Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ЕЛДІКТІҢ ЕРЕН ЖЕҢІСІ

ЭКСПО-2017 көрмесіне 3 ай қалды

ЭКСПО атауы – өзінің аты айтып тұрғандай, «экспонат» деген сөзден шыққан. Қазақшаласақ, жәдігер болады, яғни ол – жер жүзін мекендеген барша халықтардың өмірдің түрлі саласында қол жеткізген жетістіктерін, жәдігерлерін көрсететін алаң. Онда ЭКСПО-ның кезекті таңдаған тақырыбына орай жұрттың бұрынғы-соңғы жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылатыны анық. 

ЭКСПО «әмбебап», «халықара­лық» және «арнайы» деп аталып, негізгі үш түрлі бағыт бойынша өткізіледі. Өткізілетін уақыты 3-тен 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Әлем елдері арасындағы мұндай көрмені өткізу құқығына ие болу жолындағы бәсекелестік Олимпиада өткізу үшін болатын бәсекелестіктен бір де кем емес. 
Осындай көрмені ТМД мемлекет­тері арасында алғаш рет өткізу мәр­тебесіне ие болған Қазақстан мем­лекетіне үлкен мақтаныш болып табылатыны сөзсіз. Еліміздің ЭКСПО-2017 өткізуге үміткерлігі Парижде 2014 жылы Халықаралық Көрмелер Бюросы атқарушы комитетінің отырысы шеңберінде мақұлданды. ХКБ 161 қатысушы-мүшесі өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында, Астананың өтінімін 103 қатысушы-елдер қолдаған, «қарсы» деп ХКБ 44 мүшесі дауыс берген. Астана қаласымен қатар ЭКСПО-2017 өткізу құқығынан сондай-ақ бельгиялық Льеж қаласы да үміттенген. Өз өтінімінде Бельгия «Адамдарды біріктірумен» тақырыбын ұсынды.
Биылғы көрме бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен ту­рис­тік тартымдылығын арттыруға, біз­дің хал­қымыздың қонақжайлылығын көр­сетуге бағытталған. Көрме өткізу, сонымен қатар елорданың, тұтас­тай еліміздің экономикалық және инфра­құрылымдық дамуы үшін қосым­ша күш болмақ. Аталмыш ауқым­ды шараны өткізуге арналған салынған нысандар болашақта Қазақ­стан мен оның елордасын ірі халық­аралық, көрме­лік және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік жасамақ. 
«Болашақ энергиясы» тақыры­бы­­на арналған ЭКСПО-2017 ха­лық­­ара­­лық ма­мандандырылған көр­­месі Ас­танада биылғы жылдың жаз мез­­гілінің басында басталады. Көр­меге бүкіл әлемнен 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Аталмыш ауқымды шараға 100-ден астам ел, 10 халықаралық ұйым мен инновациялық технологиялар сала­сындағы алдыңғы қатарлы компаниялар қатысады. Көрме шеңберінде бүгінгі күнгі өзекті энергияның баламалы көздері мен «жасыл технологияларды» шешу мәселесі талқыға салынады.  
ЭКСПО-2017 көрмесі тұрақты энергия көздерін дамытуға, энергия үнемдеу сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеуге арналған. Негізгі мақсаты – жаңармалы энергия көздерін пайдалануды және энергетикалық ресурстарды тиімді тұтынуды ынталандыру.
Бүгінгі күні бізге қол жетімді энергоресурстар адамзаттың ажыратылмас мұрасы болып табылады, оны жауапты және ұтымды пайдалану қажет. Бұл жаһандық іс-шараның міндеті – энергия тұтынуды жоспарлау мен бақылау, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың өмірі үшін қажетті тұрақты энергия көздері мен біздің ғалам­шары­мыздағы бүкіл жандыны сақтап қалу үшін халықаралық қоғамдастықты жауап­кершілік сезіміне шақыру.
Басты мақсаты – жауаптылыққа шақыру, пікірталастар тудыру және адамдардың табиғат үшін келетін зиянды барынша азайтып, энергия тұтынуды жоспарлап бақылай білуге үйрету білімін қалыптастыру болып табылады. Көрмеге 2 миллион турист келіп, келушілердің жалпы саны шамамен 5 миллионды құрайды деп болжануда. Келушілердің жалпы санынан 85 пайызын қазақстандықтар, ал 15 пайызын шетел мемлекеттерінің азаматтары құрайды деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ЭКСПО-2017 көр­ме­сіне қатысуға 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым растап үлгерді. Басталуына 3 ай қалған ауқым­ды ша­раның мемлекетіміздің экономи­ка­лық-әлеуметтік тұрғыдан мол пайда әкелері сөзсіз. 

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Арыстан
    10.03.2017 at 4:10 пп

    ЭКСПО елімізге абырой әкелсін. Дайындық ойдағыдай сияқты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X