Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Өңірлік дамудың өзекті мәселелері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 14 наурызда Қарағанды облы­сы­ның активімен өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесте Елбасы облыстық мәслихаттың депутаттары кандидатурасын мақұлдаған өңірдің жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысу­шы­ларға арнаған сөзінде еліміздің және Қа­ра­ғанды облысының экономикалық-әлеу­меттік даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңір­дің экономикасы 23 есе өсті, индустрия­ландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер проблемасы жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдегі саяси ре­фор­малар үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арт­тыру­дың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Елбасы бірқатар өзекті міндеттерді орындау қажеттігін айтып, облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды.
– Инвестиция тарту үшін қолайлы жағ­дай туғызу керек. Қазақстан Дүние­жүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустриялан­дыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық та­ғайындаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.

– Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойды.
Мемлекет басшысы сол күні Ақмола облысының активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте қатысушыларға жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы мақұлданған облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды.
Қазақстан Президенті облыс активіне арнаған сөзінде бірқатар көрсеткіштер бойынша, атап айтқанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестициялар тарту көлемі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жөнінен өңір экономикасы дами түскенін айтты.
– Ауқымды үш дағдарысты бастан өткерсек те, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалдық және әрі қарай дамып келеміз. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін ұлттық қор жинақтай алдық. Енді алдымызда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қол жеткізу үшін «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру аясындағы жаңа міндеттер тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әлемнің жаңа нақты ахуалы жағдайында технологиялар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін жаңа білім мен тәсілдерді қолдану қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асырудың, өңір және бүкіл республика бойынша инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Таяу жылдары Қазақстанда 7 мың шақырым автомобиль жолдары салынатын болады. Өңірлердің барлығы жоғары сапалы магистральдар  арқылы байланысады. Олар балаларымыз бен немерелеріміз үшін мәңгілікке қалатын болады. Сондай-ақ, әуежайлар қалпына келтірілуде. Каспийде 2 теңіз порты салынуда. Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар жаңаша тәсілдерді қолдануды қажет етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы М.Мырзалинге облыстың ауыл шаруашылығы секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, ғылыми әлеуетті пайдалану арқылы өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығына шағын несие бөлу, шағын және орта бизнесті жандандыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығы айтылды.
Мемлекет басшысы алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында пайдаланылатын облыстың туристік әлеуетін ерекше атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті қатысушыларға биылғы астықтың мол олуын тілеп, көктемгі егіс жұмыстарында табысқа жетулеріне ниеттестік білдірді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X