл Қазақстан Республикасы аумағының геологиялық зерделенуін едәуір көтеруге, сондай-ақ еліміздің геологиялық-шикізат базасын толықтыруға мүмкіндік туғызады. Өткен жылы күзде Астана қаласында Азия өңірінде алғаш рет «Өндіруші Салалардың Ашықтығы Бастамасы» Халықаралық басқар­масының отырысы өткізілді. Онда Бастаманы жаһандық деңгейде іске асырудың негізгі хаттамалық шешімдері қабылданды.
Ақпараттық жүйелерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Көмірсутек­ті шикі­зат, жер асты сулары және қатты пайдалы қазбалардың 35 негізгі түрі бойынша Қазақ­стан­ның минералдық-шикізат базасы анық­тамалық-аналитикалық жүйесі құрылды. Ге­о­ло­гиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамта­масыз ету мақсатымен «интерактивтік карта» ақпараттық жүйесін дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.
Егемендік жылдары мемлекеттік балансқа 119 көмірсутекті шикізат, 94 алтын, 19 марганец кені, 14 мыс, 16 темір кені және өзге де кен орындары қабылданды. Жер қойнауын пайдалануға қатысты қолданылатын 866 келісім-шарт еліміздің тау-кен және мұнай-газ секторларына инвестициялар ағынын қамтамасыз етуде. Минерал-шикізат қорын толықтыру үшін геологиялық зерттеуге мемлекеттік бюджеттен соңғы 5 жылда 43 млрд. теңге бағытталды.
Бюджет қаражаты және жер қойнауын пайдаланушылар инвестициялары есебінен жүр­гі­зілген жұмыстар нәтижесінде пайдалы қазба­лардың басым түрлерінің болжамды ресурстары мен қорлары өсе түсті. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен орындалған өңірлік геологиялық зерттеулердің, сондай-ақ іздеу және іздеу-бағалау жұмыстарының қорытындылары бойынша жаңа, перспективалы алаңдар мен учаскелер анықталды. Сонымен қатар, алтынның, мыстың және полиметалдардың болжамды ресурс­тарын арттыру бойынша жоспарлы көр­сет­кіштерге толық көлемде қол жеткізілді.
Болашақ энергиясына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Алматы облысында геотермальдік сулардың жана кені – Жарқонақ кен орны ашылды. Кен орнының жылу энергетикалық қуаты тәулігіне 121 тонна шартты отын жағуға, ал пайдаланудың барлық есептік мерзімінде 1,2 миллион тонна шартты отын жағуға толығынан жетеді. Термальдік судың шамадан тыс жоғары қысымы оны ұңғымадан тұтынушыға сорғы жабдығын пайдаланбастан, ұңғыма қабатының қуаты есебінен жеткізуге мүмкіндік береді.
Кәсіби кадрлар даярлау мақсатында Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті геологиялық барлау кәсіпорындар қауымдастығымен арада тығыз ынтымақтастыққа қол жеткізіп, келешегі мол ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X