Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Б.Сағынтаев: БЕРДІБЕК САПАРБАЕВТЫ КЛОНДАУ ҚАЖЕТ

Наурыз айының аяғында Қазақстан Респуб­ликасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен кеңірек танысты.
Ақтөбе – Елбасының сөзіне әрдайым арқау болып жүргеніндей, ел экономикасын алға қарай сүйрейтін локомотив рөлін атқара алатын көшбастаушы аймақтардың бірі. Ең бастысы, мұнда соңғы жылдары экономиканың негізгі тұтқасы – өндіріс пен өнеркәсіп саласының жедел қарқынмен өсіп-өркендеп келе жатқандығы байқалады. Өңірдің әлеуметтік дамуында да үлкен жаңғыртулар бар. Үкімет басшысы өзінің жұмыс сапары кезінде осының бәрін өз көзімен көріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атқарып жатқан сан қырлы қызметіне оң бағасын берді және де оны клондау қажет деп ұсыныс айтты.

Үкімет басшысы өңірге келген сапарында осы мәселелердің қазіргі жай-күйіне айрықша назар аударды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында осы аталған Үшінші жаң­ғыр­тудың бес негізгі басымдығы атап көрсетілді.
Мұндағы бірінші әрі ең басты басымдық – технологиялық жаңғырту деңгейін жедел көтеруге бағытталған. Бұл сөз жоқ, еліміздегі барлық атқарушы органдар үшін өте жауапты әрі күрделі міндет болып табылады.
Екіншіден, Елбасы Жолдауында бірінші басым­дықта қойылған міндеттерді жүзеге асыруға Ақтөбе секілді индустриялық-инновациялық даму деңгейі жоғары аймақтар сүбелі үлес қоса алатыны талас туғызбайды. Премьер-министр Ақтөбе рельс-ар­қа­лық зауыты базасында өткізген аймақаралық кеңес дәл осы мәселеге, нақтырақ айтқанда, Жолдау аясында Ақтөбе облысының кәсіпорындарын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне арналды. Бақытжан Әбдірұлының пікірінше, тех­нологиялық жаңғырту – Елбасы Жолдауының басты өзегі. Бұған өнеркәсіптік өңірдің қосып жатқан үлесі де айрықша болуы керек. Бұл жөнінде облыста қандай шаралар белгіленген? Күні бүгінге дейін атқарылған істердің ауқымы көңілден шыға ма?
Әрине, бұл сауалдарды Премьер-министр бі­рін­ші кезекте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа бағыттауы түсінікті жайт. Сондықтан да Бердібек Мәшбекұлы Үкімет басшысының сауалына орай егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Оның айтуынша, облыс әкімдігінің бастамасымен іске аса бастаған технологиялық жаңғырту үрдісіне өңірдегі кәсіпорын басшылары нақты іспен жауап қайтаруда. Соның нәтижесінде өткен жылғы облыстағы өндірістік көрсеткіштер әрі оның техникалық жарақтандыру деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда асып түсті. Бұл іс бірінші кезекте инвестициялық қаражат тарту есебінен жүзеге асырылған. Оның мөлшері 390 миллиард теңгені құрайды. Облыста жаңа индустрия қалыптастырудағы тағы бір басты талабының бірі еңбек өнімділігін көтеруге бағытталған. Алдағы мақсат – оның өсімін 20 пайызға өсіру болып отыр.
Сонымен бірге, өңірде экспортқа шығарылатын өнімдер көлемін ұлғайтуға да жан-жақты көңіл бөлінген. Бұл мәселеде шағын және орта бизнес өкілдерінің қызметін жаңа сатыға көтеру қарас­тырылған. Өңірде жақсы істер, жарқын бас­та­малардың көп екендігі байқалады. Премьер-ми­нистр облыстағы жұмыс сапары барысында жы­лыжай кешені құрылысына оң баға берді. Бүгінгі күн өлшемімен қарағанда, Ақтөбе индустриялық аймағының әлеуеті еліміздегі өзге өңірлермен салыстырғанда біршама жоғары. Аймақтың осындай артықшылықтарымен өндірістік өзгешеліктері де Үкімет басшысы тарапынан оң бағасын алды.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеу­меттік жаңғырту бағдарламасының орындалуына арналған жиында облыста атқарылып жатқан нақты жұмыстарға жоғары баға берді. Басқосуға аудан әкімдері, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет саласының басшылары, қызметкерлері жиналған еді.
– Кешеден бері Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып жатырмыз. Жасалып жатқан жұмыс көп. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақтөбе облысында жасалып жатқан жұмыстарға жаның сүйсінеді. Жыл сайын Ақтөбеге келемін. Әр келген сайын ел игілігі үшін жасалған, қолға алынған көптеген жұмыстардың куәсі боламын. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалып жатқанының айғағы. Сондай-ақ, өңір экономикасының қарқынды дамуының, халықтың әл-ауқатының артуының көрсеткіші. Сол үшін де облыс әкімі Бердібек Машбекұлына, осы отырған баршаңызға, ризашылығымды білдіремін, – деді жиында Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы әлеуметтік саланы бәсекелес­тік ортада дамытуға болатынын айтты. Сонда ғана бұл салаларға мемлекет жауапты деген түсініктен арылуға болады. Ең бастысы – кәсіпкердің ісін жүргізуге мүмкіндік беру, қолайлы жағдай жасау. Негізінде кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс арқылы пайда табады. Жалпы, кәсіпкерлер әлеуметтік салаға қорықпай-ақ инвестиция құюларына болады. Өйткені адам капиталын дамыту – мемлекеттің басты байлығы. Ал адам капиталы үшін бұл саланың маңызы зор екені айтылды.
Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы жан-жақты баяндады.
– Мемлекет басшысының, Үкімет басшысы­ның тапсырмаларын орындау – біздің ең басты міндетіміз. Бірінші тоқсандағы өңірдің негізгі әлеу­меттік-экономикалық көрсеткіштері был­тырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен болмайды. Жалпы экономиканың дамуы 3 пайыздың деңгейінде болады. Жылды да осындай көрсеткіштермен аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі білім беру саласындағы жетіс­тіктерді де тілге тиек етті. Қазір балаларды бала­бақшамен қамту көрсеткіші – 96 пайыз. Мем­лекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында жаңа балабақшалар салу арқылы 2019 жылға дейін бала­бақшамен қамтуды толықтай орындау жоспарланып отыр. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі келесі жылы шешіледі. Үш ауысымда оқытатын мектептер 2019 жылы жойылады. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырманы жоюда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін пайдаланамыз, – деді өңір әкімі.
Жиынды Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев түйіндеді. Ол өз сөзінде Ақтөбе еліміздегі төрт ірі агломерация қатарына енген шаһардың бірі екендігін, мұның облыс үшін үлкен абырой болуымен қатар, жауапкершілік жүгі де ауыр екендігін тілге тиек етті.
– Ақтөбе облысының әлеуеті жоғары. Эко­номикалық көрсеткіштері көңіл қуантады. Мұнда Елбасы міндеттеген тапсырмалар жүйелі орындалып жатыр. Әлі де жоғары асулар биігінен көріне беретіндіктеріңзге кәміл сенемін. Тіпті, бұл істің бәрін жасап жатқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болса, онда оны клондау қажет, – деді Бақытжан Сағынтаев сөзінің соңында.
Бір сөзбен айтқанда, облыс экономикасының жедел қарқынмен дамуы өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық және рухани, мәдени тұрғысынан жан-жақты өсіп-өркендеуіне де қажетті алғышарттар жасайды. Республика Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапары барысында осының бәріне де көз жеткізген еді.

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Зере
    11.04.2017 at 4:18 pm

    Бұл пікірмен келісемін. Бердібек Сапарбаевты халық жақсы көреді.

  • Алтынай
    11.04.2017 at 4:19 pm

    Бердібек Сапарбаев ешқашан екі сөйлемейтін адал азамат. Берген уәдесінде тұрып, халықтың жағдайы ойлап, пікірімен санасады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X