Валюта бағамы: $ 323.13 367.08 5.43 ¥ 47.53

Алаштың ардақты азаматы

        Қай кезде болмасын, белгілі бір қоғамның даму жолын алға жылжытуда айрықша рөл ойнайтын жекелеген тұлғалардың феномені зерттеуші қауымға белгілі. Өз ұлтының тәуелсіздігі, жарқын болашағы үшін тер төккен осындай ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді.

Яғни, біз тарихымызды қазақстанның қазіргі мемлекеттігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлғаларды, нағыз елжандыларды ұмытпауымыз керектігіне Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ерекше назар аударады. Қазақ халқының тарихында ерекше рөл ойнаған, ардақты алаш азаматтарының бірі Нәзір Төреқұловтың да ұлтымыздың өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуіміз орынды екендігі сөзсіз.

Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Ол кісіні ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.

Қазақ халқынан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, саясаткер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, реформатор-ағартушы, баспагер журналист және ұлт жанашыры Нәзір Төреқұлов өмірі келер ұрпаққа үлгі-өнеге, ал Нәзір аты қазіргі дербес Қазақстан мемлекетімізде қандай да бір ұлықтауға лайық. Ардақты азаматтың жазықсыз айыпталғанына да, міне, биыл  80  жыл толып  отыр. Ал Нәзір Төреқұловтың дүниеге келгеніне 125 жыл.

       Халық өз атынан сөйлеген, елім деп еңіреген небір ерлерін бәйгеге қосқан. Солардың көбі сыннан сүрінбей өтіп, өз есімдерін халқының тарихына алтын әріптермен жаздырып қалдырған. Осындай мақтан тұтар, өмірі – мектеп, ісі – үлгі, жұлдызы – жарық, даңқы – асқақ ардагерлеріміздің бірі – Нәзір Төреқұлов. (Т. Қожакеев. «Мәдениет және тұрмыс». №12, 1989 ж.).

Кешегі патшалық  Ресейде, Кеңестің уысында болған 70 жылдық бұлқыныс дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды қайраткерлер бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын.

  Жазушы Мұхтар Мағауин «Ата-баба салған жол, нұсқаған үлгі – Темірқазық жұлдызы сияқты айнымас биікте тұра бермек. Заман өзгереді, ұрпақ жаңарады, ал ұлт мұраты – барлық уақытта біреу-ақ, ол – еркіндік, келер ұрпақтың бақытты өмірі. Нәзір де, Алаштың басқа азаматтары да осы мұрат жолына бас байлаған болатын», деді.

«Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмететудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұлов болып табылады», – деп жазды аса дарынды халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов, дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың «Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітабына берген алғы сөзінде.

Нәзір    Төреқұлов    Ресей    отаршылдығының    Түркістан    халықтарына қаншалықты  қасірет алып  келетінін  жан-жүрегімен  сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте,     Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған мақалалары мен баяндамаларында    бүкпесіз айтқан. Патшалық Ресей мен большевиктер билеген Ресей Түркістанды шикізат   өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың   өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет ашып, аяусыз әшкерелеген.

Н.Төреқұловтың саясаткер ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына – аса күрделі, қым-қуат, ғаламшардың алтыдан бір бөлігінде ауқымды әлеуметтік тәжірибе – жаңа қоғам орнату тәжрибесі жүргізіліп жатқан уақытқа тұспа-тұс келді. Осынау қиын, Орталық Азияның халқы үшін болашақ тағдырды айқындайтын кезеңде Н.Төреқұлов Түркістандағы ең жоғарғы мемлекеттік һәм партиялық қызметтерде болды. Оның өз мұратынан ешқашан айнымайтын ұйымдастырушылық және насихатшылық қабілеті алғаш рет тап осында байқалады. Ол заманының зәйіліне бейімделуді әсте ойына алмаған, өзінің мұратына сай ғұмыр кешіп, еңбек еткен, жарқын болашаққа, әділеттің салтанат құруына сенген.

Оның Түркістан халықтарының басын біріктірудегі тарихи еңбегі орасан зор. Акмал Икрамов, Абдулла Рахымбаев, Қайғысыз Атабаев және Түркістан өлкесінің басқа көсемдерімен етене араласқан Нәзір осы өлкедегі бірігу процестеріне нақты ықпал ете алатын, солай етті де.

Қуатты интелект, ерен білімдарлық Н.Төреқұловты туған өлке халықтарын жаңаша жаппай ағартудың басы-қасына алып келді. Шынына барсақ, Ташкентте, кейіннен алғашқы қазақ жоғары оқу орындарының бірі педагогикалық институтқа айналған Қазақ ағарту институтын ұйымдастыруға тікелей қатысып, Қазақстандағы осы заманғы жоғары мектептің негізін қалаған нақ сол.

Нәзірдің ата-бабасы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының маңындағы Қандөз ауылының төл баласы. Болашақ кеңес дипломаты, мемлекет қайраткері, ғалым 1892 жылы қазан айында Сыр бойының Түркістан өңірінде мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Әкесі Төреқұл заң және сауда қызметкері. Анасы Гүлбаһрам – тәжік қызы – аса діндар адам болған. Төреқұлдың үш баласының тұңғышы Нәзір, екінші ұлы Әбдіқадыр және Фатима атты қызы болды. Балалық, жастық шағын Қоқан қаласында өткеріп, осындағы медреседе, орыс-түзем мектебінде оқып, 1913 жылы Қоқан коммерция училищесінің сегізінші класын ойдағыдай аяқтаған Н.Төреқұлов, Мәскеудегі қазіргі Г.В.Плеханов атындағы экономикалық университеті ретінде белгілі Мәскеу коммерция институтына оқуға түседі. Мұнда экономикалық пәндерді оқып үйренумен қатар, Нәзірдің өзі бала жасынан зор қабілеттілігін танытқан шет тілдерді үйренудің жаңа мүмкіндігі туды. Орыс және түрік тілдерін жетік біліп, француз бен неміс тілдерінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жетті. Мәскеу коммерция институтының 3 курсынан 1916 жылы өз еркімен Батыс майданының «Земсоюз» нұсқаушылығына сұранып, Орта Азия жастарының саяси күресін бастаған серкесіне айналды. Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір, 1917–1920 жылдары үгітшілік, сауат ашу т.б. идеологиялық жұмыстармен айналысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ», газеттеріне редакторлық жасады. Минск маңында Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйымның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді.

Яғни, Нәзір Төреқұлов XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері! Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір күндерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты. Ол бірде ағартушы, бірде баспагер, енді бірде Елші болып бой тастайды. Соның қай-қайсысында да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті.

        Н.Төреқұлов жастардың белсенді жетекшісі Ғани жайында: «… Көзден таса болуын сүймейтін жүрек жас Ғани өлді дегенге сенбейді, жоқ сенуге болмайды. Кісінің сенгісі де келмейді. Жас Ғаниды көзі көрген, сырын білген жанның жылы жүрегіне бұл ауыр қаза зілді, жанды жара салады. Әрине, қиын. Адамның толық тұлғасы Ғани. Жалпының туғаны, қаһарманнан ажырау оңай емес. Өлді деуге сия ма? Жоқ. Қазақ жасынан шыққан жас Ғани жас өмірін Орта Азия еңбекшіл жастарын ұйымдастыру жолына арнаған. Ғани біздің алдымызда мәңгі жасамақ. Бұл жастар ұйымына оңай болған жоқ. Тездеп Ғанидай ердің орнын толтыру қиын… Қош Ғани! Қош ардақты Ғани! Сенің ұмытылмас түр, рух әм әдеппен айтқан өсиетің миллиондаған Күншығыс еңбекшіл жастарының жүрегін оятып, коммунизм жолында мәңгі жасамақ», – деген болатын.

Нәзір Төреқұлов үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916-17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны өздеріңізге мәлім. Демек Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға – Нәзір Төреқұлов! Ташкентте «Темірқазық» журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты отты публицист ретінде танимыз.

          Нәзір Төреқұлов «Біздің алдымызда қазір жаңа тарихымыз майданға қойған әрі шешілуі қажет мәселелердің бірі – тіл һәм әдебиет мәселелері екені шүбәсіз …

          …Ұлт әдебиетімізді майданға шығармақ үшін, ең әуелі, өз тұрмысымызды білмегіміз, үйренбегіміз, ел аузындағы әдебиетімізді жиып, тәртіпке, белігілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды әр жақтан білмегіміз керек. Бізге ұят: халқымыздың бай әдебиетін, оның ертегілерін, мақалдарын, күйлерін, жырларын білуге, жинауға құштарлығымыз жоқ. Егер халық аузынан жазып бір жерге жинасақ, оларды тәртіпке салсақ, әдебиетіміз, ғылымымыз үшін бір пайда шығара алатын кісілер табылып қалар еді…» – деген болатын.

