Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Елдің рухани түлеуінің ұлы мейрамы

Әз Наурыз  Қазақстанның барлық аймағында ерекше салтанатты жағдайда өтуде

Ата-бабаларымыздың бағзы замандардан бері ұлы дала төсінде кеңінен тойлап келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамынан кешегі кеңес дәуірінде сәл көз жазып қалғанымыз рас. Бірақ, сүйегі асыл, жүрегі дархан халқымыз бұл мейрамды сол дәуірдің өзінде-ақ жасырын болса да тойлап, оның өз ортасын қайта табатынына имандай сеніп келді. Тәуелсіздіктің арайлы таңы бізге тіліміз, дініміз, ділімізбен қоса, ұлттық құндылықтар атаулының бәрін де алып берді. Биылғы ұлық мейрамы қарсаңында қазақстандықтарды Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаған сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұны ерекше атап өтті.

Астанада «Сарыарқа» велокешенінде эстрада жұлдыздарының көктем мейрамына байланысты өткен гала-концерті барысында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Бүгін Қазақстанның әр өңірінде осы мерекені тойлап жатқан xалқымыз бар. Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы. Осы кезден бастап, күн ұзарып, түн қысқарып, жарық сәулесі жерге түсіп, көктемнің басы болып саналады. Наурызда xалқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған.

