Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Ағымда ауқымды жұмыстар тұр

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы және 2016 жылдың қорытындысы бойынша индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайы қаралды.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көктемгі егіс жұмыстарына дайындық бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтерін тыңдады. Сала вице-министрі Қайрат Айтуғановтың келтірген деректеріне сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 млн. га алқапқа себу жоспарланып отыр, бұл 2016 жылғымен салыстырғанда 311 мың га жерге артық. Мұның ішінде көктемгі егіс алқабының көлемі 18,5 млн. гектарға жуықтайды. Дәнді дақылдар 15,1 млн. га жерге егіледі, оның ішінде бидай – 12,1 млн. га алқапқа себіледі, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 339 мың га алқапқа азайтылған. Сонымен қатар, су сіңіретін дақылдар алқабын азайту көзделіп отыр: күріш алқабы – 1,9 мың га, мақта алқабы – 4,6 мың га қысқартылып, басымдықты дақылдар алқабы арттырылады. Сондай-ақ, мал азығы дақылдары (арпа, сұлы, дәнді жүгері, бұршақ, ноқат) алқабы 208 мың га, жарма дақылдары алқабы 10 мың га арттырылады. Майлы дақылдар алқабы 2,1 млн. га дейін жеткізіледі, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 58 мың га артық, жемшөп дақылдары 4,1 млн. гектарға дейін (407 мың га артық), қант қызылшасы – 19,6 мың га дейін (6,7 мың га артық) арттырылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтері бойынша 2017 жылы алынатын өнім ретінде 2,4 млн. тоннадан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы (қажеттіден 1,8% артық), оның ішінде дәнді дақылдар тұқымы – 2 млн. тонна (2,3% артық) себілген. Еліміз бойынша 776 мың тонна тұқым тексерілген, оның ішінде 99%-і сұрыпталды. Тұқымдарды себуге сәйкестендіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік бағдарлама аясында тұқым шаруашылығын қолдау тетігі жетілдірілді. Мәселен, биылдан бастап түпкі және таңдаулы тұқымдарды субсидиялау қайта жандандырылады, ал алғашқы репродукция тұқымдары тек басымдықты дақылдар бойынша, минималды нормаларсыз субсидияланатын болады. Сонымен бірге, жеміс-жидектер мен жүзімдердің таңдаулы көшеттерін, бірінші буындағы гибридтерді субсидиялау жалғасады, деп атап өтті ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.
Биыл мемлекет АӨК-тің 1500 субъектісіне көктемгі егіс және оны жинау жұ­мыстарын жүргізу үшін шекті мөлшерлемесі жылына 6%-тен аспайтын қаржы­лан­дыруды жүзеге асырады. Осы жылы көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын қаржыландыруға бюджеттен 60 млрд. теңге бөлінген.
2017 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқым сепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық, 5 мың бүркуіш, 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені бар. Тракторлардың дайындығы – 86%, тұқым сепкіш – 89%, қопсытқыштар – 91%, тұқым сепкіштерді толтырғыш – 91% деңгейінде дайын. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізумен қамтамасыз ету мақсатында дизельдік отынның 375 мың тонна көлеміндегі қажетті көлемі анықталған. Наурыз айына тоннасына 148 мың теңге деңгейінде баға белгіленген.
Премьер-министр Үкімет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шешімдер қабылданғанын атап өтті.

Осыған байланысты барлық ауыл шаруашылық жерлері тиімді пайдаланылуы керек. Бюджетте егістік үшін қарастырылған қаражат қатаң түрде мақсатына лайық бағытталуы тиіс, бұл тұқымдарды субсидиялауға да қатысты.
Үкімет басшысы өзінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке Энергетика министрлігімен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, ҚазАгро холдингіне ақшалай қаражатты уақытылы бөлу және ауылдықтар үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Отырыстың екінші жартысында Үкімет индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылғы іске асырылу нәтижесін қарады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, барлығы бағдарлама мен оны іске асыру бойынша шаралар жоспарында 4 мақсатты индикатор және 10 нәтижелер көрсеткіші қарастырылған. Бағдарламада жоспарланған 10 нәтижелер көрсеткішінің 2016 жыл қорытындысы бойынша 8-і жүзеге асырылған. Нәтижесінде дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен қолданыстағы өндірістерді жаңғырту мен кеңейту бойынша еліміздің 7 өңірінде жалпы сомасы шамамен 68,7 млрд. теңге болатын 10 жоба іске асырылған. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, бағдарламаның индикаторлар мен нәтижелер көрсеткішінің жүзеге асырылу деңгейі 84,6%-ті құраған. Ал бағдарламаның іс-шаралар жоспарын орындау деңгейі 97,6 процентті құрады.
Жалпы, бағдарламаны іске асыруда 2016 жылға арналған нәтижелерді оң деп бағалауға болатынын ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те алға тартты.
Премьер-министр Мемлекет басшысы өз Жолдауында индустрияландыру мәселелерінің маңызды рөлін көр­сеткенін, Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға бай­ланысты тапсырма жүктегенін атап өтті. Бізге индустрия 4.0 элементтерін енгізумен қатар, өнеркәсіптің базалық сала­ларын технологиялық қайта жарақтандыру бойынша ауқымды әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс жасау қажет, деді Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, Премьер-министр еңбек өнімділігін одан әрі арттыру мәселелеріне баса назар аударудың және қазірдің өзінде салалық министрліктер мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп кәсіпорындармен бірге нүктелік жұмыстарға кірісу қажеттігін айтты.
Премьер-министр қазіргі сәтте Үкіметтің инвестицияларды тарту жүйесін өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын және биылғы жылдың маусым айының соңына дейін инвестицияларды тарту бойынша ұлттық стратегия әзірленетінін, сонымен қатар бірыңғай ақпараттық-мони­торингтік жүйе енгізілетінін атап өтті. Бұл шаралар инвес­тициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Сонымен қоса, Б.Сағынтаев жұмыс көрсеткіштерінің бірі инвесторларға ұсынуға болатын пысықталған жаңа жобалар болуы тиіс екеніне назар аударды. Осыған орай, индустрияландыру басымдықтарына сай келетін жобаларды сапалық тұрғыдан іріктеуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Сонымен қатар, Премьер-министр Мемлекет басшысы Үкімет алдына шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру туралы міндет қойғанын айтты. Қойылған міндетті жүзеге асыру экспорттық қолдау жүйесін «қайта жүктеу» бойынша жүргізілетін жұмыстарды ескерумен және жалпы экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытумен жүзеге асырылуы тиіс.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Маминге аталған мәселелерді бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X