          Түркістан түлегі – Нәзір Төреқұлов қазақ әдебиетінің Сәкен Сейфуллиндей, өзбек әдебиетінің Чулпондай, Абдолла Қадыридей айтулы тұлғаларымен аяусыз сынасқан, тәжіктің Садриддин Айнидей қаламгері кітабына алғысөз жазған, атақты түрколог Бартольдтың Түркістан туралы еңбектерін ғылыми саралаған сарабдан сыншы. Нәзір – білімдар әдебиет сыншысы болатын. Сыншы кісі кейде ұнай бермейді. Эстетика талабын айтқан Нәзір Сәкенмен, кейде Мағжанмен қиғаш келіп қалып жүрді. Кіммен қандай қатынаста жүрсе де, Нәзір жеке бас қамын  ойламаған адам, халық қамын жеді, әдебиет ағарту мәселесін сөйледі.

Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін игерген – полиглот азамат, игерген білімін іске жаратқан үлкен оқымысты ғалым.

1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын.

Бұл съездің жұмысына 131 түркітанушы ғалым, мұғалім, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, т.с.с. қатысқан болатын. Олардың арасында 5 қазақ – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омаров және Бай-Сейдули Азиз болды.

Осы съезде түркі тілдес халықтардың жазбасын араб әліппесі негізінде жасақтауды жақтап сөйлеген кейбір ұлт өкілдерінің пікірлерін сынап, түркі тілдес халықтардың барлығының бір қаріпті – латын қарпін қабылдауын негіздеп сойлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов болды. Яғни, оның сөйлеген сөзі: «…Ең алдымен түрктанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бір де бір үн шықпады, демек ескі араб сауатының күні өткені, арамызда біржола кеткені деп түсіну керек.

… Бәсекеге түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі… Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби  –  Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа әліпбиі».  Яғни ол, латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра Морфологиялық зерттеу жүргізді. «Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітаптар ұйымдастырып, басып шығарып отырды.

 Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын  қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп атап өтті. Қазіргі таңда бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Осы мәселе бойынша ғалымдар, тілшілер, саясаткерлер, қарапайым халық арасында қызу пікірталастар жүріп жатыр.

        Н.Төреқұлов  тіл, өнер-білім жөніндегі өз толғауын келесі тұрғыда айтып өтті:

  1. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді.
  2. Елдің елдігі, теңдігі өнер-білімге байлаулы. Сондықтан ел бастайтын сауатты оқығандарды көптеп шығару, дайындау керек.
  3. Орталық үкіметтің жарлықтарын әрбір ұлттық топтардың тұрмыс ерекшеліктеріне лайықтауға әсер етеміз. Бұл ұлттық бөлімдерді (қазақ, өзбек, түркімен) ашу кезінде біз осындай мақсатты алға тартқан едік.
  4. Алдымен айтып алайық, патша үкіметі Ресейде орыстан басқа ұлт бар деп білмейтін, білгісі де келмейтін еді. Патшаның мақсаты мынау: бұратаналардың біржолата тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу.
  5. Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға, әдебиеттің жоқтығы секілді бөгеттермен арпалысуға тура келіп отыр.
  6. Көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ тұмағын кимей кіріп барады. Басқаның сөзін бұзбай айтамын деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың.

Нәзір Төреқұлов Қазақстандагы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мөскеуде 1922–28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. Міне осындай білімді зиялыларды кітап шығару ісіне қатыстыру арқылы Н.Төреқұлов Шығыс баспасының жұмысын жандандырып жіберді, ұлт тілдерінде жазатын қаншама жазушы, ғалымдардың елге танылуына жәрдемдесті. Нәзірдің бұл әрекеті ұлт саясатын тар мағынада формальды түрде  жүргізіп отырған кеңес үкіметінің басшыларына ұнаған жоқ.

1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком председателінің орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Нәзір Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық атқару Комитетінің төрағасы ретінде Қырғыз Республикасының этнографикалық құрылымына және тұрмыстық ерекшіліктеріне сәйкес болып келетін Красноводск уезінің Маңғышлақ уезі мен №4 және №5 Адай болыстықтарын Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономиялы Республикасына беру жөнінде 1920 жылы 16 қазанда №341 Декретіне қол қойған болатын. Міне осы Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Нәзір Төреқұловтың  жемісті еңбегінің нәтижесі екенін көреміз.

1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты секретары қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан Республикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды.

1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Москваның жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ береді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темірқазық» журналын шығара бастады. Журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады». (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». № 16, 1923 ж).

Көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлов партиялық   және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің    алғашқылары қатарында Түркістан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркістанның қызыл жылнамасы» журналын аяғынан қаз бастырып тұргызып жіберді. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып, мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтар оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлов болды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес мәдени шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдаған. Адамзаттық құндылықтарды игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырған.

Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы «Түркістанның қызыл жылнамасы» журналын аяғынан қаз бастырып тұргызып жіберді.

Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қызметі аса бір күрделі қиын кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарга «орталықтан жіберілген басшылар… дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты… орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды…». Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.

Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. «Ислам және коммунизм» атты мақаласында ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарады. Мұсылман халықтарының жағдайларын жақсарту мақсатында 1929 жылы бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жұмаға ауыстыру, ораза, құрбан айт сынды мұсылман халықтарының мерекелерін демалыс деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен тең еді.

Н.Төреқұловтың оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды.

        1925 жылы өткен І бүкілодақтық мұғалімдер съезінде жасаған  Н.Төреқұловтың «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндамасының басты қағидалары келесі тұрғыда болды:

  1. Ұлттық мәдени-ағарту мекемелерінің қолдағы бар жүйесі орнықтырылып, ол мемлекет бюджетінің есебінен біртіндеп кеңейтілсін.
  2. Аса мұқтаж болып отырған аудандарда ұлттық мектептерге арналған ғимараттар салу туралы мәселе кезекке қойылсын.
  3. Тұрмыстық салт-дәстүр салдарынан ортақ мектептерде әйелдер бірге оқи алмайтын ұлттық республикалар мен облыстарда (Орта Азия республикалары, Әзірбайжан) әйелдерге білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінсін.
  4. Кеңес өкіметінің жергілікті органдары арқылы, ұлт мұғалімдерінің белсене атсалысуымен ұлттық мектепке көмектесетін әртүрлі қоғамдар ұйымдастыру жолымен бұқара халықтың оқу-білімге қазірдің өзінде байқала бастаған ынтасы барынша пайдаланылсын.
  5. Ұлттық республикаларды, облыстарды және аз ұлттарды шаруашылық жағынан өрлетуде айрықша маңызы бар арнайы кәсіптік-техникалық және ауылшаруашылық мектептерін дамытуға ерекше көңіл аударылсын.
  6. КСРО-ның барлық ұлт мұғалімдері орыстармен қатар деревняның қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырылсын (ликбездер, сауатсыздықты жою қоғамдары, кооперативтер, т.б.).
  7. Ұлттық педагогикалық техникумдар мен мұғалімдер институттарының жаңа мұғалім кадрларын дайындаудағы жалпы жұмысымен қатар, қолдағы бар мұғалім кадрларын жыл сайын және жүйелі түрде қоғамдық-саяси тәрбие ғана емес, педагогикалық тәрбие беру тұрғысынан қайта даярлау курстары ұйымдастырылсын.
  8. Таңдаулы ұлттық және аз ұлттар мектептері мен мұғалімдерін жүйелі өсіріп отырудың барлық шаралары қолданылсын; жергілікті баспасөзде ұлттарды ағарту ісіне қазіргі кеңестік жұртшылықтың өзекті мәселесі сипаты берілсін.
  9. Орталық пен жергілікті жерлерде баспа жұмысын күшейтуге барынша көңіл бөлініп, мемлекеттік баспалармен қатар әрқилы ұлттық кооперативтік баспалар мен ұйымдардың бастамасы мен қызметін пайдаланып, ынталандыру арқылы ұлттық мектепті оқулықпен, кітаптармен, көмекші құралдармен, мұғалімдер басшылыққа латын арнайы басылымдармен неғұрлым толық қамтамасыз етудің барлық шаралары қолданылсын.

Осы кездері Нәзір Төреқұлов Ташкентте әуелі қазақ ағарту институты аталған, кейіннен жоғары педагогикалық институтқа айналған оқу орнын құрудың басы–қасында жүрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы түңғыш жоғары оқу орны болғанын жоғарыда айтып өттік.

Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылыми академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қояды.

Н.Төреқұлов 1922-1926 жылдары Мәскеуге шақырылып, КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласқан. Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары, «алашордашылдарды» қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке орай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып атылған.

Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда Кеңес Үкіметінің басшылық қызметтерін атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетән арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түрік тілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықтармен етене араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулы. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінбегі жарияланған мақалалары езілген халықтарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берумен болды.

Түркістан Орталық комитетінің төрағасы болып жүріп жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе, жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда.

1927 жылы Нәзір Төреқұлов БКП(б) ОК-нің және КСРО Сыртқы істер халық комиссариатының резервіне алынады. Яғни, Сыртқы істернаркомы тәжірибесі мол, біліміді адам ретінде оны осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары Нәзір Төреқұловтың кандидатурасын жақтаған КСРО Сыртқы істер халық комиссариаты Сталиннің атына ресми хат жолдайды. Сталин Оны осы орынға лайықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қарашасындағы Саяси бюроның мәжілісінде (№137 хаттама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және біріктірілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қабылданады.

         1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Аравиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлөмді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Аравиясына КСРО-ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті.

         Қоғам қайраткері, еліміздің ардақты азаматы Мырзатай Жолдасбеков – «Көріп жүргеніміздей республикамызда шығыстану ғылымы, білім, дипломатиялық қызмет бұл күндері қарқын алып келеді. Алайда олар жоқтан бар бола салмаған, озық ойлы қазақ зиялыларының аталмыш салаларда белгілі бір кәсіби һәм өрелі өріс қалыптастырғанын мойындауымыз керек. Мұны ауызға алғанда, біз оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы, ірі дипломат, шығыстанушы ғұлама, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың лайықты еңбегін есте тұтамыз» деп шынайы сезімін білдірген болатын.

XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ интеллегенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлов өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды.

Нәзірдің көп тілді меңгергендігі түрлі ұлт авторларының ой-өрісін, білім қуатын, саяси бағытын баспасөз бетіндегі еңбектеріне қарап бағалауға мүмкіндік берді.

Отызыншы жылдары қатаң қудалауға ұшырап, тоталитарлық режимнің құрбаны болған қазақтың ең талантты ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловтың ерекше тұлға екендігін уақыт айқындап беріп отыр. Өз мемлекетінің ұлттық мүдделерін қолдауда оның шешкен мәселелерінің ауқымдылығы орасан зор. Жаңа түрік алфавиті жөніндегі комиссияның төрағасы болды және араб графикасын латынға аударуды негіздеді. Н.Төреқұлов өзін тамаша дипломат ретінде ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі мемлекет басшысы ретінде көрсете білді. Түркістан Республикасының көшбастаушысы ретінде Н.Төреқұлов Орта Азиядағы көрнекті және белгілі тұлга болды. Түркістан мемлекетін орнатудағы, түрік тектес халықтарды жаңа алфавитке (әліпбиге) көшірудегі, ғылым, білім, мектеп саласын дамытудағы еңбектерін айрықша атап өте аламыз.

Әрдайым отансүйгіштік асыл қасиеттермен адал қызмет атқарған айтулы азаматтың сыртқы саясат саласында қалдырған өзіндік қолтаңбасы қазақстандық дипломаттар үшін теңдесі жоқ, құндылықтардың бірегеиі саналады.

Халықаралық қауымдастықта мәртебеміз биіктеп, беделімізді әлем мойындаған осы кезеңде өмір тоқынының әр-қилы иірімдерінен өткен маңдайалды тұлғаларға тағзым етіп, олардың рухын асқақтатуға кішіге өнеге, үлкенге құрмет екендігі айқын.

Яғни, Н.Төреқұловтың есімі тұңғыш қазақ елшілерінің бірі ретінде Қазақстан дипломатиясында мәңгілікке жазылған. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ  –  жаушыдан» деген қанатты сөзіне сай, Н.Төреқұлов Кеңестер Одағының Таяу Шығыстағы саясатын ілгерілету үшін маңызды ел болған Сауд Аравиясымен дипломатиялық қарым–қатынастарының бастау-бұлағында тұрып, өзінің миссиясын жоғары деңгейде атқарғаны белгілі.

Өзінің жоғары білімділігі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Аравиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасындағы бәсеке біздің қандасымыздың үлесіне шешулі оның табиғи мәмілегерлік қасиеттерін, қажырлы еңбегін көрсетеді.

Қазір бір жарым миллиардқа жеткен мұсылмандар ол кезде сан жағынан аз болып, Мекке мен Мединеге қажылыққа барғандар арқылы құн санап молайып, әсіресе білім мен ғылымның шыңына шыққандардың ислам дінін қабылдауы арқасында абыройы артуының арғы бастауында қазақ азаматы Нәзірдің пәрменді  қайраткерлігі  жатқанын әркім біле бермейді.  Мемлекет пен мемлекеттің жақындасуы, қолайлы      сәтке      ғана      емес,      соны ыңғайластыра білетін елшіге байланысты.

Сауда-саттық, шаруашылық саласында жасаған ұланғайыр қызметімен қатар,  Король отбасымен жақын араласып игілікті көп істер атқарады, Король Әбдел Әзиз әл–Саудтың мұрагері Ханзада Фейсалдың КСРО–ға 10 күн бойы сапар шегуін ұйымдастыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, адами болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көрсетті. Ауғанстан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания елшілерімен де араласып, достық қарым–қатынас орнатуға мүмкіндік туғызуы, сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғызылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді.

 Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қатар «антагонистердің» – Англиядан, басқа да Батыс Еуропа елдерінен келген дипломаттардың тілін тапқан шеберлігі қайран қалдырады. Өкілетті өкіл корольмен, оның ұлдарымен де етене жақындасады. Ең ауыр тапсырманың өзін орындауға дайын тұру, туындайтын мәселелерді шын мәнінде мемлекеттік тұрғыдан шешуге ұмтылу Н.Төреқұловты кеңестік «алғашқы толқын» дипломаттары арасындағы жарқын тұлғаның бірі деуге толық негіз береді.

Н.Төреқұловтың Сауд Аравиясындағы сегіз жылға созылған дипломатиялық қызметі бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Ресейдің дипломатиясында да жоғары бағаланып отырғаны қуанышты. Сонымен қатар оның елшілік таланты мен күш-жігері Сауд Аравиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян.

Еуропалық білім алған, шығыс мәдениеті мен мәнерін бойына дарытып өскен, жергілікті салт-дәстүрлерді сыйлап, өзі мұсылмандықты ұстануы елші Н.Төреқұловтың дипломатиялық корпус арасында шоқтығы биік болуына өз ықпалын тигізді.

Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар      орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына     қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алаш ордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды.

Мұның басты себебі мынада жатыр. Сол бір сын кезеңде кеңестік басшылардың  мақсаты – ұлт ішіндегі ағайыншылыққа, рушылдыққа бөлінуді және ұлттық мүддеден   де жоғары діни, этникалық, территориялық сананы бір мезгілде жою болатын. Оның орнына, Мәскеу өз бетінше жасаған, не тарихи шындыққа, не жергілікті зиялылардың мүддесіне сәйкес келмейтін жаңа кеңестік мұсылмандъқ ұлттың шеңберінде шектелген тар сананы орнату көзделген. Бұл қисынсыз саясатқа қарсы шыққан кез келген Адам мүлтіксіз жазаланатын. Ал Н.Төреқұлов болса, осы Түркістан аймағынаи шыққан және мұсылман отбасында тәрбиеленген азамат болатын. Мұсылмандықты сақтауды насихаттап қорғаған және қолдаган. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Королъдігі және басқа түркітілдес елдермен етене араласуы да оның тағдырдың тәлкегіне ұшырауына себеп болды.

Осындай саясат негізінде 1937 жылында ел тарихындагы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың аяулы ұлдарының бірі Нәзір Төреқұлов та жазықсыз құрбан болып кете барды. Міне, қазақ даласыиың көзі ашық біртуар азаматының тағдыры осындай өкінішті оқиғаларға байланысты аяқталды.

Жалпы Н.Төреқұловтың Қазақстанның дипломатиялық  және саяси өмірінде үлкен рөлі бар. Ол ақиқат нәрсе. Оның есімі Таяу Шығыс елдер дипломаттары, араб тарихшылары арасында кеңінен тараған.

Н.Төреқұловтың тұлғасы Абай мен Шоқанның ұлы мұрасының ықпалымен Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және басқалармен рухани дидарласу арқылы қалыптасты.

Ұлты үшін ұлы есімге айналған тұлғаның шоқтығы мен биіктігі жайында елімізге танымал айтыскер ақынымыз Тәушен Әбуова өзінің «Нәзірге арнауында»  келесі тұрғыда жырлайды:

         Артыңда елің қалды жөн білетін,

         Осындай ағамыз бар деп жүретін.

         Рухыңа басымды иіп, тағзым жасап,

         Менің де жыр төгетін келді ретім.

        Жұлдыздай өте шыққан жалындаған,

        Дедік қой Нәзір ағам ғалым адам.

        Әруақты сыйлаған ел аман бол,

        Ырысың шығар, сірә, қалыңдаған.