Наурыз көже жасап, ағайын-туыс, көрші бір-бірімен қатынасып, дәм татып, болғанды естеріне түсіріп, ренжігендер бір-бірінен кешірім сұрап, көрісіп, қауышып, бір-біріне сүйіспеншілігін көрсететін болған. Руxани түлеудің ақжарма мейрамы болып саналатын бұл ғажайып шақта аспаннан алтын күннен нұр төгіліп, жерге алтын дән себілетінін білесіздер. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Шынын айтқанда, Наурыз қазақтың Жаңа жылы болып есептелуі керек. Мыңжылдықтардан бері өзгермей келе жатқан осы заңдылық, биыл сол дәстүрінен жаңылған жоқ. Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Ортақ мейрам барлық xалыққа. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды көрсетеді. Жаратылыс атаулы жаңғырып, осы керемет күнде жақсы тілекте болайық, ағайын!», – деп ағынан жарылған еді.
Елбасы, сонымен қатар, сөз барысында ата-бабаларымыздың қағидаларын орындай отырып, бірлік пен берекеден жаңылмаған xалық екенімізді еске салды. «Соның арқасында тәуелсіздігімізді тіктеп, кеше барлық жетістіктерімізді айттық. Ғасырға татитын 25 жыл ішінде күрес пен қуанышқа толы жылдарда xалқымыздың еңсесін көтеріп, қазақтың тұғырын жоғары ұстап келе жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Президент «Жаңғыру-3» бағдарламасы мен Конституциялық реформаларға тоқталып өтті. «Осы жақында біз «Үшінші жаңғыру» деген жаңа бағдарлама жариялап, xалықтың болашақтағы тұрмысын жақсартудың жолын айттық. Оның үстіне Конституцияға енгізілетін өзгерістер елдің болашағының тұрақтылығы үшін жасалған біздің болашаққа деген үмітіміз болып саналады. Киелі тәуелсіздігімізден бастау алатын барша құндылықтарымызды бекемдей түстік», – деді Президент.
– Биыл біз Наурызды ерекше көңіл-күймен қарсы алып отырмыз. Қазақстан елеулі жаңару бағытына бет бұрды. Мен Үшінші жаңғыру бағдарламасын жарияладым. Оның аясында саяси және экономикалық жүйені реформалау көзделген. Біз Конституцияға мемлекеттік басқаруды жетілдіре түсетін маңызды түзетулер енгіздік. Тәуелсіздігіміздің кепілдіктері нығайтылып, бірлік пен татулық бекем бола түседі. Бұл болашаққа сеніммен қарауға, қазіргі әлемнің дамуы жолындағы сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстандағы барлық өзгерістердің бір ғана мақсаты бар. Ол – әр үйде, әр отбасында, әр шаңырақта молшылық пен тұрақтылықтың болуы. Әр азамат өз елі үшін алаңсыз еңбек етіп, балаларын өсіріп, жаңа күнді қуанышпен қарсы алатындай болуға тиіс. Бұған еңбек ету арқылы қол жеткізіледі, оған мемлекет мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде бүкіл әлем бойынша жаңару нышанын танытып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін көктемгі күн мен түннің теңелер шағының айрықша маңыздылығын атап өтті.
– Бұл күндер халықты қуанышқа бөлейді. Мереке күндері жұрт бір-біріне қонаққа барып, бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріседі, бір-біріне игілік пен бақ-береке тілейді. Наурыз мейірімділік пен өзара көмек сияқты мәңгілік құндылықтарды еске салып тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы жұртшылықты Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, бақыт пен жақсылық тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді. Сондай-ақ, Елбасы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы этноауылға барды. Онда ұлттық бұйымдар көрмесі мен спорт сайыстары ұйымдастырылды.
Биылғы Әз Наурыз мерекесі Оңтүстік Қазақстан облысында ерекше өтті. Әсіресе, түркі әлемінің мәдени астанасы, қасиетті Түркістан қаласында өткен Наурыз мейрамының ерекше көз тоярлық сән-салтанаты мол, ұлттық бояу нақыштары бай, мағынасы терең таңғажайып көріністер сыйлауымен жұртшылық есінде қалғаны анық. Аршыған ақ жұмыртқадай ақ шаңқан үйлердің сәнді де, жарасымды түзілімін құраған далалық орда – киіз қалашықтың маңы ерекше думанды. Онда домбырамен де, қобызбен де, сырнаймен де ән салып, дөңгелене би билеп, жұртты таң тамаша қызық әсерлерге бөлеп жатқан өнерпаздар мен сал-серілердің жұлдызды шоғыры жиналған.
Түркістандағы Наурыз тойы халықаралық конференцияға ұласты. Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркістан және түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция шымылдығын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев түрді. Жиын барысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы Д.Қасейіновке 70 жыл толуына орай жолдаған құттықтау хаты мен төсбелгісін тапсырды. Академик, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осы оқу орнының ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың тату қарым-катынасы, қолдауы арқасында алғашқы құжаттарға өзі қол қойғанын еске алып, 1992 жылғы тарихқа тоқталып өтті. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты өлеңін оқып беріп, киелі шаһардың бүгінде басына бақ қонғанын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысында да Наурыз мерекесі ерекше жағдайда тойланды. Жұртшылық күнің сәл ызғарлы болғанын елеген жоқ. Мерекелік бас алаңдар халыққа лық толды. Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақалов аға буын өкілдерімен кездескенде Наурыз мейрамын биыл аулалық аумақтар мен тұрғын-үй жайларында да қарсы алуды дәстүрге айналдырған жөн деген ой тастаған болатын Петропавл қаласында 400-ден астам аула бар. Жақсы бастама жұртшылық тарапынан қолдау тауып, Ұлыстың ұлы күні 600-ге жуық қоғамдық, мәдени-спорттық шаралар қамтылды. Бір атап өтерлігі, халықтық серуендер 21 наурыз күні театрландырылған хореографиялық «Қош келдің, мерейлі Наурыз!» қойылымымен ашылып, екі күнге созылды.
Жалпы алғанда, биылғы ұлық мереке – Наурызды тойлаудың қайбір аймақ, қала, аудан, ауылды мекендер болмасын, аса жоғары ұйымшылдық және рухани үлкен белсенділік жағдайында өткені байқалады. Жаңару, жаңғыру жолына сеніммен түскен елдің іргесі берік, еңсесі биік, көңіл-күйінің жоғары болуына осындай үлкен тойлардың, халықтық ауқымды шаралардың да көп септігі тиері сөзсіз. Өйткені, «Той – халықтың қазынасы» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Көктем шуағы нұрын төгіп, күн жылынып келеді.
Шаруа жайлы, дастархан майлы болсын, ағайын!

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X