Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Медицина міндеттер қабылдады

Басты байлығымыз қалай қамтамасыз етілуде?

 

Сейсенбіде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкі­меттің кезекті отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылғы қорытындысы тыңдалды. 

Бағдарламаның өткен жылғы қорытындылары бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы, тұрғындардың денсаулық индексі, халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттанушылығы сияқты медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалған. Алайда, ана өлімі, қатерлі ісікке шалдыққандардың бес жылға дейін қайта науқастанбауын қамтамасыз ету көрсеткіштері бойынша күтілген нәтижеге қол жетпеді. 
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бағдарламаның бірінші жылғы қорытындысы бойынша аралық есепті баяндай келе, тұрғындардың денсаулығын нығайту жолындағы басты міндетке қол жеткізу үшін бағдарламада жеті басым бағыт белгіленгендігін айтып, олардың әрқайсысының орындалу барысына тоқталды. Бірінші бағыт бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және CDC-мен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі функцияларына өзіндік бағалау жасалған. Министрлікте тиісті құрылымдар жасақталды. Қазір қоғамдық денсаулық сақтаудың үлгісі  дайындалуда. Екінші бағыт аясында «Кезексіз емхана» атты пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Диспетчерлік қызмет, ересектерге, балаларға, қарттарға арналған тіркеу бөлімдері, сall орталық арқылы пациенттердің дәрігер қабылдауына алдын-ала жазылуы ұйымдастырылды. Әртүрлі дереккөздерден алынған ақпараттарды реттестіріп, біріктіру үшін Қазақстанның әрбір азаматына арналған Денсаулықтың электрондық төлқұжатын (ДЭТ) ұйымдастыру жөніндегі  жоба іске қосылды. Биыл бірқатар емханаларда бұл жүйені пилотты түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Үшінші бағыт бойынша үкіметтік емес ұйымдардың, денсаулық сақтау саласындағы жеке сектордың, фармацевтикалық өндіріс өкілдерінің қатысуымен Сапа жөніндегі біріккен комиссия (СБК) құрылды. Төртінші бағытта Қазақстандық ұлттық формуляр одан әрі толықтырылуда, экономикадағы отандық өнім өндірушілердің үлесі артып келеді.   Өндірушілермен тікелей келісімшарт жасау,  UNICEF-пен тығыз байланыс сынды бірқатар шаралар Бірыңғай дистрибьютер жұмысының тиімділігін арттырды. Бұл дәрілік заттардың бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.  Дәрілік заттардың 7713 сауда атауларының 4183-нің бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Бесінші бағыт бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілуде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданып, оған 2016 жылы жарнаның базалық төлемдерін төмендету және қорға аударылымдарды бастау мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарына шегеру туралы өзгерістер енгізілді.  Аталмыш заңдарды жүзеге асыру үшін 17 негізгі нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, олардың үшеуі Үкіметте бекітілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Ел ішінде ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет пен жұмыс берушілердің аударым көлемін төмендету туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына жіберілді. Алтыншы бағыт бойынша Денсаулық сақтау республикалық орталығының кадрлық обсерваториясының базасында медициналық кадрларға қажеттілік  болжанып, адами ресурстарды стратегиялық болжау және медициналық білімді жаңғырту жөніндегі екі ірі жоба жүзеге асырылуда. 

Медициналық жоғары оқу орындарының шетелдік стратегиялық әріптестері нақ­ты­ланды. Қолданбалы бакалавриаттың фи­ндік үлгісінің негізінде мейіргерлік білімді жаңғырту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Бұл жоба бойынша 6 пилотты колледжде 320 адам білім алуда. Жетінші бағыт бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ерекше мән берілуде. Мемлекет пен бизнестің ортақ мәселелерін талқылау алаңы ретінде министрлік жанынан Бизнес-кеңес құрылды.  Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жол картасы жасалды, МЖС жобаларын қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Азия даму банкімен 4 пилотты мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы жүзеге асырылуда, тағы 2 республикалық жоба дайындық кезеңінде. МЖС негізінде 3 жоба, сенімді басқару жөніндегі 9 жоба бойынша келісімге қол қойылды.
Талқылауларды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еліміздің елеулі реформа – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді іске қосу кезеңінде тұрғанын баса айтты. Ол әрбір қазақстандыққа қатысты болғандықтан, денсаулық сақтау саласы тарапынан да, жұмыс берушілер тарапынан да жұмыстар мұқият атқарылуы керек. Талдау жұмысы жүргізіліп жатқан кездесулер халықтың аз бөлігін ғана қамтып жатқанын көрсетеді. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдер күш-жігерді түсіндіру жұмыстарына шоғырландырып, жүргізіліп жатқан реформаның негіздерін қарапайым тілмен халыққа түсіндіре алатын беделді сарапшыларды тартуы керек, деді Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы отандық фармацевтика саласының жетіс­тіктері туралы айтып, оны одан әрі дамытуға байланысты тапсырмалар берді.  Қазақстан өзінің дәрі-дәрмектерін шығаруда және өз өнімдерін ЕАЭО нарығына шыға­ру мүмкіндігіне ие, дегенмен, жаңа әзір­лемелерді ескерумен сұрыпталымды ұлғайту жолында жұмыстар атқару қажет. Бұл ретте фармацевтика секторына инвестициялар тарту мәселесі маңызды. Сондай-ақ, кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек сатып алу тұрғысынан орын алып отырған мәселелер туралы айтты. Тиісті жұмыс қазіргі таңда жүргізіліп жатыр, оны мамыр айының соңына дейін аяқтау керек, деді Б.Сағынтаев. Осы ретте Инвестициялар және даму, Денсаулық сақтау министрліктеріне фармацевтика секторына инвестициялар тарту мәселесін пысықтау, сонымен қоса, дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізу ережелерін жетілдіру туралы тапсырмалар берілді. 
Үкімет басшысы денсаулық сақтау нысандарын тұрғызу кезінде МЖӘ тетіктерін белсендірек пайдалануды тапсырды. 
Үкімет отырысында сондай-ақ, ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Ол Президент Жолдауын іске асыру және Мемлекет басшысының биыл ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары аясында әзірленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атап өткендей, аталған құжат республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейді. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X