Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКСШЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Әлем жұртшылығын тағы да таң қалдырды

Өткен жексенбіде Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» сарайында қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен GGG бруклиндік Дэниэл Джейкобстің арасында болған жекпе-жекті әлем жұршылығы тағатсыз күткен еді. Асыға күткен сәт те жетіп, 12 раундқа созылған тартысты жекпе-жектің соңы біздің Генаның пайдасына шешілді. Сөйтіп, ол өзінің чемпиондық белбеулерін сәтті қорғап қалды.

Головкиннің қарсыласы Дэниэл Джейкобс өзін рингте қайсар мінезді, табанды спортшы екендігін танытты. Олай дейтініміз: Джейкобс пен Головкин арасында болған жекпе-жек 12 раундқа созылды. Елге бұрыннан белгілі жәйт, бұған дейін өзіне жабысқан қатерлі дертті үлкен қажыр-қайраты арқылы жеңіп, қатарға қосылған Дэниэл осы қызу айқастың соңына дейін шыдады.
Иә, бүкіл әлем жұртшылығының назарын өзіне ерекше аударған бұл жекпе-жектің қызықты да әсерлі сәттері көп болды. Бірінші раунд әдеттегідей, екі боксшының бірін-бірі аңдып, барлауымен өтті. Атап айтсақ, Головкин өзін ширақ ұстап, белсендірек бокстасты. Ал Дэниэл Джейкобс шегініп жүріп, жұдырығын дәл сермеуге тырысты. Бір-екі ауыр соққысын дарытап та үлгерді. Гена да бұған дер кезінде жауап қайтарып, қарсыласын жиі-жиі бұрышқа тығумен болды. Осындай сәтті шабуылдаулардың нәтижесінде қазақстандық боксшы төртінші раундта оң қолымен екі бірдей ауыр соққы жұмсап, Джейкобсты нокдаунға түсірді. Дэниэл құлап бара жатып, Генаның аяғын құшты. Осыдан кейін бруклиндік боксшы сылбыр қимылдай бастады. Оның нокдауннан сәл есеңгіреп қалғаны анық байқалды. Дегенмен, кейінгі раундтарда Дэниэл өз-өзіне келіп, ширақ қимылға көшті. Гена да өзін салмақты ұстағанымен, қолы да, бойы да ұзын қарсыласына соққыларын көпке дейін дәл дарыта алмады.
Кейбір бокс мамандары мен жанкүйерлерінің бұл жекпе-жек туралы алдын-ала жасаған болжамдарының бәрі теріске шықты. Жекпе-жек әне-міне дегенше 12-ші рауандқа да келіп тірелді. Осы сәтте: «Кім жеңер екен?» деген сұрақтың да туындағаны даусыз. Екі боксшы да соны сезгендей, рингтегі айқастарын ширата түсті. Джейкобс шынында да, ер жігіт екен. Қарсыласы Головкиннің ауыр соққыларын қаймықпай көтеріп, 12-ші рауандтың соңына дейін шыдап бақты.
Жекпе-жек аяқталды. Теледидар арқылы екі боксшыға да «Madison Square Garden» сарайына жиналған қалың көрерменнің зор қошеметпен қол соғып, құрмет көрсеткендерінің куәсі болдық. Олардың арасында өзіміздің қаны ыстық ұлт жанкүйерлерінің де бар екендігі «Жарайсың, Гена!» деген дауыс­тарынан аңғарылып тұрды.
Осылайша алыстағы Америкада орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) кезекті жеңісіне қол жеткізіп, барлық белбеулерін қорғап қалды. Ал Дэниэл Джейкобс (32-1, 29 КО) өзінің спорттық мансабында екінші рет жеңіліс тапты. Айта кетейік, Геннадий Головкин америкалық Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасқаны үшін 2,5 миллион доллар алады. Дэниэл Джейкобс та сыйақыдан құралақан қалмайды. Оған 1,75 миллион доллар көлемінде сыйақы беріледі. Бұдан бөлек, РРV, яғни ақылы трансляция бойынша түсетін қаржының бір мөлшері де боксшыларға тиесілі.
Генаның бұл жеңісі Наурыз мейрамы қарсаңында бүкіл қазақстандықтарды үлкен қуанышқа бөледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге WBA (Super), WBC, IBO и IBF тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы атағын қорғап қалуына байланысты құттықтау жолдады. Елбасы Г.Головкиннің қарымды қарсыласпен жанталасқан жекпе-жекте асқан шеберлік, қажымас қайрат және нағыз спортшыға тән мінез көрсетіп, чемпиондық атақтарын тағы да лайықты қорғап қалғанын атап өтті. «Сенің жеңісің барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлап, олардың жүрегін елімізге және отандық бокс мектебіне деген мақтаныш сезіміне бөледі», – делінген құттықтауда. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Г.Головкинге мықты денсаулық тілеп, спортта жаңа жетістіктерге жетуіне ниеттестік білдірді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X