Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Бірлесе атқарған жұмыс жемісті

Батыс Қазақстан облысы мәслихатының кезекті ІХ сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты. 

Облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Таспиховтың төрғалы­ғымен өткен сессияда күн тәртібіне 18 мәселе шығарылып, соның барлығы да мақұлданды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»  шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетті нақтылау жоғары тұрған бюджетке 2016 жылы пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы трансферттерді қайтарумен және жылдың басындағы бос қалдықтарды бөлумен байланысты болып отыр.

2017 жылға арналған облыстық бюджетті жалпы шамасы 12 млрд. 900 млн. теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Денсаулық сақтау саласына 525,3 млн. теңге (соның ішінде Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы үш нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға), білім саласына 1788,4 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Қазталов, Сырым, Теректі аудандарында төрт  білім беру нысанын күрделі жөндеуге және құрылыс жұмыстары жалғасатын екі білім беру нысанының құрылысын қоса қаржыландыруға), мәдениет саласына 548 млн. теңге (соның ішінде мәдениет саласының бес нысанын күрделі жөндеуге), әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 151,9 млн. теңге, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына 227 млн. теңге (соның ішінде үш қоршаған ортаны қорғау нысандарының құрылысын бастауға және қайта құруға), газбен жабдықтауға 179,4 млн. теңге (мысалға, Қаратөбе және Сырым аудандарындағы 12 әлеуметтік нысанды газбен жабдықтауға, Жаңақала, Бөкей ордасы, Сырым аудандарында тоғыз нысанның жобалық құжаттамаларын дайындауға), жолдарды жөндеуге  1189,2 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында ауылішілік және Орал қаласында қалаішілік аутожолдарын орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға, сонымен қатар Сырым ауданының екі ауылішілік аутожолдарын салуға), тұрғын үй құрылысына 2453,7 млн. теңге (соның ішінде Орал қаласында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында төрт несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтауға) бағытталады. Аталған өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет кірістер мен шығындар бойынша 124,2 млрд. теңгені құрады.
«Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға мол қаржы бөлуде. АҚШ-та, Германияда, Польшада және өзгелерінде несиелік қаржының пайыздық мөлшерлемесі – 1%, Белоруссияда – 0,15%, іргеміздегі  Ресей де биылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға несиені 1%-бен ұсынбақ. Бұл елдерде кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымдар мемлекет есебінен салынады. Жақында агросаланы несиелейтін «ҚазАгро» холдингінің өкілдерінен несиенің 17,3%-бен берілетінін сұрап білдім. Салыстырыңыз, 1 және 17%», –  деді бәсекелестік  жағдайында ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету жәйін алға тартқан депутат Қатауолла Ашығалиев. Оның айтуынша, БҚАТУ-дың жанындағы зертхананы төрт облысқа ортақ етіп, әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықтаса,  шар­уалардың маңдай терімен өндірілген өнімдері қолайлы бағаға өтер еді. Сонда тауар өндірушілер өнімдердің сараптамасы үшін қыруар ақша шығарып, АҚШ-тың зертханаларының көмегіне жүгінбес еді. «Ауылдың жағдайын көтеру басты назарда болуы керек», – деген Қ.Ашығалиев тарифтердің, әсіресе, газдың қымбаттығын, «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында әлі күнге газды сараптау (газанализатор) қондырғысы қойылмағанын айта келіп, қысқы уақыттағы қолайсыздықтарды азайту үшін ауылдардың кірме жолдарын көтеруді, шалғайдағы қыстақтарды сұйық газбен қамту мәселесін шешуді ұсынды. Сонымен қатар ауылдарды газбен қамтуға бірнеше мердігерлердің, бірі ауылға дейін газ құбырын, екіншісі ауылішілік газ құбырын, үшіншісі үйге газ кіргізумен айналысып, әрқайсысының пайда табуға ұмтылатынын, осының барлығы ауыл тұрғындарына қымбатқа түсетінін, сондықтан осы жұмыстардың барлығын атқаруды тек бір мердігерге тапсыру жөнінде ұсыныс білдірді.  
