Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Жаңғыру тұрақтылықтан басталады

Ассамблеяның кезекті сессиясы өтеді

26 сәуірде еліміздің барлық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Астанаға жиналады. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының жиырма бесінші сессиясын шақыру туралы Өкімге қол қойды. Президент осы Өкіммен Үкіметке кезекті сессияны ұйымдастыру шараларын қолға алуды тапсырған.

Елбасының төрағалығымен өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының әрбір сессиясы елдегі бейбітшілік пен келісім атмосферасын сақтау – басты міндеті болып табылатын ассамблеяның алдына нақты, тың бағдарлар қояды. Осы секілді Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті 25-сессиясы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен өткелі отыр.
Ассамблеяның өткен жылғы 24-сессиясы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабыл­дануымен ерекшеленді. Экономика, саясат, наным мәселелері бірге көрініс тапқан бұл маңызды құжат ассамблеяның барлық буындарында, ғылыми ортада, саясаткерлер, мәдени сала қызметкерлері және кәсіпкерлер арасында кеңінен талқыланғаны мәлім.
Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері бұл басқосуда да келелі мәселелер, игі бастамалар көтерілетініне сенімді. Жыл сайын ассамблея сессиялары өз деңгейінде өтіп тұратынын атап өткен Астанадағы Өзбек этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовтың айтуынша, ұлт Көшбасшысы жаңа тапсырмалар беру арқылы ұйымның жұ­мысына жаңа серпін беріп отырады.
– Біз қашанда Елбасынан игі бастамалар күтеміз. Оның жүргізіп отырған сарабдал да салиқалы саясатын қолдаймыз. Президент бізге осы күнге дейін дұрыс жол көрсетіп келеді. Сол жолмен жүріп келе жатқан біздер ешқашан адасқан емеспіз. Кезекті сессияда елді дамытуға бағытталған жаңа жолдар көрсетіліп, тың бастамалар көтерілетініне сенімдіміз. Мемлекет басшысының тапсырмалары толықтай жүзеге асса, сөзсіз, еліміз әрі қарай дами береді. Соның арқасында Қазақстан әлемнің озық елдерінің қатарына қосылатынына кәміл сенеміз, – деді ол.
Бұл мақсатта Өзбек этномәдени орталығы тапсырмалардың дұрыс орындалуына, жалпы мемлекеттіліктің нығаюына, қоғамда бірлік пен келісімнің орнығуына сүбелі үлес қосуда екен. Шерзод Пулатов Қазақстанда тұратын өзбектер қазақ халқымен қатарласа, ел дамуына барынша атсалысқысы келетінін жеткізді.
– Біз түркітілдес халықтар болғандықтан, тілдеріміз ұқсас. Бүгінде Қазақстандағы өзбек­тердің 99 пайызы қазақ тілін меңгерген. Жастарға мемлекеттік тілдің қаншалықты маңызды екенін сездіріп жатырмыз. Оларға тіл меңгеруге бар мүмкіндік жасалған. Бұл да Елбасының жүргізіп отырған оңтайлы саясатының бір көрінісі, – деп атап өтті бірлестік төрағасы.
Өз тарихында Қазақстан халқы ассамблеясы ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Елбасының бастамасымен құрылған бірегей орган бүгінде 17,6 миллион халқы бар Қазақстандағы 130 ұлт пен ұлыстардың басын біріктіріп отыр. Оның қызметі мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеу және жүзеге асырумен, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етумен байланысты.
2007 жылдан бері институттың жұмысын жаңғыртып, жетілдіру бағытында конститу­циялық реформа аясында заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізудің нәтижесінде ассам­блея мүшелерінен Парламент Мәжілісіне тоғыз адам сайланып келеді. Оған қоса Мәжіліс­тегі депутаттық топ қоғамдық келісім мен бейбітшілік мәселелерін талқылайтын тиімді диалог алаңына айналуда. Осындай өзгеріс­тер ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлін айтар­лықтай арттырғаны анық. Одан кейін 2008 жылы еліміздің Президенті «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Осылайша, Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды.
Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкі­лікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалып­тастыру процесінде республикадағы этнос­аралық келісімді қамтамасыз ету. Негізгі міндет – этносаралық қатынастар саласында мем­лекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құн­дылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, ассамблея мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалып­тастыруға көмектеседі.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X