Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Астана – Дубай: Екіжақты ынтымақтастықтың кең өрісі

«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткеннен кейін кешен нысандары Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы үшін пайдаланылатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесуі барысында айтылды.
Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың қазіргі ахуалы мен оны бұдан әрі дамыту жайын талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Атап айтқанда, сауда-экономика, қаржы және инвестиция салала­рындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) мен Дубай қаласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығын тиімді басқару тұрғысынан Біріккен Араб Әмірліктерімен тәжірибе алмасудың маңыздылығына, сондай-ақ DIFC пен Астана халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігіне тоқталды. Дубай әмірлігінің билеушісі бұл бағытта іс-қимыл орнатуға толық дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті исламдық қаржыландыру ісін дамытып, оны енгізуге айрықша үлес қосқаны үшін шейхқа алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында қазіргі уақытта «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындықтың аяқталғанын, кейіннен көрме нысандары Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы үшін пайдаланылатынын атап өтті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-министрін Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылуына шақырды.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарының екінші күні, 28 наурызда Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) басшылығымен кездесті.
Елбасы кездесу барысында орталықтың қызметімен және оның алдағы даму бағдарымен танысты.
Мемлекет басшысына Дубай халықаралық қаржы орталығы құрылған кезеңнен бергі уақыт ішінде оның Дубай қаласының ішкі жалпы өніміне қосқан үлесі 8 пайызға жеткені туралы мәлімет берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысын ұйымдастыру барысында біздің еліміз Біріккен Араб Әмірліктерінің осы тұрғыдағы тәжірибесін зерттеп, қолданып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ орталықтың жұмысын одан әрі тиімді жүргізу мақсатымен бірқатар шаралар іске асырылғанын айтты.
Қазақстан Президенті Астана халықаралық қаржы орталығын Еуразия аймағындағы жетекші қаржы құрылымы ретінде дамыту жөніндегі өз ойларын ортаға салды.
Келіссөз соңында тараптар екіжақты ынтымақ­тастықтың нәтижелері мен одан әрі даму келешегін талқылады.
Осы жерде 28 наурызда Миланнан жеткен жақсы жаңалықты айта кетпекпіз. «Астана» ХҚО халықаралық қаржы орталықтарының эксклюзивті бірлестігі – Vantage Financial Centres (VFC) құрамына енді. Бұл туралы Милан қаласында өткен Әлемдік қаржы орталықтары индексінің (GFCI) 21-шығарылымының ресми тұсаукері барысында жарияланды. Аталған бірлестік құрамына Токио, Торонто, Шанхай, Бейжің, Әбу-Даби секілді белгілі халықаралық қаржы ұйымдары кіреді. «VFC бірлестігінің өкілдері консультативтік қолдау, өзге мүшелердің тарапынан GFCI рейтингі құрылымдалатын негізгі көрсеткіштер бойынша бағалану мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге ғаламдық қаржы орталықтарымен қатар жоғары дәрежедегі халықаралық іс-шараларға белсенді түрде қатыса алады. Бұл іс-шараларды қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында сарапшылар өзара ой-пікір бөлісіп, тәжірбие алмасатын тиімді алаң деп атауға болады. VFC құрамында болудың мұндай мүмкіндіктері АХҚО-ға әлемдік қауымдастық тарапынан сенімнің артуына, жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз. Бұл бірлестік құрамына ену – АХҚО-ның қалыптасып, дамуына байланысты дер кезінде жасалған қадам», делінген «Астана» халықаралық қаржы орталығы таратқан баспасөз хабарламасында.
Әлемдік қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын GFCI индексі 2007 жылдан бері жарияланып келеді. Рейтингті түзу барысында қаржы орталықтарының 29 000 бағамы, онлайн-сауалнама және Бүкіләлемдік банк, Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және тағы да басқа ұйымдардың 100-ден астам көрсеткіші ескеріледі. GFCI индексі «іскер орта», «қаржы секторының дамуы», «инфрақұрылымдық факторлар», «адам капиталы», «бедел және жалпы факторлар» секілді көрсеткіштерден құралады.
Еуразия аймағындағы жетекші қаржы құры­лымы ретінде дамыту көзделіп отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығы – ерекше жағдайлар ұсынатын орталық. Атап айтқанда, орталық ағыл­шын құқығы ұстанымдарына сай арнайы құ­қықтық режім негізінде жұмыс істейді, онда халық­аралық талаптарға сәйкес тәуелсіз қаржылық реттеу, 50 жылға арналған салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген визалық және еңбек режімі қарас­тырылған, ресми тіл – ағылшын тілі болады. «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған халықаралық көр­ме кешенінің инфрақұрылымы базасында орна­ласатын «Астана» ХҚО келесі жылдан толық­қанды жұмыс істей бастайды деп күтілуде.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру