Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

БАҚ ШАБА МА, БАП ШАБА МА?

2011 жылғы рекордты қайта бағындыра аламыз ба?

Өткен жексенбі күні Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Саппоро-доум» стадионында өткен думанды шеруде Қазақстанның көк туын шаңғышы, бес дүркін Қазақстан чемпионы, Сочи олимпиадасының қатысушысы  Ердос Ахмадиев ұстап шықты.

Сары құрлықтың қыстағы басты сайысында Қазақстанның намысын 116 спортшы қорғауда. Ақ Азиада додасында 31 мемлекеттің атлеттері спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығы үшін күш сынасуда. 
Шаңғышы қызымыз Елена Коломина классикалық жүріспен жеке спринт жарысында (1,4 шақырым) күміс жүлдені иеленді. Бұл сында алтын медаль 3 минут 48,29 секунд нәтиже көрсеткен қытай қызы Дандан Манға бұйырды. Ал австралиялық ару Кэйси Райт (+10.49) үшінші орынға тұрақтады. Еліміз үшін бұл Жапония жеріндегі алғашқы жүлде болды. Бұдан басқа шаңғыдан 10 шақырымдық еркін стильде сынға түскен Елена мәре сызығына үшінші болып келді. Бұл сында 30:24,6 минут нәтиже көрсеткен жапон спортшысы Юки Кобаяши алтын жүлдеге қол жеткізсе, күміс медальді оңтүстіккореялық  Чэ Вон Ли (+24.4) иеленді. 
Қыздар арасында хоккейден Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне жетті. Аруларымыз Оңтүстік Кореямен кездесіп, 1:0 есебімен басым түсті. Бастапқы екі ойында хоккейшілеріміз ойсырай жеңілген болатын. Алдымен, Жапониядан 0:6 есебімен жеңілсе, артынша Қытай қыздарынан 3:8 есебімен ұтылды.
Керлингтен қыздар арасында Қазақстан құрамасы Қатар спортшыларымен кездесті. Матч 14:0 есебімен қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды.
Дүбірлі доданың үшінші күні спортшыларымыз әупірімдеп жүріп әрең дегенде алғашқы алтынға қол жеткізді.  Шаңғышы Ринат Мухин 15 шақырымдық жарысты 41 минут 25,3 секунд нәтижесімен бірінші болып аяқтады. Ал күміс пен қола жүлделер жапон спортшыларына бұйырды. Сонымен қатар, еліміздің атынан сынға түскен Сергей Черепанов төртінші, Николай Чеботько бесінше және Ердос Ахмадиев алтыншы болып мәре сызығын кесті. Ел қоржынына алғашқы алтын медальді сыйлаған чемпионымыз жеңісінен кейінгі әсерімен бөлісті. 
Тұғырдан секіруден 254.0 нәтиже көрсеткен Күншығыс елінің спортшысы Юкия Сато алтын медальға қол жеткізсе, күміс оның отандасы Юкен Ивасаға (251.0) бұйырды. Ал қоланы отандасымыз Сергей Ткаченко (238.0) алды. Жерлесіміз Марат Жаппаров (198.5) жетінші орынға орналасса, Сабыржан Мүмінов пен Константин Соколенко (178.5) жарысты тоғызыншы болып аяқтады.
Қазақстан қоржынында қазір 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль бар. Осындай жүлделердің саны мен сапасына қарай бейресми командалық есепте 31 елдің ішінде төртінші орында келе жатырмыз. 
Иә, спортшыларымыз 2011 жылы еліміздің Алматы мен Астана қаласында өткен VII қысқы Азия ойындарының рекордын қайталай ала ма? Бұдан 6 жыл бұрынғы дүбірлі додада 32 алтын, 21 күміс, 17 қола барлығы 70 медальды олжалаған атлеттеріміз бұл жолы бұл көрсеткішке қол жеткізе алмайтыны анық. Дегенмен алаң қожайыны Жапония немесе Оңтүстік Корея мемлекетінің сайыпқырандары қысқы Азиада ойыны тарихындағы бұл рекордты жаңартуы ықтимал. 
VIII қысқы Азия ойындары Жапонияның Саппоро қаласында 26 ақпанға дейін жалғасады. Жерлестерімізге сәттілік тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

2

комментария

  • Сапар
    24.02.2017 at 12:34 пп

    Спортшыларымыздан тағы да медальдар күтудеміз.

  • Айгүл
    24.02.2017 at 12:35 пп

    Қоржынымыз алтынға толсын.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X