Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Интеграция: Нарықтан нәтиже күтіледі

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бішкекте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Отырыс барысында Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Экономикалық одақтағы интеграциялық үдерістерді нығайту бағытындағы мәселелер қатарында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және өзара сауданы кеңейтуге, АӨК-ті дамытуға және ауылшаруашылық машиналарын құрастыруға назар аударылды.
Кеңейтілген құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстан Премьер-министрі ЕАЭО екі жылдан астам уақытта тиімді интеграциялық бірлестік ретінде орныққанын атап өтті. Дегенмен, бұл жылдар елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы қозғаушы күштердің ықпалы, жаһандық қаржылық және тауар нарықтарының тұрақсыздығы байқалды. Осыған байланысты Одақтың ЖІӨ көлемі 0,7%-ға, өзара сауда айналымы 11%-ға төмендеген. Қазақстан Үкіметінің басшысы осындай кезеңде Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауданы арттыру үшін өзара іс-қимылды нығайтуға, жаңа тиімді құралдарды қалыптастыруға ортақ күш-жігер шоғырландырудың маңыздылығын баса айтты. Осы қызметтегі өзекті мәселе – кедергілер мен шектеулерді жою. Бұл жұмысты жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізген жөн. Аталған бағытта мемлекеттердің сарапшылары мен комиссия едәуір жұмыстар атқарды. 60-тан астам кедергілер мен шектеулердің тізілімі үйлестірілді. Алдағы уақытта оларды жоюға байланысты жол карталары әзірленетін болады. Бұл біздің кәсіпорындарымызға ортақ нарықтарға шығу жолын жеңілдетіп, олардың дамуына қосымша жағдайлар жасайды, деді Б.Сағынтаев.
Одақтағы өзара іс-қимылдың беріктігін қамтамасыз ететін тағы бір элемент – мемлекеттердің өндірушілері мен бизнесі үшін ең қолайлы жағдай жасау. Б.Сағынтаев­тың атап өтуінше, ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтарды құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де «ойынның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға тараптар келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тәжірибесіне қол жеткізу қажет. Осы орайда, біздің елдеріміздің бизнесіне кеден рәсімдерін жеңілдету, посткедендік бақылауға екпін түсірілген электронды мағлұмдауды жеңілдету ережелерінен тұратын Кедендік кодексті тезірек қабылдау керек. Біз жақын арада барлық ел кодекске қол қойып, жыл соңына дейін ол күшіне енеді деген сенімдеміз, деді өз сөзінде Қазақстан Премьер-министрі.
Сонымен қатар, кедендік қызметтердің бағалауы бойынша, Қытай тауарларының транзитпен Қырғызстан аумағына өтуі кезінде кедендік әкімшілендірудің жеткіліксіз деңгейі болуына қатысты мәселе орын алуы мүмкін. Бұған өткен жылы Қытайдан автокөлікпен транзиттік тасымалдардың 9,5 есеге артуы дәлел.
Б.Сағынтаев өз сөзінде ЕАЭО-ның цифрлық мәселелер тізімін дамыту бойынша бастамаларды қарастыру кезінде де жүйелік тәсіл болуы керектігіне, цифрлық мәселелер тізімін мұқият қарастырып, бұл саладағы ұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстарын оқшаулауға жол бермеу керектігіне тоқталды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы атап өткендей, жаңа жобаларды іске қосу сыртқы нарықтарға қолжетімділік­тің қо­лайлы жағдайларын жасау жұмыс­тары­мен тиімді қамтамасыз етілуі қажет. Осыған орай, Еуразиялық экономика­лық одақтың халықаралық күн тәртібін іске асыруға баса назар аударылады. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттермен сауда-экономикалық келісімдерге қол қою туралы келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, Қытай, Үндістан, Иран, Сербия, Израиль, Моңғолия, Сингапур секілді елдермен түрлі дайындық деңгейінде ынтымақтастық мәселелері шешілуде. Келіссөздер жүргізудің қар­қы­нына қарамастан, біздің салалар мен кәсіпорындардың сұраныстары қанағат­тан­дырылуы керек. Бұл ЕАЭО елдерінің экономикаларына инвестициялар тарту мен экспорттық әлеуетті іске асырудың негізі болмақ, деді Б.Сағынтаев.
Сонымен бірге, интеграциялық бір­лес­тік табысты болуы үшін оған мүше әрбір елдің ширақ дамығаны қажет. Сол себепті ЕАЭО жағдайларына бейім­делуіне қолдау көрсету мақсатында Қырғыз­станға тиісті көмек көрсетуге қатысты келісім мен хаттамаға қол қойылған. Премьер-министр сондай-ақ, Қазақстан арқылы транзитпен жүк тасымалдау кезінде сәйкестендірілген теміржол та­рифін мерзімінен бұрын ұсыну туралы келісімге қол қойылғандығын, бұл қырғыз жүк жіберушілеріне шамамен 60 млн. долларды үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, биылдан бастап Қазақстан аумағы бойынша Қырғызстаннан Ресейге өткізуге рұқсат етілген тауарлар тізімі 86 қосымша тауарлар тобына, Қазақстанға кіргізуге рұқсат берілген, ЕАЭО кәсіпорындарының тізі­ліміне сай қырғыз кәсіпорындарында шығарылған қырғыз өнімдерінің тізімі 85 тауарлар тобына дейін ұлғайтылды. Өзара қолдау көрсету, ымыраға келу, тиімді шешімдерді табу қағидаларына сүйенген біздің өзара қарым-қатынасы­мыз Одақты нығайтуға, оның тартымды­лығын әлемдік қоғамдастықта арттыруға мықты серпін болатынына сенімдімін, деді Қазақстан Премьері.
Отырыс қорытындысы бойынша өз­ара сауда мәселелеріне, сауда келіс­сөз­дері нәтижелеріне, интеграция­лық әле­ует­ке ие экономика салаларына, және басқа да салаларға қатысты бірқатар бір­лес­кен құжаттарға қол қойылды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Санжар
    10.03.2017 at 4:18 пп

    Интеграцияның ел экономикасына тигізіп жатқан оң әсері айқын байқалады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X