Халық қалаулылары «Діни экстремизм мен тер­роризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы» мәселені қарап, мақұлдады. Об­лыс­тық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтың айтуынша,  2016 жылы өңірде тоғыз  конфессияны құрайтын 75 діни нысан  тіркелді. Облыс аумағында алыс және жақын шетелдерден келген облыстық дін істері басқармасында есептік тіркеуден өткен жеті миссионер жұмыс істейді. Конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында аталмыш басқарма жанынан облыстық діни бірлестіктері басшыларының клубы құрылды. «Ақпараттық түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, тағатты діни сананы қалыптастыру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру бағытында жұмыстанудамыз», – деді Талғат Нығметов. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 4022 шара ұйымдастырылып, 415 мыңнан астам адам қамтылған.
Сондай-ақ сессияда  облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы «БҚО-ның шекара маңындағы аудандарын дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» шешімінің орындалуы, «БҚО-ның аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерін дамытудың 2014-2018 жылдарға арналған жеке кешенді жоспарларын және ауылдық округтердің орталықтарын дамыту бойынша 2014-2018 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары туралы» шешімін жою, облыстың су нысандарында ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы мәселелер қаралып, мақұлданды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Маңқараевтың айтуынша, облыстың жеті ауданы шекаралас аймақта орналасқан және оларға қарасты 98 елді мекен – шекаралас ауылдар. Осы ауылдарды одан әрі дамытуға өткен жылы барлық қаржыландыру көздерінен 16 млрд. 475 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаржы ауылдардың экономикасын әртараптандыруға, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, шекарадан өту орындарын жайландыруға, трансшекаралық өзендерді пайдалануға, табиғатты қорғауға, аудандардың туристік инфрақұрылымдарын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жұмсалған. Шекаралық ауылдарды дамыту жұмыстары алда да жалғасады.
Халық қалаулылары бұдан бұрын облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірқатар бірлескен қаулылары мен шешімдерінің күшін жойып, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың, кеңестердің құрамы туралы мәселелерді қарап, мақұлдады. Сонымен қатар депутаттар еліміздің, өңіріміздің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімдерін облыстағы әлеуметтік, мәдениет нысандарына беру туралы ұсыныстарды қарады. Соның ішінде облыстық қазақ драма театрына ұлттық сахна өнерінің корифейі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкееваның, облыстық мәдениет және өнер орталығына  ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің, Оралдағы №30 ЖОББ мектепке Ұлы Отан соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханаға белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиұлының есімдерін беруді жөн деп тапты.
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрайымы болып депутат Ляна Тұрсынова сайланды. Сессия тиісті шешімдер қабылдады.
Сессия жұмысын облыс әкімі Алтай Көлгінов қорытындылап, жеті аудандағы жолдарды жөн­деуге 1 млрд. теңгеден астам, Оралдағы Жұлдыз шағынауданында тасқын суды ағызу арнасы, тас жол салуға 500 млн. теңге бөлінгенін, қаржының игерілуі қажеттігін еске салды. «Биыл 50 елді мекен сумен қамтылады, сонымен қатар 22 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтудың жобалық құжатамасы жасалады. Бес мәдениет ошағы жөндеуден өтеді. Оның бірі – А.Островский атындағы облыстық орыс драма театры, оның құрал-жабдықтары тозған, төбе шатырынан су ағады», – деген өңір басшысы өңірдің дамуы үшін маңызды шешімдер қабылдаған халық қалаулыларына алғыс айтып, нысандарға ұлт мақтаныштарының, белгілі тұлғалардың есімдерінің берілуіне орай құтты болсын айтты. Ал Қ.Ашығалиевтің ауылды дамыту жөніндегі ұсыныстарының АӨК қызметкерлерімен өтетін алдағы кездесуде пысықталатынын айтып, депутаттар корпусына алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратындарына сенім білдірді.  

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X