Валюта бағамы: $ 341.08 394.46 5.37 ¥ 52.71

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…

Бар әлемді жылуымен баурап, сұлулығымен жаулайтын көктемнің жарқын мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі тәуелсіздіктен нәр алған, терең өзгерістермен жаңарған Қазақстан атты кең байтақ өлкенің төріне озды. Осы бір күнтізбемізден көрнекті орын алған жарқын да айтулы мерекенің бәріміз үшін де аса қадірлі әрі қымбат екендігі белгілі. Өйткені, Ана құдіретіне, оның нұр шашқан мейірімді жүрегіне, ару қыздардың сымбат-көркіне, ақыл, парасатына бас имейтін жан жоқ. Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі: біздің барлық үміттеріміз бен асыл мұраттарымызды ертеңгі күнмен тығыз жалғастыратын нұрлы көктемнің алғашқы айында келуі – бір үлкен жақсылықтың игі нышаны іспетті. Сол себепті жеті қат жерді бусандыратын Көктем мен дүниені алақанында әлдилейтін Ана құдіретіне тең келетін бұл дүниеде ештеңе жоқ-ау, сірә!

Қалай десек те, дүниеге нәресте әкеліп, баршаға өмір сүру бақытын сыйлаған ана құдіреті жайлы көп айтудан жалықпайтын халықтың ұрпағымыз ғой. Осындайда қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деген жолдардан басталатын «Ана туралы жыр» әнінің тіл ұшына еріксіз орала кететіні бар. Ана құдіретін жауһар жыр, кәусар ән арқылы жеткізудің өзі – үлкен шеберлік қой.

Ана туралы, ару қыздар жайлы осындай тамшаша туындылар әлі де көбейе түссе, нұр үстіне нұр емес пе?!. Анаға деген махаббат пен парыздың егіз, ажырамас екі өрімін қапысыз әрі шынайы жырлаған Шәмші ағаның құдіретіне де еріксіз бас иіп, мерекелік дастархандарда, концерт сахналарында т.б. көпшілік орындарында осы әнді асқақтата шырқайтынымыз айдай анық жәйт қой. Мереке күні ақ жаулықты әжелерімізді, ардақты аналарымызды, апа-жеңгелерімізді, аяулы қарындастарымызды қаһарлы қыс пен шуақты көктемнің ара жігін ашып, бар жылуын шашып келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, оларға барынша құрмет көрсету – жарасымды үрдіске, шынайы өмір салтымызға айналып кеткені қашан?! Жыл мезгілінде бір келетін осы күннің жаңа заманға лайық қадыр-қасиетін жақсы түсініп, қолдан келген бар құрметті ең бірінші Анаға, барша нәзік жүректі ару жандарға көрсткенге не жетсін!
Еліміз қазір жаңғыру дәуірін бастан кешіруде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан  халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауында ерекше сөз болған маңызды мәселелердің ішінде Үшінші жаңғырудың шешу­ші басым­дықтарының бірі – экономиканы жедел техно­логиялық жаңарту, болып табылатындығы ерекше атап көрсетілді. Осында бизнес-ортаны кеңейту мен жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайларды жақсартудың қағидаттық маңызының да бар екендігі де айтылды. Әрине,біздің қазіргі қоғамның өмірінде әйелодердің алатын орны үлкен, тіпті, ерлерден гөрі тым басымдау  десек те, артық айтпағандығы­мыз. Оны статистика да дәлелдейді. Сондықтан да елмізде экономикалық жаңа қатынастардың ең шешуші буыны – бизнестік ортаны қалыптастыруда нәзік жүректі аналар мен қыз-келіншектердің  үлес салмағы тым жоғары  болып отырғандығы тағы да ешқандай дау тудырмайды.
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі болып қалыптасты. Қарапайым жұмысшыдан бастап мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген қыз-келіншектер қаншама?!. Нәзік жандардың мамандықтары да сан түрлі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қор­ғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Оны Елбасы Жолдауынан да байқауға болады.
Халқымызда «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген бір әдемі қанатты сөз бар. Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, діңімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін, әлемді билейтін де, тербейтін де әйел-ана  екенін кезінде білдіріп өткен. Алайда, болашақ жас өркеннің тәрбиесінен сол шаңырақтың ноқта басы – ер адамдар сырт қала алмайды. Ұлт рухы, рухани құндылықтарымыз мықты болуы үшін шағын мемлекет – отбасының да уығы берік, шаңырағы мықты болуы шарт. Сонда ғана діттеген меже – «Мәңгілік ел» болудың биігінен көрінеміз.
Тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадаммен ілгері дамып, өсіп-өркендей түсуіне, оның Елбасы алға қойған Үшінші жаңғыру кезеңін сәттілікпен жалғастырып, жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін мейлінше арттыру жолын­дағы халықтық іске біздің ардақты аналарымыз бастаған өз ісінің нағыз шеберлері – аяулы қыз-келіншек­теріміз лайықты үлестерін қоса берері  сөзсіз.
Мереке құтты болсын,ардақты аналар мен аяулы ару жандар! Сіздерге көктем гүліндей сұлулық, көктем шуа­ғын­дай жылулық, ең бастысы, деннің саулығы мен өмір қуанышын тілейміз!

АНАЛАР ЖАЙЛЫ ЖЫР

Ай менен Күн көрінген келбетінен,
Мейірімі шалқар теңіз тербетілген.
Әз анам арқасында
Өмірге кеп,
Сәби боп сәмбә талдай ержетіп ем.

Жан нұры дала гүлден жаратылған,
Тағдыры ғажап сыр ғой дара тұрған.
Кәусардай қасиет бар
Ақ сүтінде,
Анадан небір алып дана туған!

Перзент гүл – бар байлығы, Ар асылы,
Ол көңіл көкірегінің дара шыңы.
Ақ жүрек ана үшін
Таудай бақыт,
Ел бірлігі, отбасы жарасымы!

Сөнбейтін бір жұлдыз бар көңілімде,
Ол менің жол бастаушым өмірімде.
Анамның рухы мені
Желеп-жебеп,
Жүр білем,туып-өскен өңірімде.


Пікір(2)

  • Алуа
    02.03.2017 at 4:33 pm

    Қазір нәзік жанды арулар ерлермен қатар еңбек етіп, бала тәрбиелеп, үй шаруасын да қатар алып жүр. Ер азаматтар осыны бағаласын, түсінсін.

  • Chris Barry
    31.05.2018 at 3:10 pm

    Біз бір күндік қарызды төмен пайыздық ставка бойынша ұсынамыз. Бүгінгі несиеіңізге бізбен хабарласыңыз және сіздің несие қаражатын бірнеше сағаттық интервалда алыңыз.

    Электрондық пошта: chrisbarry@financier.com
    Телефон: +393313695692

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру