Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

АЛҒАШҚЫ ТӨРТТІКТЕМІЗ!

Хоккейшілеріміз жарады

Өткен жексенбі, яғни 26 ақпан күні Жапонияның Саппоро қаласында кезекті VIII қысқы Азиада ойындары өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған Ақ Азиада додасында 32 елдің атынан келген атлеттер спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Қазақстан спортшылары үшін Азиаданың соңғы жарыс күні өте тартысты және табысты өтті деуге болады. Әсіресе шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы ақтық сайыста сәтті өнер көрсетті. «Цукисаму Гимназиум» мұз айдынында өткен финалдық кездесу аса тартысты өтті. Алаң қожайындары қанша жерден алға ұмтылғанымен жерлестеріміздің қақпасынан бірде-бір саңылау табуға мүмкіндігі болған жоқ. Құрама сапынан Ярослав Евдокимов (1-ші және 30-минуттар), Илья Ковзалов (3-ші және 59-шы), Кирилл Савицкий (5-ші), Никита Михайлис (13-ші) және Константин Савенков (36-шы) сынды хоккейшілер мерген-діктерімен көзге түсіп, қарсылас қақпаның саңылауына шайбаны бірінен соң бірін тоғытты. Осылайша жерлестеріміз қарсыластарының қақпасына жауапсыз 7 шайба тоғытты. Ерлер хоккей командасының алаң иелерін  7:0 есебімен басым түсе отырып, ел қоржынына тоғызыншы алтын медальді сыйға тартты.  
Естеріңізде болса, осыдан алты жыл бүрын Алматы және Астана қалаларында өткен VII қысқы Азиада ойындарында Қазақстан хоккейшілері чемпион атанған болатын. Бұл жолы да бас жүлдені жеңіп алып, Азиада елдері арасында теңдессіз мықты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар хоккейші қыздарымыз Таиланд құрамасын 8:0 есебімен ойсырата жеңіп қола жүлдені жеңіп алды.
Жарыстың соңғы күні  шаңғышыларымыз Сергей Черепанов  күміс және Николай Чеботько қола жүлдеге ие болды. Биатлоншы жігіттер Ян Савицкий алтыннан алқа тағынды. Қыздар бәсекесінде Галина Вишневская  да ешкімге дес бермей бірінші орыннан көрінді. Бұдан басқа отандасымыз Алина Райкова күміс жүлдені еншіледі. Бұл Ақ Азиадада Г.Вишневская өте сәтті өнер көрсетті. Бұның алдында ол спринт, қудалау жарысы және аралас эстафета сынында үздік атанған болатын. Осылайша Галина бір дүбірлі додада 4 алтын жүлдені олжалады. Бұдан басқа аруымыз Алматыда өткен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада бірнеше рет топжарғанын білеміз.  
Фристайлшы аруымыз Юлия Галышева қосарланған могул бойынша үздік нәтиже көрсетті. Іріктеу сынында Юлия жапонның екі бірдей спортшысы – Хинако Томитаки және Кисара Симиошиді артқа қалдырды. Ал алтын медаль үшін болған айқаста Ю.Галышева Күншығыс елінің тағы бір өкілі Арису Муратудан мықты екенін дәлелдеді. 
Биатлоннан өткен аралас эстафета сынында (2х6 +2+7,5) өнер көрсеткен екі бірдей құрама командамыз ел қоржынына алтын және күміс медаль салған болатын. Құрамында Азиаданың бірнеше дүркін чемпионы Галина Вишневская, Дарья Усанова, Максим Браун және Ян Савицкий сынды саңлақтар бар бірінші құрама үздік шығып чемпион атанса, Алина Райкова, Анна Кистанова, Василий Подкорытов және Антон Пантов сияқты шеберлерден құралған екінші командамыз күміс жүлдеге қол жеткізді.
Таяуда ғана Алматыда өткен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада чемпион атанған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қысқа бағдарламада мұз айдынында өз шеберлігін паш ете алмады. Ол 72,98 балл жинап, тек тоғызыншы орыннан көрінді. Мұз айдынында аяғы тайып, құлауының салдарынан жүлдесіз қалды. Бұл сында қытайлық Боян Цзинь (92,86) бірінші орынға ие болса, жапон спортшысы Сёма Уно (92,42) екінші орынға тұрақтады. Ал үштікті тағы бір Аспанасты елінің спортшысы Хан Ян (91,56) түйіндеді. Сонымен қатар, Қазақстан атынан мұз айдынына шыққан Абзал Рақымғалиев (54,80) 14-інші орынмен шектелді. 
Ал қыздар арасында қысқа бағдарламада Элизабет Тұрсынбаева 53,16 балл жинап, 6-орынға ие болған.
Ерлер арасында шаңғы эстафетасында отандастарымыз екінші орыннан көрінді. Бұл сында алтын медальді Жапония құрамасы алса, Оңтүстік Корея қола жүлдегер атанды. Ел атынан Ердос Ахмадиев, Ринат Мухин, Сергей Черепанов, Николай Чеботько қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 32 медаль еншілеп, (9 алтын, 11 күміс, 12 қола жүлдемен) Азиада ойындарын төртінші орынмен аяқтады. Командалық жалпыесепте бірінші орынды алаң иелері Жапония елінің сайыпқырандары жеңіп алды. Олардың еншісінде 73 медаль (26 алтын 22 күміс, 25 қола) бар. Екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары қанжығасына байлады. Олардың қоржынында 49 медаль (16 алтын, 17 күміс, 16 қола) бар. Ал үздік үштіктен көрінген Қытай елінің қоржынында жалпы 33 медаль (12 алтын, 13 күміс, 8 қола) бар. Ал медаль алған елдер арасында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстаннан бөлек бір мемлекет бар. Ол Солтүстік Корея. Олардың еншісінде жалғыз қола медаль түсті. Жалпы VIII қысқы Азиада ойындарына 29 мемлекет қатысқан болатын. Соның 24 мемлекеті өз ауылдарына жүлдесіз қайтты.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Жасан
    02.03.2017 at 4:35 пп

    Бұл жақсы нәтиже. Қуаныштымыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X