Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Достықтың берік негізі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазақ пен өзбек достығының тамыры те­реңде, арғысы сонау түркі дәуіріне, бергісі ке­шегі өзбек, қазақ хандықтарына келіп тірелетін ағайындықтың асыл діңгегі дүбірлі дәуір сындарына сан рет төтеп берді. Бүгінде өз алдына отау тігіп, егемендік байрағын желбіреткен бауырлас, қандас халықтардың тарих пен тіл, салт-дәстүр ортақтығы мәдени-гуманитарлық саладағы ты­­ғыз ынтымақтастыққа негіз қалады. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқандықтан, эко­номикалық байланыстар да күннен-күнге беки түсуде.
Екі ел арасындағы шаруашылық қарым-қа­ты­­настар экономикалық ынтымақтастық бағ­дарламасы, сондай-ақ мұнай мен газ кен орындарын іздестіру, барлау және игеру саласындағы ынтымақтастық және өндірістік кооперация жөніндегі келісімдер сияқты маңызды құжаттарға негізделеді. Жаңғыртылған Ұлы Жібек жолын және Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізін, сондай-ақ трансазиялық теміржол және автомобиль арналарын пайдалану арқылы әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік туып отыр. Тәуелсіздік кезеңінде Өзбекстанда мұнай-газ саласы, сондай-ақ тоқыма, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туристік салалар қарқынды дамыды, ел автомобиль өнеркәсібінде елеулі же­тістіктерге қол жеткізе білді. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында жеңіл автомобильдерді ірі экспорттаушы дәрежесіне көтерілді, сондай-ақ көлік коммуникациялары мен логистикада айтарлықтай табыстарға жетті.
Жуырда елімізге келген тұңғыш ресми мем­лекеттік сапары барысында Өзбекстан прези­денті Шавкат Мирзияев Астанаға бұл жол­ғы сапарын «тарихи» деп атап, Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші санайтыны туралы мәлімдеді. «Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз», – деп атап көрсеткен Өзбекстан басшысы соңғы бес ай ішінде екі ел арасындағы қарым-қа­тынастар тың қарқынмен өрби бастағанын, осы орайда ол өзімен бірге Астанаға өзбек-қазақ бизнес форумына қатысу үшін өзбекстандық кә­сіп­­керлердің үлкен делегациясын – 250 кәсіпкер­ді алып келгенін, оның барысында бір миллиард дол­лардың келісім-шартына қол қойылғанын зор қанағат сезімімен атап өтті.
Мемлекет басшыларының кездесу қорытын­дысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы страте­гиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларация; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі ара­сын­дағы 2017-2019 жылдарға арналған эконо­микалық ынтымақтастық жөніндегі стратегия; Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасын­дағы Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Рес­публи­касының Үкіметі мен Өзбекстан Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыр­тқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөнін­дегі бағдарлама; Қазақстан Республикасы Қорға­ныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қор­ғаныс министрлігі арасындағы әскери ынты­мақ­тастық туралы келісім сияқты аса маңызды құжаттарға қол қойылды.
Астана мен Ташкент арасындағы сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты екіжақты қа­­­ты­настың өзегі деп бағалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы нарықтық баға­ның 9 пайызға төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасындағы сауда көлемінің 16 пайызға өс­кенін атап көрсетті. Бүгінде Қазақстанда өз­бек капиталының үлесі бар 800-ге жуық кәсіп­орын жұмыс істейді. Астанада өткен бизнес-форумда 75 коммерциялық шарттан тұратын құжаттар жиынтығы қабылданды. Көлік-тран­зит сала­сындағы ынтымақтастық жан­дана түсті, соның ішінде жүрдек пойызға арналған Астана – Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылды. Осы орайда «Тұлпар-Тальго» жүрдек жолаушы пойызының Алматы-2 теміржол бекетінен Алматы мен Ташкент арасына алғаш рет жолға шығуы туысқан ел басшысының Қазақстанға тұң­ғыш мемлекеттік сапарымен тұспа-тұс ке­луінің бейнелік мәні бар екендігін атап көрсе­туі­міз керек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X