Валюта бағамы: $ 326.88 364.9 5.47 ¥ 47.85

Үздік университетте оқу – талапкер арманы

«Арман – ойыңды жетелейді, ой – өзіңді жетелейді» демекші, алдағы уақытта барлық мектеп түлектерінің ойлары жақсы, үздік, бәсекеге қабілетті жоғары оқу орны дұрыс таңдау болып отырғаны бәрімізге мәлім.

Елбасының биылғы «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген 5 негізгі басымдықтың ішіндегі 4-ші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Ал адами капитал деген не? Ол ең алдымен адамның денсаулығы және білімі! Олай болса білім алуда және өмірде капитал құруда біз жақсы жолды таңдауымыз қажет.
Заманауи қоғамда кез келген инновацияларға бейім сапалы білім беру және отандық ғылымды дамыту – әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық прогресс бағытындағы бәсекеге қабі­леттілікті арттырудың негізгі көрсеткіші екені ақи­қат. Сондықтан заманауи білім берудің өзекті мә­се­лелері – цифрлық технологиялар, цифрлық экономика және әлеуметтік трансформациялық жаңғыртылған жаһандық кеңістікте өмір сүруге дайын, әрі оны жақсартуға ықпал ететін креативті, шығармашыл, белсенді, әлеуметтік жауапкер­шілікті, терең білімді, патриотты кәсіби мамандар дайындауда жатыр.
Жоғары білімді, бәсекеге қабілетті ұлт болуымызды жүзеге асырудың міндеті әрбір тұлғаның жеке әлеуетін ашуға, әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламалар мен іс-әрекеттер үйлесімін қамтамасыз ету маңызды. Бүгінде осы бағытта елдегі адами зияткерлік капиталды қалыптастыруда өзіндік бай дәстүрі мен жаңашылдық әрекеттеріне сүйенген Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшылыққа ие, адамзаттың ұстазы, даңқты ғұлама-ғалым әл-Фарабидің атымен аталатын Қазақ ұлттық университетінің орны ерекше.
Айрықша атап айтатын жайт, QS World Univer­sity Rankings Халықаралық рейтингтік агенттігі (Ұлы­бри­тания) зерттеулерінің нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаһандық рейтингке ие университеттер қатарынан орын алды. 2016 жылдың әлемнің 800 үздік универсиеттерінің арасында ҚазҰУ 236-орынды иеленіп, «Тор-300» ең үздік әлемдік универсиеттерінің қатарына енді. Бұл рейтинг ең алдымен университет жайлы жұмыс берушілердің пікірі мен мансаптық әлеуетті көрсетеді. Яғни, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері – бірден бір бәсекеге қабілетті және мансаптық болашағы зор мамандар қатарын толықтырады. Сонымен қатар, осындай жетістік­ке ТМД елдерінің арасында жеткен университеттер саны санаулы, олар: М.Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Олай болса әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дипломына ие болу – бәсекеге қабілеті бар маман ретінде әлемдік мансаптық әлеуетке жол ашу!
Осы тұста, Елбасымыздың «әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық университеті – бұл тәуелсіз Қа­зақ­станның кадрлар дайындайтын негізгі орталығы», – деп айтқан сөзі университет ұжымына биік мақсат, зор міндеттер қоюына түрткі болып, атаулы жетістікке жетуге негізгі бағдар болғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде университетіміздің басшылығы барша ұжыммен университеттің жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялануға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемді білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізге ие істерді атқаруда.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті мемлекетіміздің тарихында алғашқы болып Ел Президентінің «Сапа саласындағы жетіс­тіктері үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Біз­дің университет Халықаралық университеттер Ассо­циа­циясының мүшесі және Еуразиялық университеттер ассоциациясының ұйымдастырушысы, Болон қаласында университеттердің Ұлы хартиясына қол қойған, IQNET халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық серіктестікте көптеген ірі халықаралық ғылыми-білім беру жобаларын қолға алған. Ол UNIFORM Project халықаралық консорциум негізінде Токио университетімен бірігіп Қазақстан тарихында бірінші рет сирек кездесетін жоба – отандық наноспутникті әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл әзірлеме басқа да жобалар сияқты Экспо-2017 көр­месінде таныстырылмақ.
2016 жылдың күзінде Түркия және Қазақстан елдері арасындағы ынтымақтастықтың дамуының тағы бір көрінісі ретінде, Түркия елінің Стамбул қаласында «әл-Фараби Еуразиялық зерттеу орталығы» ашылды, оның ашылу салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов қатысқан болатын. ҚазҰУ мен Стамбул университетінің өзара тиімді әрекеті біздің университеттің халықаралық қызметінің белсенділігін көрсетеді.
Сондай-ақ, 2017 жылдың 31-қаңтарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық дең­гейдегі ең маңызды – іс-шара Универсиаданың алауы жағылды, және де бұл «Универсиада-2017» ресми ашылу салтанатты іс-шарасы үлкен тарихи оқиғаға айналды.
ACCELS, ErasmusMundus-пен әріптестік пен білім беру бағдарламаларын Еуропалық агенттік­термен бірлесіп толық халықаралық аккредитациялау шетелдік студенттердің қызығушылығын арттыруда.
