Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Шаруа қожалықтарын қаржыландыру басталды

Маңғыстау өңірінде алғашқы несиелік серіктестігі құрылып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолжетімді несие беруді бастады. Бұдан былай шаруа қожалықтары «Маңғыстау» несиелік серіктестігіне хабарласып, қаржылай көмекке қол жеткізе алады. Айта кету керек, несие мемлекеттік қолдаудың арқасында, яғни «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі.

Кіші және орта бизнесті несиелеуге берілетін қаржылай ресурстар қазір қолжетімді. Бұл ауыл шаруалығында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге, әсіресе мал шаруашылығы, сүт және ет өнімдерін өңдеу, балық өнімдерін шығару және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамытуды қолға алғандар үшін көптен күткен жағымды жаңалық болды. Несие алу шыға қойылатын талаптар: қаржылай-тұрақты бизнес, жобаның өзін-өзі ақтауы және тиімділігі, кәсіпкердің қаржы институттарына берешегінің болмауы, кепілдік мүліктің болуы.
Шаруа қожалықтарына несие жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14 % беріледі және өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидиялау мүмкіндігі де қарастырылған. Несие мерзімі 108 айға, яғни 9 жылға дейін беріледі. Негізгі қарызды төлеу жеңілдігінің кезеңі 24 ай, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген пайыз мөлшерлемесімен берілетін несие көлемі де 24 айға дейін беріледі.

Қаржылай қолдауға ие болған кә­сіпкердің бірі – «Ерлан» шаруа қожа­лығының жетекшісі Толыбай Сариев. Ол түйе шаруашылығымен айналысуды осыдан 4 жыл бұрын бастаған. Кәсіпкердің Қарақия ауданы «Қара­барақты» төңірегінде жеке қожалы­ғын­да жайылым жері бар. Ферма иесі өз бизнесін әрі қарай дамыту мақсатында «Маңғыстау» несиелік серіктестігіне жолығып, 74 бас түйе алу үшін 30 млн. теңге көлемінде қаражат сұраған. Оның бизнес-жобасын комиссия қарап шыққан соң, сұраған қаражатын беру жөнінде шешім шығарды.
«Бұрын мен сауда-саттықпен айналыстым. Сосын Ақтөбе мен Оралдан ет әкеліп саттық. Уақыт өте келе өзімнің жеке шаруамды ашқанды жөн санадым. Шаруа қожалығын ашқан соң түйе өсіруді  қолға алдым. Қазір түйе сүті мен ашымалы сүт өнімдерін, яғни шұбат, құрт, балқаймақ өндірумен айналысамыз. Бұл – отбасылық бизнес. Біз үшін негізгі табыс көзі – ол шұбат. Ұлттық сусынның 1 литрі 500-600 теңгеден сатылымға шығады. Менің ойымша, несиені қайтаруда қиындық туындамауы тиіс, себебі сүт өнімдеріне сұраныс жоғары», – дейді кәсіпкер.
Толыбай Сариевтың айтуынша, қазір оның қожалығында 50 шақты түйесі бар, оған несие қаражатына алған 74 түйе қосылады. Нәтижесінде алдын-ала жоспарға сәйкес, айына 3000-нан 5000 литрге дейін сүт және сүт өнімдері алынады деп күтілуде.
Ал, «Маңғыстау» несиелік серік­тес­тігінің бас маманы Аманқос Ертілеу­дің айтуынша, бұрын шаруа қожалық­тарымен кездесу кезінде, екінші деңгейлі банктердің ауыл кәсіпкерлерінің бизнес-жобаларын несиелеуге аса қызығу­шылық танытпайтындығын кәсіпкерлер үнемі алға тартатын. Сол себепті қазіргі уақытта несиелік серіктестігі – шаруа қожалықтарын қаржылай қолдайтын жалғыз қаржы институты саналады. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып отыр­ған қолдаудың мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу қажеттігін айтады.8fa32977b21cd091744bbabea9e5a0ca-1000x600
«Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау Маңғыстауға да жетті, бұл жергілікті шаруа қожалықтары үшін көптен күткен жағымды жаңалық. Айта кету керек, несиелік серіктестік жүйесі барлық ауылдық тауар өндіру­шілерінің басын қосады және кез-келген кәсіпкер құрылтайшының бірі ретінде серіктестік құрамына қабылданады. Ал өз бизнесін бастағысы келгендер болса, біздің кеңсеге хабарласуына болады, кеңес алу тегін. Сондай-ақ, қолжетімді несиелеу жүйесі – агроөнеркәсіп кешені жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндіктер береді», – дейді ол.
Қазіргі уақытта «Маңғыстау» не­сие­лік серік­тесігіне түскен бірнеше бизнес-жобаның әзірге бесеуі қаржылай қолдауға ие болды. Берілген несие кө­лемінің жалпы сомасы 70 млн. тең­геден асып жығылады. Келер айдан бастап, серіктестік мамандары облыстағы барлық аудандар мен елді-мекендерді аралауды көздеп отыр. Яғни, ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіп, жеке бизнесті ашу немесе айналым қаражатын толықтыру үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкін­діктерді кеңінен түсіндірмек.
Сонымен қатар, «Маңғыстау» несие­лік сертіктігінен қаржылай қол­дауға ие болғысы келгендерге, Маңғыстау ин­дустриалдық палатасы кәсіпкерлік негіз­деріне үйретуге дайын және оқыту курсынан өткендерге сертификаттар табысталады.
Ал, ауыл кәсіпкерлері өндіретін сүт, ет және т.б. тауарларын сауда нүктелеріне өткізу мәселесіне тоқталатын болсақ, бұл ретте «Болашақ» ауылшаруашылық өн­дірістік кооперативі қол ұшын созуға дайын.
Айта кету керек, «Маңғыстау» не­сиелік серіктестігі мен «Болашақ» ауыл­шар­уа­шылық өндірістік коопе­ративі Маң­­ғыстау индустриалдық пала­та­сы­ның тікелей қолдауымен құрыл­ған болатын.

Нұрбол ОҚУОВ, 
«Маңғыстау индустриалдық палатасы» 
ЗТБ баспасөз-қызметі


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Шұғыла
    13.03.2017 at 3:10 pm

    Ауыл кәсіпкерлеріне осындай демеу көрсету арқылы отандық ет, сүт өнімдерінің көптеп өндірілуіне, нарыққа шығуына, ел экономикасының дамуына, жұмыссыздықты жоюға да сеп болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру