Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ТИІМДІ ЖАҢА КӘСІПОРЫН

ОҚО-да «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен ОҚО Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп, «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алған еді. Нәтижесінде «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылатын болды.

Бұл жаңа парк кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиын­тығын ұсынғалы қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар. Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылып жатыр.
Индустриалды паркін көріп қайтқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев зауыттың аумағында бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынған жөн екенін айтты. Тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтің сөзінше, индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алады. Сондай-ақ, аталмыш мекемеде кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіліп, жарнамалау, қаржы көзін тартуға атсалысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер көрсетіледі.
Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытына барып, өндіріс аумағының бүгінгі жағдайымен танысты. Кезінде ал­пауыт өндіріс орны болған за­уыттың цехтары бүгінде жұмыс істемей тұрғанын көріп, өз пікірін білдірді. «Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетіктерін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ибраш Тұрымбет


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жадыра
    11.04.2017 at 4:38 pm

    Оңтүстік Қазақстан облыстар көшін бастап тұр. Сондықтан мұнда кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X