Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Гүл өсірсең – жердің көркі

Алматыдағы «Тілектас» орталығында агротуризмге арналған кезекті көрме-брифинг өтті. Шара барысында еліміздегі агротуризм мәселесі, әлеуметтік-экономикалық проблемалар, көгалдандыру, ауыл шаруашылығындағы бау-бақша мәселелері кеңінен талқыланды.   

   Жиын барысында «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және «Гүлстан» газетінің бас редакторы Гөзел Құлжабаева «Гүл өсіру Нидерландия, Германия, Жапония және т.б елдерде жақсы дамыған. Аталған елдер қазірде гүлдің арқасында қыруар қаржыға кенеліп отыр деуге болады. Алайда, осы гүл саласы бойынша бізде ұлттық кадр жоқ. Біздің жастарымыздың көбі банкир, экономист, заңгер болғысы келеді. Ол жақсы ғой, дегенмен, нағыз қаржылы салада ұлтымыздың азаматтары мен азаматшалары жоқ екендігі бізді қынжылтады…» деген жүрекжарды лебізін білдіре келе, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге кеңінен тоқталды. 
  «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының PR менеджері, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Бәтима Қабдолданова, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі ақын Бауыржан Жақып,  ақын Мұратхан Шоқан, «Қыздар университеті» медиаорталығының жетекшісі – баспасөз хатшысы Дәрмен Смайыл, журналист Нәзира Бұрхан, Әлия Іңкәрбек және т.б. қаламгерлер қауым өкілдері өз ойларын ортаға салды. 
   Көрме барысында ауыл шаруашылығына қатысты жәдігерлер мен бағалы заттар, бау-бақша өнімдері қойылды. Журналистер қауымын толғандырған сұрақтарға «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және «Гүлстан» газетінің бас редакторы Гөзел Құлжабаева жауап бере отырып, биылғы жылы атқарылатын жұмыстар мен жоспарлары жайлы атап өтті.  
   Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Әдебиет әлемі» орталығында  «Табиғатпен тамырлас, ұлтымен тағдырлас жан» деген тақырыпта кеш болып өтті.  Онда  көгалданған үлгілі аймақты насихаттау арқылы елімізде саябақтар мен бақтардың санын көбейту және көріктендіру мәдениетінің дамуына үлес қосу жайлы сөз болды.  
   Аталмыш шараны ақын Мұратхан Шоқан жүргізіп отырды. М.Шоқан алдағы уақытта кітапханадан «Гөзел гүлзары» деген атпен гүлдерге арналған мұражай ашылатындығын тілге тиек етті. «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гөзел Құлжабаева «Кез келген қазақ баласы өзінің туған ауылында анасының атына бақ отырғызса, мемлекетіміз гүлденетін болар еді»,  деген тілегін білдірді. Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов «еліміздің экологиясы жылдан-жылға нашарлап бара жатқандығын, бұл үшін барлық өңірде көгалдандыру ісі жаппай қолға алынуы тиіс», деген пікірін білдірді. Ақын Оразалы Асқар Гөзел Құлжабаева атқарып отырған жұмыстарды атап өте келіп, жырдан шашу шашты. Кеш барысында гүлді өсіру мәдениеті, табиғатты қорғау, агротуризм және т.б. мәселелер төңірегінде пікір алысылды. 

Нұрлан ҚҰМАР


Пікір(2)

  • Шырай
    24.02.2017 at 4:40 pm

    “Бір тал кессең, он тал ек”” деген осы.

  • Жания
    01.03.2017 at 4:29 pm

    Мұндай кәсіпкерліктің экологияға тигізер пайдасы орасан зор.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру