Валюта бағамы: $ 323.13 367.08 5.43 ¥ 47.53

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР – ІЛГЕРІ ДАМУ КЕПІЛІ

ОҚО-да жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салынбақ

Шетелдік ірі компаниялармен іскерлік байланыс жасау қазір барлық аймақтарда өз жемісін беріп келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі  Жансейіт Түймебаев Сауд Арабиясы Корольдігінің  шейхы, «АL Ramez Group» компаниясының президенті Абдулла Заид әл-Мелеихимен кездескен кезде аймақ экономикасына үлкен пайда әкелетін жобалар төңірегінде келелі әңгіме қозғаған болатын.

Кездесу  барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда екі жақтың өкілеттігі мен міндеттері талқыланып, конструктивті диалог өткізілді. Әңгіме кезінде тараптар Оңтүстік Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті.
Облыс басшысы іскерлік және инвестиция­лық ортаны жақсарту үшін Оңтүстік Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқ­талып, шетелдік инвесторлар үшін артық­шылық пен жеңілдіктерді сөз етті. «Біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Оңтүстік Қазақстан облысы – республикадағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған өңір. Кәсіпкерлікті қолдау үшін бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 3 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде», – деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мәселенің маңыздылығына тоқталып.
Өз кезегінде шейх Абдулла Заид әл-Мелеихи Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы іскерлік байланыстардың келешегі зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, мұнда жұмыс істеуге, сауда-саттық жасауға жақсы жағдай жасалған. Әсіресе, Қазақстанның саяси тұрақтылығы, ішкі татулығы инвесторлар үшін еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, саудиялық ірі компания басшысы Оңтүстік Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігімен толықтай танысып, Түлкібас ауданынан жылына 30 мың тонна ет беретін құс фабрикасының құрылысын биылғы наурыз айында бастайтындарын жеткізді. Жалпы құны 85 млн еуроны құрайтын жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқысына 61 млн еуро жоспарланса, екінші кезең үшін 24 млн еуро қарастырылыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында балапан асырау орындары, аналық және балапан өсіру орындары салынады. Бұдан бөлек, инкубатор, бройлерлік корпус, сою цехы және жем-шөп зауыты бой көтереді.
Араб инвестициялық топ өкілдері ауыл шаруа­шылығының өзге де салаларына қаржы құюға ниетті. Олар ірі қара және ұсақ мал өсіру жобаларын қаржыландыруға қызығушылық біл­діріп, ет экспортына көмек беруді ұсынды. Қазақ­станның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Батыршаев шара барысында екі ел арасындағы маңызды қадамдар туралы баяндап, түрлі саладағы серіктестіктің дамып келе жатқандығын жеткізді. Облыс әкімі өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің өкілдеріне табыс тіледі. Айта кетейік, екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналымы көлемін бүгінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Ко­рольдік компанияларының қатысуымен Қа­зақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X