Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

БҮКІЛ ЕЛ ҮШІН ЗОР ОҚИҒА

ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындығымыз қалай?

Үш айға жетер-жетпес айдан кейін Елорданың төрінде дүние жүзіне 160 жылдық тарихымен танымал болған халықаралық EXPO-2017 көрмесі басталады. Аталмыш көрме бүкіл ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет елімізде өтетіні біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш екені ақиқат. 

Биылғы Астана үш ай бойына ЭКСПО режимі мен Әлемдік қоғамдастықтың назарында болады. Олай дейтініміз жаз мезгілінің басы мен күздің ортасына дейін, яғни 3 айға созылатын шараға әлемнің 5 миллионнан астам турист елімізге келіп, ЭКСПО-2017 көрмесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, діні, ділімен етене таныспақ. Астана тарапынан «Болашақтың энергиясы» атты әлем үшін өзекті тақырыптың ұсынылуы Қазақстан үшін жеңіс әкелді. Бұл тақырып кездейсоқ таңдап алынбаса керек. Өйткені табиғаты мен жерінде байлықтың мол қоры бар  Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес. Себебі, шикізат көзіне айналып отырған мемлекетіміз бұның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сол себепті де тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі екені анық. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға көмірқышқыл газын, яғни лас қалдықтарды төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік болып отыр.
ЭКСПО – 2017 көрмесі бүкіл дүниежүзі бойынша беделді шаралардың біріне айналмақ. Бұл шарада тек көрме, тауар, өндірілген заттарды көрсету ғана емес, сонымен қатар мәдени тұрғыдан көрерменді сусындатары белгілі. Бұған дәлел ретінде «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Ежелгі Мысыр өнер туындыларының көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Каир қаласында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Египет Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында мәлім болған еді. Ал еліміздегі бетке ұстар «Отырар сазы» және Құрманғазы атындағы оркестрлер ЭКСПО алаңында концерт қоюды жоспарлап отыр. Қазақтың ұлттық фольклор орындаушыларының «Ұлы дала дауысы» концерті ЭКСПО-2017 көрмесінің меймандарына Қазақстанның дәстүрлі музыкасын паш етеді. Құрманғазы атындағы академиялық оркестр 3 күн бойы Елорда аспанын музыкамен әуелетпек. Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық орекстрінің ұжымы концерттерін күз айының басында қояды. Батысқазақстандықтар биылғы ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне орай Астанада 10 концерт, 8 спектакль және 2 көрме қоюды көздеп отыр. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың айтуынша, осыған орай елордаға 450-ден астам адам бармақшы. Атап айтқанда, Ғ.Құрманғалиев атын­дағы облыстық филармонияның Дәулет­керей атындағы қазақ аспаптар оркестрі, облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, облыстық қазақ драма театры, А.Островский атындағы облыстық орыс драма театры сынды шығармашылық ұжымдарына қоса өңірдегі барлық өнер жұлдыздары сахнаға шықпақшы. Батысқазақстандықтар концерт қоя­тын алаңдар белгіленді. Сонымен қатар олар көрменің өзінде өнер көрсету құрметіне ие болды.
ЭКСПО-2017 көрме аясында «The Spirit of Tengri» этномузыка фестивалі өтеді. «The Spirit of Tengri» этномузыка тобы­ның 3 бірегей кеші  ЭКСПО-2017 көрме­сінің мәдени бағдарамасы аясында өтетін болады.
Жалпы, қазіргі дерек бойынша халық­ара­лық мамандандырылған көрме­сінде 3 мыңнан астам мәдени-сауық шаралары ұйымдастырылады.
Ал Қытай павильоны «ЭКСПО» көрмесінде үздіктер қатарынан табылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесуінде мәлімдеген еді. Аспан асты елінің «Жасыл» экономика саласында бағындырған жетістіктері шаш-етектен екенін атап өту керек. Қытай үкіметі Қазақстанға келушілерге қай тұрғыдан да қолдау көрсетуге ниетті. ЭКСПО көрмесінің ашылуына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қатыспақ. Сонымен қатар жаз мезгілінің басынан бастап қытайлық «Air China» әуе компаниясы Бейжің мен Астана арасына тұрақты рейс жасай бастайды.
ЭКСПО – 2017 көрмесінің ел эко­но­микасына қосар үлесі зор болатыны анық. Ең бастысы Халық­аралық көрмелер бюросының талаптары бойынша көрмені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласы әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық туристі қабылдай алатындай мүмкіндігін көрсете алуы тиіс.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X