Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Ауыл шаруашылығында бухгалтерлік еСепті жүйелі ұйымдастыру қажет

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында басымдық берілген бес бағыттың «Адами капитал сапасын жақсарту» деп аталған төртінші бағытында «Бірінші. Ең алдымен білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиіс», деп атап көрсетіл­ген.
Біздің міндеттіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру.

Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабылетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту қажет» деуі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жылдағы дәстүр бойынша өтетін ғылыми-әдістемелік конференциясына қатысып баяандама жасап, пікір бөліскен елімізге белгілі ірі бизнес өкілдері мен өндріс басшыларының пікірлерімен біздің де ойымыздың үндес шығуы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында аграр­лық сектордың дамуына басымдық беруі, 17 нау­рызда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбатында «Түбінде ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін ең үлкен өнімнің де, табыстың да көзі болуы керек» деуі бізге осы мақаланы мамандар мен әріптестеріміздің назарына ұсынуға себепші болды.
Еліміздің егемендік алып нарықтық қаты­насқа өтуі әлемдік қауымдастықтың қабыл­даған нор­­мативтік құжаттарды басшылықа алып, Қар­жылық есептіліктің халықаралық стандарттары­ның (ҚЕХС) IAS және IFRS жүйелерінің талаптарына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізу және есептілікті ұсыну, Ұлттық қаржылық есептілік стандарттарын (ҰҚЕС) жасау сияқты түбегейлі өзгерістерді алып келумен қатар бухгалтерлік есепті, функцияларына қарай қаржылық есеп, басқару есебі және салық есептеріне жіктеп, өзара байланыста қарастыруды қажет еткені мәлім. «Есеп және аудит» мамандығына оқытылатын «Қаржылық есеп» пәні оқу бағдарламасына сәйкес жалпы экономиканың барлық салаларына ортақ тақырыптарды зерделеуді қамтитын негізгі өзегі іспеттес. Ал «Қаржылық есеп» пәнінің жалғасы болып табылатын «Кәсіби деңгейдегі қаржылық есеп», «Тереңдетілген қар­жы­лық есеп» «Шоғырландырылған қаржылық есептілік» және экономиканың салалары бойынша есеп жүргізу пәндері элективті пән ретінде оқытылып келе жатыр. Халықта аталы сөз бар «Жері байдың елі бай» деген. Халқымыздың несібесіне елімізде жердің асты да, үсті де тұнып тұрған байлық. Халықтың жартысына жуығы, оның ішінде жұмысқа қабілетті тұрғындардың 60 пайызы ауылдық жерде тұратын ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып, басымдық берілуі «Ауыл шаруашы­лы­ғындағы бухгалтерлік есеп» пәнін оқтудың маңыздылығын айқындай түскен сияқты. 2016 жыл 9 қыркүйекте Мемлекет басшысының төраға­лығымен өткен Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Елбасының «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында жыл со­ңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсыруы, 29-шы қарашада Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының әзірленуі, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет мүшелеріне бұл бағдарлама бойынша әзірлік жұмыстарын жыл соңына дейін мүдделі тараптармен тағы да талқылап, толық аяқтауды тапсыруы, келесі жылы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек деуі, бағдарламаның ағымдағы жылдың 31-ші қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен қабыладануы тақырыптың өзектілігін айғақтай түседі. Бағдарламада көрсетілгендей мал шаруашылығының тиімділігін 40 пайызға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 30 пайызға арттыру, тауарлы өндіріске 500 мың ұсақ өндірушілерді тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, Елбасы Қазақстан халқына жолдауында «Көптеген позициялар бойынша біз әлемдегі ірі аграрлық экспортық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуы тиіс» деп атап көрсеткендей экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің Қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ті мемлекеттік реттеуді жетілдіру агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты бағыттары болмақ.
Сонымен қатар, қазір ел экономикасы негізгі басымдықтарды қайтадан қарау кезеңіне бет бұруы, Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында, жаңа жаһандану заманында аграрлық сектордың дамуына аса мән берілуі, алдағы бес жыл ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу әртараптандырудың көзі мен экономикалық өсімінің ең негізгі және жетекші күшіне айналмақ. АӨК-тің жаңа рөлін жүзеге асыру еліміздің тұрақты дамуының, еңбек өнімділігін арттырудың тетігі болмақ.
Бағдарламаның түпкі мақсаты халықты жұмыс­пен қамту, халықтың жағдайын жақсарту, ауыл-аймақтардағы еңбек адамдарының шаруасына қолдау білдіріп, жұмысын жетілдіру, үйлестіру сия­қты негізгі мәселелерді қамту және импортқа тәуелділіктен арылып, әлемдік ірі экспорттаушыға айналу болып табылады. Әсіресе ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту арқылы 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өң­деудің пәрменді жүйесін құруды және шикізатпен қамтамасыз ететін шаруашылықтардың үлесін 1,3 есеге арттыру мақсаты тұр.
Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, ауыл шар­уа­­шылығы кооперациясын дамыту барысында ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Бағдарламаны іске қосудың нәтижесінде Қазақстан халқы үшін ауылшаруашылық саласын негізгі кіріс көзіне айналадыруға, 2021 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы жиынын 30 пайызға – 1 трлн теңгеге немесе қазіргі 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлауға, еңбек өнімділігін 50 пайызға – 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін арттыруға, экспортты 17 пайызға – 2,1 млрд-тан 2,5 млрд АҚШ долларына дейін және импорт көлемін 17 пайызға – 3,4 млрд-тан 2,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендетуе мүмкіндік береді деп көзделіп отыр.
Сонымен қатар, суармалы жерлердің үлесін 40 пайызға, яғни 1,4 млн гектардан 2 млн гектарға дейін арттырудың нәтижесінде кірісті 30 пайызға арту күтілуде. Негізгі басымдық жеке отбасылар бірігіп, құ­рылған кооперативтерге берілетіндігі, оның ішін­де мемлекеттік қолдау 7 есеге, ауыл шаруашы­лығы тауар­ларын өндірушілердің 67 мыңнан 500 мыңға көбейетіндігі айтылған. Бағдарлама­ның баяан­ды болуы пайдаланушыларды нақты ақпараттармен қамтамасыз етумен де тығыз байланысты. Пайдаланушыларды нақты ақпараттармен қамтамасыз етудің тетігі акпарат құралы ретінде ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп пен бақылауды қалпына келтірудің маңызы зор.
Ауыл шаруашылық үдерісі тікелей тірі организм­нің даму заңдылықтарына байланысты. Демек, өндіріс үдерісінің едәуір бөлігі адам еңбегінің қаты­суынсыз-ақ ашық аспан астында биологиялық фак­тылардың ықпалында өтеді. Нәтижесінде жалпы өндіріс мерзімі мен жұмыстың мерзімі арасында алшақтық байқалады. Яғни өндіріс кезеңі мен жұмыс жүргізу кезеңдерінің арасындағы орын алған алшақтықтар бухгалтерлік есепті ұйымдастыруға да елеулі әсер етеді.
Басқа өндіріске қарағанда ауыл шаруашылық өндірісі жер жағдайына байланысты бытыраңқы орналасатындықтан ауылшаруашылық техникаларын барлық өндіріс аумақтарында бірдей пайдаланады. Бұдан олардың көрсететін қызметтері және оларға есептелген амортизациялану құны өндірілген өнімдердің, көрсетілген қызметтердің өзіндік құны­на белгілі бір ортақ негізде тарату қажеттігі туындайды.
Ауыл шаруашылығында дақылдардың жаздық және күздік болып жіктелуіне, малдардан төл алудың мерзімдеріне байланысты кейбір өндіріс үрдістерінің бір күн­тізбелік жылдың шеңберінен шығып кететін кез­дері де болады. Сондықтан бухгалтерлік есепте күнтізбелік күнмен (жылмен) сәйкес келмейтін өндіріс шығындарын, өндірістік кезеңдері бойынша шектеп топтастырады.
Ауыл шаруашылығында өз өндірісінде алынған төлдерді өндірістің негізгі бағыттары бойынша пайдалану мақсатында өсірудің нәтижесінде өнім (төл) беру және күш көліктері ретінде пайдалану жасына жеткен аналық-аталық малдар мен күш көліктерін биологиялық активтердің құрамына енетін өндіріс құралдарын, яғни негізгі табынды (өнім беретін малдарды және күш көліктерін) толықтырып отырады. Сондай-ақ өз өндірісінде өндірілген өнімнің едәуір бөлігін қор (ұрықтық материал, жем-шөп т.б.) ретінде өндіріс қажеттілігіне жұмсайды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің биологиялық ерекшелігі бір дақылдан немесе бір малдың түрінен бір мезгілде бірнеше өнім түрлерінің алынуына байланысты, бухгалтерлік есеп өндіріс шығындарын өнім түрлеріне таратып, анықтап өнімнің өзіндік құнын калькуляциялауды жүзеге асырады. Бухгал­терлік есепті, есеп және калькуляциялау объекті­лері, яғни ауылшаруашылық дақылдары мен мал­дардың түрлері немесе есептік топтары және олар­дан алынатын өнімнің түрлері бойынша жүр­гізуді талап етеді.
Кейбір ауыл шаруашылығы машиналары, жаб­дықтары өндірістің кезеңдеріне (жер айдау, егіс­тікті өңдеу, ору) сәйкес қысқа мерзімде пайдала­нылғанымен, қалған уақытта пайдаланылмай қаң­та­­рылып бос тұрады. Олардың пайдаланыл­маға­нына қарамастан жыл бойы амортизация есепте­леді. Яғни бухгалтерлік есеп жұмыстың және шығын­дардың маусымдығын көрсете отырып осы фактордың ықпалында болады.
Демек бухгалтерлік есеп өндіріс шығындары­ның есебін маусым ерекшеліктеріне сәйкес дұрыс ұйымдастыруды қажет етеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты өзіндік құнын анықтаудың да мүмкіндігі есепті жылдың соңында ғана мүмкін болады.
Бұл аталған ауыл шаруашылығының ерекше­ліктеріне өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашы­лығының ішкі салалық ерекшеліктерін қосқанда бухгалтерлік есеп жүргізу күрделене түсетіні белгілі. Конституцияға енгізілген өзгеріске сәйкес экономиканы тікелей басқару өкілеттілігінің Үкіметке берілуі, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген бағдарламаны жүзеге асыруда жалған ақпаратқа жол бермеу мақсатында ауылшаруашылығын аудиттеуді мемлекетік субсидиялау мәселелерінің шешілуі, бухгалтерлік есепті жүйелі жүргізуді, статистикалық мәліметтерінің шынайылығын талап етеді.

Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарының талаптарына сай ұйымдастырып жүргізуді жандандырып, жолға қоюдың өзектілігі туындап отыр. Біздің ойымызша студентерге элективті пәнді таңдағанда еліміздің басымдық берілген даму бағыттары түсіндіріліп,  жоғарыда айтқанымыздай «Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп» пәніне басымдық беру немесе мін­детті оқытылатын пәндердің қатарына қосып, кредит санын артыру немесе тапсырыс бойынша оқыту шешімін тапса дұрыс болған болар еді.

М.БАЙДӘУЛЕТОВ,
Ж.ОРАЛБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және бизнес жоғары мектебі
«Есеп және аудит» кафедрасының доценттері,
экономика ғылымдарының кандидаттары


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X