Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

Саяси жаңғыру бағытындағы нақты қадам

Ғасырлар бойғы ата-бабалар арманы – азаттықтың ақ таңы ұлы далада арайлап атқалы жиырма бес жылдан асты. Тарихи тұрғыдан алғанда қас-қағымдай осынау уақыт ішінде бар салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізген қазақ елі бүгін өз дамуының жаңа кезеңі – саяси және технологиялық жаңғыру дәуіріне бет алды. Мемлекет басшысының Жарлығына сай конституциялық реформалар жобасы жасалып, бір ай бойы бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Арнайы жұмыс тобы құрылып,  ұсыныс-пікірлерді сараптап, саралады.
Елбасының төрағалығымен өткен жұмыс тобының соңғы отырысында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне қатысты түскен ұсыныстар талқыланып, қорытынды жасалған болатын. 3-наурызда Мемлекет басшысы қатысқан Парламент палаталары бірлескен отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шығарылды.

Мемлекет басшысы Парламент мінберінен сөйлеген сөзінде еліміздің негізгі заңы – Конституцияға енгізу ұсынылған өзгерістер жобасын әзірлеу үдерісіне арнайы тоқталып, осы өзгерістер арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін, талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін атап өтті.
– Менің Жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жұмыс тобы атқарған жұмыстың қорытындысына тоқталып, Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгенін айтты.

– Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түсті. Бүкіл конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қазіргі реформалардың ерекшелігін атап өтіп, елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар аударды.
– Біріншіден, жаңа заң Парла­мент­тің мемлекет­тік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артады. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылады. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұ­тас­тығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституция­лық дең­гейде берілетін кепілдік бекемдене түседі, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағы­ның жоғары кәсібилігін, олардың өзіне жауап­кершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілетін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті президенттік басқару нысанының сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді.
– Жолдауда айтылған жаңа міндет­тер заң шығарушы және атқарушы органдарға айрықша жауапкершілік жүктейді. Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту ел экономикасының үшінші жаңғыруының мақсаттарына тиімдірек қол жеткізуге септігін тигізетін болады. Бір айқын мәселе – Қазақстанның өзіне тән саяси моделі, яғни тұрақты президенттік билік сақталады. Сонымен бірге, Парламент пен Үкіметтің өкілеттігі неғұрлым кеңейіп, олардың рөлі арта түседі. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып айтайын, өкілеттікті тиімді қолданудың өзі асқан өнер. Біздің президенттік билік жайында осы жылдардың ішінде түрлі пікірлер айтылды. Бірақ біз ең алдымен өзімізге, қазақстандықтарға, халқымызға не керек, сонымен жүрдік. Осы нағыз дұрыс жол. Бұл қажырлы еңбек пен ыждағаттылықты қажет етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.НН парламентте
Ел дамуының жүйелі және заңды кезеңі – саяси реформалардың шаруашылықтың бар сала­сындағы технологиялық жаңғырумен қатар қолға алынуы айрықша маңызға ие. Олар бір-бірін күшейтіп, толықтыра түсуі тиіс. Осы орайда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  атты халыққа Жолдауында айтылған міндеттер заң шығарушы, атқарушы органдарға да ерекше жауапкершілік жүктейді. Жаңа жаһандық ахуалда мемлекеттің алға қойған стратегиялық бағдары өзгермек емес. Жолдау ілгерлеуді, инновациялық экономиканы дамытуға сапалық тұрғыда жаңа серпін беруді және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көрінуін көздейді. Саяси және технологиялық жаңғыруды іске асыра отырып, мақсат – озық дамыған 30 елдің қатарында болу. Бұл тұрғыда елімізде қажетті экономикалық алғышарттар мен мүмкіндіктер жасалғандығын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қазақстанның басқару жүйесінде қолға алынған өзгерістер қоғамды демо­кра­тияландырудың маңызды кезеңдерінің бірі екенін атап өтті. Ал демократиялық құндылықтарға арқа сүйеген өзгерістер Қазақстанның әлемдегі отыз озық мемлекеттің қатарына қосылуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қаңтар айында конституциялық реформа жасау туралы бастама көтерілгеннен бергі аралықта тиісті заң жобасы әзірленіп, бір ай бойы бүкілхалықтық талқылаулар өткені мәлім. Оған барлық саяси партиялар, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық ұйымдар, қоғам белсенділері, қарапайым халық өкілдері атсалысты. Қоғамдық-саяси ортада 2 мыңнан астам, ғылыми-шығармашылық ортада 50-ден астам республикалық деңгейдегі жиындар өтті. Ал, өңірлерде мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында негізгі заңға өзгерістер енгізуге қатысты 10 мыңға тарта шара өткізіліп, оған 2 миллионнан астам адам қатысқан. Конституциялық реформалар бағдарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланды. Конституциялық реформаны белсенді талқылау әлеуметтік желіде де қарқынды жүргізіліп, мыңдаған пікір жазылған. Осы орайда Елбасы өкімімен арнайы құрылған жұмыс тобына 6 мыңға жуық ұсыныс түскенін айта кету керек.
– Кейбір баптар азаматтардың төтенше назарын аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар. Бұл пікірлер елімізде әлі де түйіні тарқамаған түйткілдер бар екенін айқын көрсетті. Ұсыныстардың көпшілігі топтастырылып, Конституция үшін керек баптары қабылданды және көп ұсыныстар заңдарға өзгеріс жасау мәселесіне қатысты болады. Оны Үкімет жағынан және сіздер қарайсыздар. Оларды кейінірек қарастыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар, алдағы жұмыстардың қандай болуы керек екендігін айқындап берді. Менің тапсырмам бойынша жұмыс тобы ұсыныстардың маңыздылығын ескере отырып, тиісті заң жобасын дайындады. Ол заң жобасын менің төрағалығыммен жұмыс тобының отырысында талқылағанымызды, қорытындысын жасағанымызды білесіздер, – деді Елбасы.
Президент конституциялық реформаға қатысты заң жобасының депутаттық корпусқа тапсыры­луы­ның маңызын атап өтті.
– Парламент депутаттарынан тиісті заңнамалар мен үдерістерді сақтай отырып, көпке созбай аталған заң жобасын қарастыруды сұраймын. Конституцияда негізгі заңды өзгертудің екі жолы бар. Президент талқылаудан кейін өзгерістерді жалпыхалықтық референдумға жібере алады немесе парламенттік талқылау болады. Мемлекеттік басқарудың, адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдықтары өзгермейтіндіктен, көп шығынмен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан мен заң жобасын халық сайлаған депутаттық корпустың қарауына ұсынуды жөн санадым. Депутаттық корпус бұл жұмысты ойдағыдай атқарады деп сенеміз. Баршамыздың мақсатымыз бір – мемлекеттік басқару жүйесін бұдан да тиімді әрі тұрақты ету,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей,  Парламент қарауына ұсынылған жаңа заң жобасында Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізу қарастырылған. Елбасының тапсырмасымен, Прези­­дент­­тің шаруашылық басқаруына 35 өкілет­тігін төменгі деңгейге беру ұсынылады. Конс­титу­цияның 23 бабында көрсетілген, басқа да заңдардағы Президент өкілеттіктері Парламент пен Үкімет құзырына өтеді. Ол заңдар көп ұзамай Парламентке енгізілетін болады.
– Біз осы заңдар арқылы билік тармақтары мен олардың деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді барынша тиімді етіп, қайта бөлеміз. Осының бәрі жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге уақтылы жауап беріп, алдын алу үшін жасалып отыр. Ол Ата Заңға бұған дейін енгізілген өзгерістерден әлдеқайда маңызды және ауқымды деп санаймын. Сол себепті – ел болашағы үшін бұл тарихи шешім айрықша маңызды. Ол ел дамуының жаңа парағын ашқалы отыр. Саяси жаңғыру конституциялық реформа арқылы нақты жүзеге асатын болады,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Парламент депутаттарына заң жобасын белгіленген барлық үдерістерді сақтай отырып қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді.
– Мынау зымырап бара жатқан уақыттан дер шағында озу қажет. Бұл оңай емес. Конституциялық реформалар – Қазақстан қай бағытта жүреді деген сұраққа біздің нақты жауабымыз болғалы тұр. Ол – демократиялық даму бағдары. Біз – жауапты сәттердің бәрінде ауызбіршілігімізді паш еткен халықпыз. Қазір де осы асыл қасиеттерімізді танытуға тиіспіз. Ел болашағы үшін айрықша маңызды істі абыроймен атқаратынымызға нық сеніммен тиісті заң жобасын Парламентке енгізіп отырмын. Енді Парламент заң жобасын қараудың күн тәртібін мұқият сақтай отырып, ашық және жариялы түрде құжатты қарауы қажет. Мәселеге елдік мүдде тұрғысынан қарап, заңды ұзаққа созбай қабылдайсыздар деп мен кәміл сенемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, назарларыңызға раxмет! – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төр­аға­лығымен дүйсенбі күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдап, Мемлекет басшысына қол қою үшін ұсынды.
Айта кетейік, отырыс барысында Конститу­циялық реформа туралы заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров баяндама жасап, Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар  Сенат пен Мәжілістің тұрақты комитеттерінде, саяси партиялардың фракцияларында талқыланғандығын,  барлық ұсыныстар бірлескен комиссияға берілгендігін атап өтті.
Конституцияның 72-бабына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңды мемлекеттің қызмет қағидаттары мен басқару нысанына негізделген, Конституцияда белгіленген құндылықтарға сәйкес­тігі тұрғысынан қарастыру үшін Конститу­ция­лық Кеңеске өтініш білдірді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Ізет
    10.03.2017 at 4:17 пп

    Халықпен кеңесіп, пікір алмастырып жатыр. Яғни бұл жерде халық пікірі де маңызды болып тұр. Осы жағы қуантады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X