        Қазағым, анау-мынау ел емессің,

        Сіздерге ақыл айтар мен емеспін.

        Сұлтанбек, Тұрар, Нәзір шықса сенен

        Құдай-ай, сен ешкімнен кем емессің.

Әрқилы себептермен, еліміз егеменді алғанша Нәзір ойдағыдай насихатталмады.

Тұғырлы тұлға Нәзір Төреқұлов атындағы қор 1993 жылы Түркістан қаласында Нұрмахан Назаровтың белсенділігімен құрылды. Қоғам қайраткері Ыбырай қажы Ысмаилұлы 1995-2005 жылдары  Н.Төреқұлов атындағы халықаралық қорына жетекшілік ету барысында, Нәзіртану жұмыстарын үлкен көрегенділікпен жүргізе білді. Мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, Түркі тектес халықтың мақтанышы Нәзір Төреқұловтың өмірін зерттеп, көпшілік қауымға жария етіп, Қазақстан тарихынан өз орнын алып беруде Ыбырай қажы зор еңбек сіңірді. Ол алаштың нағыз білімді азамат екенін дәлелдеп берді.

Содан бері Қоқан, Ферғана, Ташкент, Мәскеу мұрағаттарының құжаттары ғылыми айналымға ендірілді. Бұл ретте нәзіртанушылар ташкенттік Ш.Оразымбетов, С.Тілеуқұлов, Р.Файзуллаев, Ш.Турдиев, мәскеулік С.Әшірбекова, Б.Әбділдин, түркістандық М.Мырзахметов, алматылық Т.Қожакеев, Б.Қойшыбаевтардың қосқан үлесі мол болды.

Қор жұмысының алға басуына жанашырлық танытқан азаматтар: Р.Бердібай, Д.Ысқақ, Ә.Мұсақұлов, Н.Оразбек, Қ.Ергөбек, М.Байғұт, А.Найманбаи, Т.Адырбеков, Е.Бекқұлов, М.Наушабай, А.Наурыз,  Т.Байтас, Сәрсен Бек Сахабат,  Б.Жандарбеков, Ә.Сапарбаев, М.Қуандық және басқалары.

Орайында Нәзір Төреқұлов есімін алғаш еске салған, естелік жазған жазушы Жүсіпбек Арыстанов, профессор Бейсембай Кенжебаев, зерттеп кітап жазған Жолтай Әлмешұлы мен Сәрсен Бек Сахабат еңбектерін арнайы атау қажет. Н.Төреқұлов еңбектерінің бір томдығын құрастырып, бастырған баспагер Нұрмахан Оразбек есімі ілтипатқа лайық.

Белгілі ғалымдар Б.Кенжебаетың, Т.Қожакеевтің, Р.Бердібайдың, Ф.С.Бәкіровтың, С.Тілеуқұловтың, Ш.Оразымбетовтың, Қ.Әдезұлының, Д.Ысқақұлының, Б.Қойшыбаевтың т.б. еңбектерінде Н.Төреқұловтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы бірсыпыра бағалы пікірлер айтылды. Ж.Әлмешұлы Н.Төреқұловтың шығармашылығынан диссертация қорғады. Сондай-ақ, С.Қирабаевтың, Т.Кәкішевтің, Ш.Елеукеновтің, т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектерінде арнайы болмаса да ішінара Нәзірге қатысты пікірлер кездесіп қалып отырады.

Олардың ішінде, Қазақстан дипломатиясының жарық жұлдызы, саясаткер Н.Төреқұловтың алтын есімін әлемдік аренаға алып шыққан тарихшы-дипломат, танымал ғалым, мемлекет қайраткері Т.А.Мансұровтың еңбегі ерекше. Ол архив деректеріне, дипломатиялық хат-қағаздар мағлұматтарына сүйене отырып тұңғыш рет Нәзіртануға тың тараулар қосты. Оның  «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде бір мұқабаға жинақталып Мәскеуден жарық көруі, сондай-ақ «Жизнь замечателъных людей» секілді абыройы асқақ баспадан Тайыр Аймұхаммедұлының азаматтық ғұмырнамалық кітабының жарық көруі, тіпті қуанышты жағдай. Ол аударылып «Қазакстан» баспасы арқылы басылып кең тарады. Бұл кітабында қазақтан тұңғыш шыққан осынау кеңестік өкілетті өкіл туралы әңгіме егжей-тегжейлі өрбітіледі, сонау бір кезеңде кеңес-сауд қарым-қатынасының қалай қалыптасып, дамығаны жан-жақты қамтылады. Мұрағат метериалдарының негізінде саясаттану ғылымдарының докторы Т.А.Мансұров ақылды да жігерлі елшінің Кеңес Одағының Арабия түбегіндегі ықпалы жолындағы күресіне қатысты осыған дейін сырын ішіне бүккен фактілердің бетін ашады. Келешекте, Нәзіртану саласында жасалған осындай игілікті істер жалғасын таба  түспек. Нәзір Төреқұловтың ғибратты өмірі мен қызметі – әлі тиісті бағасын толық алмаған, терең зерттелмеген тың да соны дүние. Ендігі сол жәдігерлікті жалпы халыққа ұсынатын кез келді.

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі мәдени-экономикалық даму үрдісі осы саладағы бағыттарды да барынша айқын талдай түсуді қажет етіп отыр. Ол үрдісті байыпты зерттеп, зерделеу Тәуелсіз Қазақстанның жалпы адамзаттық мәдени-ғылыми даму жолындағы үлесін айқындап, рухани өсудің болашақ биіктерін саралап көрсетеді. Осыған орай, Елбасының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы орындалу үшін бізде бәрі бар. Еліміз дамыған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына, бай жер қойнауына, жоғары ғылыми және өндірістік әлеуетке  ие, халқы білімді және еңбекке қабілетті. Сонымен бірге шетелдегі достардың көп болуы сыртқы аренада беделді болу өте маңызды. Бұған әрине мемлекетіміздің әбден қалыптасқан сыртқы саясат қызметі жәрдемін тигізеді. Дегенмен ғылым мен өнер, спорт пен әдебиет саласындағы жетістіктердің де маңыздылығы жоғары. Т.А.Мансұровтың өкілетті елшінің даңқты істерінің шеңберінде Н.Төреқұловтың есімін танымал етуі осы бір игі міндетке толығымен сай. Осы кітаптың алғысөзінде академик Евгений Примаков келесі тұрғыда тамаша айтқан: «Ұмыт болған есім ортамызға оралып қана қоймай, сонымен бірге Таяу Шығыстағы КСРО дипломатиясы тарихының тұтастай бір қыртысының көтерілгені – осы кітап авторының зор еңбегі».

 Осынау жауапты орындарда өз халқының мүддесіне адал қызмет атқарып, оның бақытты болашағы үшін күресті, өз халқының тарихында айтулы соқпақ қалдырды. Бүгінгі және келер ұрпақ оның әруағы алдында басын иіп, мәңгі жадында ұстауға тиіс. Жаңа демократиялық мемлекеттің халқы өз елінің өткендегі және қазіргі тарихын жетік білгенде ғана алға басады.

2007 жылы Халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қайырымдылық қорының ықпал етуі  нәтижесінде,  «Алаш мұрасы» сериясымен  «Нәзір Төреқұлов» атты 5 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Шығармалар жинағында мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың қазақ, өзбек және орыс баспасөздерінде жарияланған баяндамалары, мақалалары, хаттары мен кейінгі зерттеушілердің ол туралы жазылған мақалалары топтастырылған. Сондай-ақ, 2011 жылы Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген режиссер Болат Шәріповтың «Өкілетті елші» атты Н.Төреқұлов жайында деректі фильмі жұрт назарына ұсынылды. Фильмде елшінің Кеңес Одағы кезінде сіңірген еңбегі, Ислам әлеміндегі алғашқы елші ретіндегі рөлі айтылады. Сондай-ақ Сталиннің, кіші елдерге жүргізілген Кеңес Одағының солақай саясаты баяндалады. Фильмде Өзіміздің, Ресейдің мұрағаттық материалдары пайдаланылған, сонымен қатар түрлі деректер Т.А.Мансұровтың Нәзір Төреқұлов жайында жазылған еңбектерінен алынған. Бұл фильмді түсірудегі негізгі мақсат – халқымыздың ұлы перзенті, қазақтың нар азаматы, мемлекеттік қайраткер, дипломат Нәзір Төреқұлов, өкінішке орай, кезінде елеусіз қалған тұлғаның атын, есімін келешек ұрпаққа, жастарға жеткізу болып табылады.

Сонымен, халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған алаштың адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік асыл тұлға азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Ер есімі ел есінде және болашақ ұрпақтың жадында нақышпен тасқа жазылғандай мәңгі қала бермек.

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
«Нәзір Төреқұлов» халықаралық
қайырымдылық қорының президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор

(Жалғасы келесі санда)


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X