Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ШЕТЕЛДІКТЕР ЭКСПОҒА НЕГЕ ҚҰМАР?

Көрменің басталуына 2 ай қалды

Жаз мезгілінің басында бастау алатын ЭКСПО-2017 көрмесі экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан елімізге берері мол болмақ. Өйткені шетелден келетін 5 миллион турист ел экономикасының түзелуіне үлес қосары анық. Ал көрерменді көбірек жинау үшін қазірдің өзінде ЭКСПО-2017-ге мәдени тұрғыдан көптеген істер жолға қойылуда. 

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясын­дағы мәдени-спорттық шараларды ойдағы­дай өткізу үшін Қазақстан 9 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл жөнінде Қазақстан Республика­сы­ның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім еткен болатын. А.Мұхаме­ди­ұлы бұл қар­жының 90 пайызы қазақ­стандық ұжым­дардың шараларына арналатынын айтты.Ал қал­ған қаржының 10 пайызы шетелдік әртістер мен ұжымдардың концерттерін ұйымдас­тыруға жұмсалады. Бұның үстіне бұл қаржының көбін демеушілер бөлген. «Мысалы, «Эни» компаниясы Ла Скала театрының келіп, кету шығынын өз мойнына алатыны анықталған.
ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағ­дарламасы шеңберінде ашық аспан астын­дағы қойылымдар көрерменге ұсы­нылмақ. Шараның басталғанына бес күннен кейін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының алдында қала тұрғындары мен қонақтары үшін Дж. Вердидің «Аида» операсының қойылымы өтеді. Бұдан басқа Астананың көрнекті нышандарының бірі Пирамида ғимараты шоу элементтерімен және арнайы отшашумен өтетін орасан зор қойылымның табиғи декорациясына айналады. Көрермендер мерекелік атмосфераны Пирамидаға жақындаған сәттен-ақ сезінетін болады. Салмақты сәулет құрылымының етегінде ақ боз ат мінген шабармандар да, алып бейнеинсталляция да үйлесімді көрініс табады. Бүкіл әлемге өте танымал Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балеті көрерменге ұсынылады. Қойылымды қоюшы хореографы Ресейдің Халық артисі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова. Қоюшы дирижері Арман Оразғалиев, қоюшы суретшісі ЭциоФриджерио (Италия), костюмдер бойынша суретші -Франка Скуарчапино (Италия) болмақ.
ЭКСПО-2017 көрмесі шетелдіктерді ерекше қызықтыруда. Әсіресе, көрші Қытай елі биылғы жылы жаз мезгілінде басталатын шараға сақадай-сай дайын отыр. Осыған орай таяуда Қытайдың Шанхай қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінің мән-жайы таныстырылды.
Шараға Шанхай қаласы коммерция басқарма­сының төрағасы Дун Чао, Шанхай халықтық жиналысы 14-ші шақыртуының тұрақты мүшесі, Қытай халықаралық сауда палатасы ЭКСПО департаментінің директоры Гэ Цзе және 100-ден астам ірі қытайлық компания өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев өз сөзін­де қазақстан-қытайлық қа­тынастардың дамуы, оның ішінде «Жібек жолы эконо­микалық бел­деуі» мен «Нұрлы жол» бағдар­ламасының түйісуі, өндірістік қуат саласындағы өзара іс-әрекет жайында айтты.
Қазіргі таңда көрмеге 100-ден астам ел, 20 ха­лық­аралық ұйым қатысатынын растады. «Болашақ энергиясы жасыл Жібек жолы» тақыры­бымен қытай павильоны жоғары бағаға ие болып отыр. Бұдан басқа 2017 жыл Астанадағы Қытай туризмі жылы болып жарияланғаны тағы бар. Осыған қарап-ақ ЭКСПО-2017 шарасы барысында Аспан асты елінің көрмесі мамандар тарапынан жоғары бағасын алып, жүлделі орыннан көрінуі ғажап емес.
ЭКСПО-2017 шарасында Ұлыбритания, Жапония мемлекеттерінің павильондары да көрерменге ерекше әсер қалдырары анық. Қазірдің өзінде бұл мемлекеттер шараға тыңғылықты әзірлігін бастап кетті.
Ауқымды шараға арналған билеттерді сату да жолға қойылған. Қазақстанның барлық облыстарында ЭКСПО-2017 көрмесінің билет кассала­ры іске қосылды. «Марвин»-«Меломан» ритейл-же­лісінің 15 нүктесінде және «Қазпоштаның» 1 мыңға тарта бөлімшелерінде сатыла бастады. ЭКСПО-2017 көрмесінің билет құны 4 мыңнан 8 мың теңге аралығында. Билеттерді онлайн кассаларда немесе Қазақстанның облыс орталықтарында ғана емес, Ресейдің 7 қаласынан да сатып алуға болады. Бүгінгі күнге дейін ЭКСПО-2017 көрмесінің 670 мың билеті сатылған. Соның 13 пайызын шетел азаматтары алған көрінеді.
Енді екі айдан кейін бастау алатын ЭКСПО-2017 көрмесі өзіндік қолтаңбамен ерекше өтейтін деп тұр. Тойдың болатынынан боладысы қызық демекші, салтанатты шарада шетелдіктер үш айдың ішінде еліміздің тыныс-тіршілігімен қоса, мәдениетімізбен де сусындамақ. Ең бастысы ЭКСПО-2017 еліміздің мәртебесін асырмақ. Өйткені, бүкіл ТМД елдері арасында алғаш рет бұл көрмені өткізгелі отырған Қазақстанның әлем елдері арасындағы беделі жоғарылайтыны анық.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X