Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Кооператив – берекелі іс бастауы

Елбасы тапсырмасымен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жақын жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау көзделген. Мұның қатарында ауыл тұрғындарын ауылшаруашылық кооперативтерін құру мен дамыту бағытындағы ақпараттармен таныстырудың, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы орайда салалық ведомство қолға алған шаралар туралы газетімізге Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан ӘБДІМАНАП баяндап берген еді.

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру­дің артықшылықтары қандай?

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірікті­ру­дің бірқатар артықшылықтары бар.
Олар: өткізуші, қайта өңдеуші, жарақтандыру­шы және қызмет көрсетуші кооперативтердің басқа да түрлерін құру кезінде кооператив мүшелерінің өздерінің заңды және экономикалық дербестігін сақтауы, яғни, олар жердің, ауыл шаруашылығы жануарларының, өндірілген өнімнің, қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының иелері болып қалады; жер, өндірістік, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, өндірістік кооператив құру кезінде өнім өндірудің прогрессивті технологияларын, ауыл шаруашылығы техникасын, технологиялық жабдықтарды бірлесіп пайдалану мүмкіндігі; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өндірген өнімді делдалдарсыз, тікелей қайта өңдеу, сауда желісіне тұрақты өткізу; өзара есептесуді кооператив мүшелерінің (жеке қосалқы, шаруа қожалықтары және т.б.) шоттарына аудару жолымен жүзеге асыру; өнімнің аса ірі партияларын қалыптастыру есебінен кооператив мүшелерінің шикізатты қайта өңдеу мен өткізуге дейінгі тасымалдауға, жеткізуге арналған шығындарын қысқарту; кооператив мүшелерінің мүдделерін қорғау және кооперативтің жалпы жиналысында өндірістік, ұйымдастыру және экономикалық сипаттағы шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде дауыс беру құқығының болуы; кооперативті басқару аппаратының құжаттарды орталықтандырылған дайындау жолымен кооператив үшін мемлекеттік субсидияларды, жеңілдікпен кредит беруді, салық салуды алу мүмкіндігі; кооператив мамандарынан ақпараттық-консультациялық көмекті өтеусіз алу мүмкіндігі; суаратын сумен және ауыз сумен қамтамасыз етілу; өз мүшелеріне өндірістік және тұтынушылық кредит беру; ауылдық елді мекендерді абаттандыру бойынша қызмет көрсету; агрохимиялық, ветеринариялық, техникалық қам­тамасыз етуге, техниканы жөндеуге және оған қызмет көрсетуге, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа арналған шығындарды азайту; тұрақты жұмыспен (тұрақты және маусымдағы қосымша жұмыспен) қамту.
Кооперативтің тиімді жұмыс істеуінің маңызды факторы оның мүшелері мен кооператив арасында жалпы жиналыс, басқару органдарының сайлауын өткізу, кооперативтің пайдасын бөлу және т.б. кіретін шаруашылық ішіндегі экономикалық өзара қатынастар тетігі болып табылады.

Кооперативтерді ұйымдастыру кезеңдері қандай?

Кооперативтерді ұйымдастыру кезең-кезеңмен жүр­­гі­зіледі.
Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы коопера­тивтеріне бірігуге дайын ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілерінің бастамашыл тобы айқындалады, кооперативті ұйымдастыру қажеттілігі, қызмет түр­лері, оның негізгі функциялары, құрылтайшылар құрамы негізделеді.
Екінші кезеңде кооперативтің құрылтай жиналысы өткізіледі, басқарма, ревизиялық комиссия мүшелері, төраға таңдалады, кооперативке кіру және одан шығу қағидалары, құрылтай құжаттары (жарғы, құрылтай шарты және т.б.) бекітіледі.
Үшінші кезеңде кооперативті аудандық әділет органында мемлекеттік тіркеу жүргізіледі, кооперативтің мүлкін қалыптастыру көздері, пайлық жарналар мөл­шері бекітіледі, қорлар құру және кооператив қыз­метінің басқа да шаруашылық ішіндегі мәселелері шешіледі.
Төртінші кезеңде алдын ала есептеу негізінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен қайта өңдеудің ықтимал көлемдері айқындалады, өткізу нарықтары, тұтынушылар, олардың экономикалық жағдайы, қар­жы­ландыру мөлшері мен көздері айқындалады, яғни, кооперативтің өндірістік қызметінің техни­калық-экономикалық негіздемесі бар бизнес-жоспар әзірленеді, кооперативтің негізгі бөлімшелері, олар­дың құрамы мен функциялары айқындалады.

Ауыл шаруашылығы бағытында іске асырылып жатқан бастамаларды түсіндіру үшін Fermers.kz сайты мен 8800 080 8010 call-орталығы (барлық бағыттардан қоңырау шалу тегін) қызмет көрсетуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X