ҚазҰУ халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Өткен жылы Кореяның жетекші университеттерімен бірлесіп ашқан медициналық орталық пен қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің (ҚДСМ) ашылуы ЖОО үшін үлкен жетістік.
Қазіргі таңда университетіміз – сіздерге алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын инновациялық жоғары сапалы білім беруден терең ғылымды игеруге, бейімделген білім ордасына айналып отыр десек артық емес. Университет құрамында 15 факультет, 10 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады. Екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері т.б мемлекеттік атаулы сыйлық лауреаттары қызмет етеді. Сондай-ақ, университетте еліміздің барлық өңірінен және алыс-жақын шет елден келген 18 мыңнан астам бакалавр студенттері мен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар, докторанттар білім алуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білікті ғалымдар­дың ордасы болғандықтан, мемлекет тарапынан және халықаралық деңгейде жүзеге асып отырған фундаменталды және қолданбалы жобаларды зерттеу мен қаржыландыру осы ортаға шоғырланған. Сонымен қатар, ҚазҰУ түлектері мен ғылым-білімге жанашыр демеушілер арқасында арнайы эндаумент қоры құрылып, ғылымның дамуына және әлеуметтік жобаларды қолдауға жұмсалуда.
Университетте студенттердің рухани мәдениетін қалыптастыру, дамыту мақсатында «Айналаңды нұрландыр», «Салауатты дене тәрбиесі», «100 кітап», «ҚазҰУ-Гринкампус» секілді бекітілген, баламасы жоқ инновациялық әлеуметтік жобалар аясында көптеген іс-шаралар атқарылып, нәтижесінде оң өзгерістерге қол жет­кізіліп, жоғары бағалануда. Университеттің көп салалы инфрақұрылымының негізі – біліктілікті көтеру институты, әскери ма­мандандыру кафедрасы, теңдесі жоқ ҚазҰУ қалашығы мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, 14 – студенттер үйі мен 1 – жас ғалымдар үйі, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 300 – орындық интернет орталығы, спорт кешені, тамақтану комбинаты, кинотеатр, Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру лагері және ең заманауи құралдармен жабдықталған көп функционалды әл – Фараби кітапханасы қызмет көрсетеді.
Қымбатты талапкерлер, білімнің қара шаңы­ра­ғына айналған университетіміздің ірі құрылым­дық бөлімшелерінің бірі болып табылатын Эко­но­мика және бизнес жоғары мектебінде (ЭжБЖМ) білім алып, қазір ұстаздық етудеміз. Бұл біз үшін жақсы абырой әрі өзімізді оқытқан ұстаздарымызбен тыңдаушы шәкірттеріміздің алдында үлкен жауап­кершілік жүктейді. Мұнда оқу кредиттік жүйе та­лаптарына сай, заманауи инновациялық әдістемелерді қолдану арқылы классикалық білім берудің үздік дәстүрлері негізінде жүргізіледі. ЭжБЖМ Экономикадан «бакалавр» біліктілігінде «Экономика», «Менеджмент», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Логистика», «Маркетинг» мамандықтар бойынша мамандар дайындайды. Ғылым мен педагогикалық қызметке бейім студент түлектер ғылыми-педагогикалық (2 жыл) немесе бейіндік (профильді – 1 жыл) бағыттардағы магистратураға, кейін док­торантураға (PhD 3 жыл) түсу мүмкіндіктері бар.
ҚазҰУ түлектері ҚР Президенті әкімшілігінде, Парламентте, Үкімет үйінде, мемлекеттік мекемелерде, қаржы секторында, ірі өндіріс, сауда корпорацияларында және жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келеді. Биік белестерден көрініп жүрген түлектеріміздің қазіргі студенттерге үлгі болып, өз салалары бойынша лидерлік дәрістерін өткізіп тұратындығын айта кеткен жөн. Осындай дәстүрді жалғап келе жатқан түлектердің ұрпақ сабақтастығы тағылымы баршамызды қуантады.
Сонымен, өзіміздің университеттің құрметті академик-ғалымдары айтқандай, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ мойындалған халықаралық беделге ие, әлемнің мыңдаған университеттері рей­тингіндегі оның жоғары көрсеткіші еліміз үшін үлкен жетістік болып саналады. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның әлемнің дамыған 30-елдің қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға және «Мәңгілік ел» құруға қосқан универ­ситеттің нақты үлесі.
Қадірлі ата-ана және қымбатты талапкер, білім­мен сусындап «Мәңгілік ел» мұратында тәуел­сіз Қазақстанымыздың кемелді, парасатты азаматы әрі маманы болуды әркім-ақ мақсат ететіндігі мәлім. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, үлкен арман керек адамға» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, сол арманды жүзеге асыру жолында дұрыс таңдау жасау өз қолыңызда, қымбатты талапкер!
Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және Бизнес жоғары мектебі іргелі білім беру ордасы ретінде, талапты, дарынды талапкерлердің таңдауын қолдаймыз және де Сіздерді білім, ғы­лымның үлкен қара шаңырағында көреміз деп үміттенеміз!

И.КУЛИЕВ,
Г.ИЛЯШОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және бизнес жоғары
мектебінің оқытушылары


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X