Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер қандай?

«Атамекен» ҰКП отырысында еліміздегі сауда, шағын және орта бизнестің түйткілді мәселелері тал­қы­ланды.
Сауда – елімізде маңызды сала екені сөзсіз. Мәселен, Алматы қаласының өзінде тұрғындардың 70% осы салада еңбек етеді. Оңтүстік астанада ірі желілік маркеттер мен сауда базарларын есептемегенде, 4,5 мың сауда нүктесі – тұрғын үйлердегі дүкендер бар. Осыған орай сауда саласында шағын және орта бизнестің алатын үлесі зор. Алайда, бизнестің осы түрі есеп пен бақылауға толық алынбай отыр.


«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, аталған салаларға жауапты комитеттердің басшылары Райымбек Баталов пен Қайрат Мәжібаевтың қатысуымен өткен отырыс барысында өңірлерде кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге мүдделі бола алатын салалық қауымдастықтардың рөлін нығайту, оларды ірілендіру қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ интернет саудамен айналысатын қазақстандық импорттаушы кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында нормативтік құжаттарды жетілдіру жайы қозғалды. Мәселен, Қазақстанда өз ісін жүргізіп жүрген онлайн саудамен айналысатын шетелдік ірі компаниялар республикалық бюджетке мүлдем төлем жасамайды. Сондықтан отандық компаниялар оларға тиісті деңгейде бәсекелес бола алмауда.
Сауда базарларына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін жалға алушылармен ара-қатынас, тауар айналымының ашық­тығы, салық төлемдері, санитарлық және өрт қауіп­сіздігі сияқты мәселелер шешімін таппаған.
«Атамекен» ҰКП басшысы сауда саласын дамытуда интернеттің рөлін, жаңа стандарттарға сай келетін биржалық сауда-саттықты ескеретін арнайы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қажеттілігін, базарларды жаңарту, елде құрылып жатқан көтерме-бөлшек сауда орталықтарының жұмысын назарда ұстау керектігін атап өтті. «Ауылшаруашылық өнімдерін сауда орындарына жеткізу – аса маңызды мәселе. Біз сіздермен бұл мәселені талқылаған болатынбыз. Бұл мәселе үкіметтің де бақылауында тұр. Сондықтан да бизнес қауымдастықтың ұсыныс­тарын айқындап алуымыз қажет. Және ауыл шаруа­шылығы өнімдерін жеткізуге қатысты барлық сұрақтар, отан­дық өнімдердің шынайы бағамен тұтыну­шы­ларға жеткізілуіне қандай әкімшілік кедергілер бар екендігі егжей-тегжейлі қаралуы керек», – деді Тимур Құлыбаев.
Кездесу барысында өңірлерде әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялардың кәсіпкерлерге жәрдем­десуінің маңызын арттыру ұсынылды. Сонымен қатар, аймақтағы бизнестің жай-күйін анық көрсетіп беретін бірыңғай құжат дайындау үшін «Атамекен» палатасының өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасын әкімдіктердің өңірлерді дамыту жоспарларымен үйлестіру мәселесі көтерілді.
Төралқа төрағасы қалалардың Бас жоспарында сауда орындарын міндетті түрде ескеру қажеттілігін атап өтті. «Кәсіпкерлердің байқауға қатысу талаптары қарапайым болуы шарт. Сауда нүктелері инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Ең бастысы – қала әкімідігінің сәулет талаптарынан шығуы керек. Осындай жұмыстар барлық өңірлерде жүргізілуі тиіс», – деді Тимур Құлыбаев.
Отырыс қорытындысында қабылданған ұсыныс­тар үкімет қарауына жолданатын болды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру