Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

Жаңашылдықтар жан-жақты пысықталуы керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспары бекітілді. Отырыста сондай-ақ, білім берудегі ІТ жүйелер, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу мәселелері қаралды.

Алдымен АӨК-ті дамыту бағдарламасын іске асыру аясындағы шаралар жоспары туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов есеп берді. Министрлік әзірлеген жоспар мемлекеттік бағдарламаның 8 міндеті бойынша 134 шарадан тұрады екен. Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қорымен инвестициялық субсидиялар есебінен алғашқы төлемді өтеу арқылы кооперативтерді басым несиелендіру, сонымен қатар қосымша құн салығы бойынша шығындарды өтеуге кооперативтерге субсидиялар бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен әкімдіктер арасында әр жылға өңірлер тұрғысынан алғандағы нақты көрсеткіштері бар үшжақты жоспарларға қол қойылатын болады. 2017 жылы әрекет етуші кооперативтер санын 326-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Қабылданған шаралар нәтижесінде, бюджеттің сол көлемі сақталғанда өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 7,5 есеге ұлғайтылады.  
Су ресурстарын тиімді пайдаланумен қамтамасыз ету, олардың қажетті көлемін жинақтау үшін республикалық меншіктегі апатты су шаруашылығы жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарды қайта құрастыру, жаңа су қоймаларының құрылысы мен жер суландыратын және су сіңіру жүйелерінің инфрақұрылымын қалпына келтіру шаралары іске асырылатын болады. Осы аталған шараларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының  айналымға 600 мыңнан астам гектар жерді жүйелі түрде суландыруды енгізу, олардың ауданын 2021 жылы 2 млн. гектарға дейін жеткізу туралы берген тапсырмасын атқаруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді техникамен және химияландыру құралдарымен қамтамасыз етуді арттыру, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері пысықталды. Жалпы, 2021 жылға дейінгі шаралар жоспарын іске асыруға шамамен 2,4 трлн. теңге қажет, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 1,2 трлн. теңге, жергілікті бюджеттен – 852 млрд. теңге, халықаралық қаржы ұйымдары мен шаруашылық субъектілерінен – 306 млрд. теңге. Жоспар жобасы Республикалық бюджеттік комиссия отырысында мақұлданған, сонымен қатар, Президент әкімшілігімен, тиісті министрліктермен және ведомстволармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бекітілді.
Отырыста қарастырылған екінші мәселе – Президенттің халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында білім берудегі ІТ-жүйені дамытудың негізгі бағыттары болатын. Бұл ретте білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім берудің барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерін – ұлттық білім беру деректері базасы, электронды күнделік, жинақ бухгалтерия және жоғары оқу орындарының бірыңғай ақпараттық жүйесін біріктіру жоспарланған 4 электронды платформаны таныстырды.

Білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу мәселесі бойынша министрлер мен Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сөз сөйледі.
Премьер-министр ауқымды қо­ғам­дық талқылаулар жүргізіп, ұсы­нылған жүйелердің кемшіліктерін жою шараларын қабылдауды тапсырды. Б.Сағынтаев барлық ұсынылып жатқан жаңалықтар егжей-тегжейлі пысық­тауды және педагогикалық орта мен ата-аналар арасында кеңінен қоғамдық талқылау жүргізуді талап ететінін атап өтті. Министрлер мен әкімдердің баяндамаларының қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне жағдайға талдау жасап, жүйенің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына енуіне қажетті шараларды қабыладауды тапсырды.
Мемлекет басшысы өзінің биыл­ғы халыққа Жолдауында бюджет шы­ғыстарының тиімділігін түбегейлі арт­тыру міндетін қойғаны мәлім. Осы­ған байланысты, отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов көлеңкелі эконо­миканы азайту, құрылыс барысына мониторинг жүргізуді күшейту, бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеуді енгізу ұсынылатынын баяндады. Бұл төлемдердің айқындығын, салықтың толық төленуін, құрылыс сапасын бақылауды, бюджет қаражатын мақсатты пайдалануды, қазақстандық құрауды бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу тетігі мемлекеттік органдармен, бизнес қауым­дас­тығымен халықаралық тәжі­ри­бені және квазимемлекеттік және банк секторындағы есепшоттарды ба­қылаудың қолданыстағы тетіктерін талқылауды ескерумен әзірленген. Биыл бұл тетік үш аймақта – Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыс­тарында сыналатын болады.
Премьер-министр Мемлекет бас­шысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алулар жүйесі әділ сынға ұшы­рағанын еске салды. Б.Сағынтаев мем­лекеттік сатып алулар кезінде қазы­нашылық сүйемелдеуді енгізу бойынша пилоттық жобаның жүзеге асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X