Валюта бағамы: $ 332.68 389.4 5.6 ¥ 49.85

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІ АРТТЫРУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Елбасы Жолдауына сәйкес алда тұрған міндеттер сараланды

Ақтөбе облысының әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған облыс активі өтті.

Өңірде алғашқы күннен Ұлт көшбасшы­сының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша іс-шаралардың жоспары бекітілген болатын. Осыған орай активтің жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Президент әкімшілігінің бас инспекторы Шалқар Байбек қатысты. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері залдан орын алды.
– Мемлекет басшысы сол бір күндері  Қазақстан халқына екі рет сөз арнады. Алғашқы маңызды құжат – Үндеуде Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілеттігінің кейбір тармақтарын Үкімет пен Парламентке беретінін жеткізген болатын. Одан соң Президент Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын арнады. Сіздер Қазақстанның зор табысқа Президенттің саяси жігерінің арқасында жеткенін білесіздер. Бұл Жолдау бұрынғыларынан өзгерек, өйткені бұл құжат негізінен еліміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге бағытталған, – деді Бердібек Сапарбаев.
Актив барысында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың негізгі бағыттары түсіндірілді. Облыс әкімі Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен стратегиялық құжаттың негізгі басым­дылықтарына тоқталды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау мақсатында өңірде гео­логиялық барлау жұмыстары күшейтіле­тінін жет­кізді. Өнімді қайта өңдеу деңгейін жо­ғары­лататын ауыл шаруашылық кооператив­терін құру жұ­мыс­тары жалғасатын болады. Бүгінде 104 кооператив бар болса, жуырда әр ауданда сүт пен ет өңдеу цехтары іске қосылады  деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығының әр саласына жаңа технологияларды енгізіп, суармалы жерлердің аумағын ұлғайту қажет. 2015 жылы суармалы жерлердің көлемі 12 гектарды құраса, 2016 жылы 18 300 гектарға кеңейді. Бұдан өзге, 19 500 гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды.
Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының азық-түлік тауарларын экспорттауды ұлғайту, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы мен жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асырып, үлкен қалалар мен оларға жақын орналасқан елді мекендер арасындағы көлік қатынасын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, білім сапасын жақсарту, үштілділікті дамыту және т.б. еліміздің кемел келешегі үшін бүгінгі күні алдымызда тұрған міндеттерді іске асыруға бар күш-жігер жұмылдырылатынын баса айтты.
Жиын барысында Президент Жолдауын қол­дап, облыс халқын оны жүзеге асыру жолын­дағы мақсатты іске үндеген қоғамдық ұйымдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары сөз сөйледі. Өңірде Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға құлшыныстың артып отырғандығы байқалады.

Ибраш ТҰРЫМБЕТ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X