Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

РАХМЕТ САҒАН, АЛМАТЫ, АРМЫСЫҢ, КРАСНОЯРСК!

Жалпыкомандалық есепте екінші орындамыз

Еліміздің ең үлкен шаһары болып саналатын Алматыда ХХVІІІ Қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Он күнге созылған бәсеке барысында әлемнің 54 мемлекетінен 1613 сайыпқыран спорттың 12 түрінен сынға түсті. Нәтижесінде 543 медаль сарапқа салынған дүбірлі дода барысында қазақ спортшылары 11 алтын, 7 күміс және 16 қола, яғни барлығы 34 жүлде санымен бейресми командалық есепте екінші орыннан көрінді.

 

Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған қазақ қыздары шеберліктерін танытып, жанкүйерлерін қызық ойындарымен тамсандыруын қоймады. Сайысқа шыққан биатлоншы аруымыз Галина Вишневская 12,5 шақырым қашықтықтағы масс-стартта тағы да үздік шықты. Нысана көздеп мылтық атудың төрт шебінде бір-ақ рет қателескен Г.Вишневская бұл қашықтықты 36:15.4 минутта жүгіріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Күміс жүлде – украин қызы Ян Бондарьға, қола орыс қызы Лариса Куклинге бұйырды. Бұдан басқа биатлоншы қызымыз Елизавета Бельченко жақсы жүгіргеніне қарамастан, нысана көздеуде үш рет сүрініп, төртінші орында қалып қойды. Құраманың өзге биатлоншылары Александра Сасина масс-стартты 13-ші, Анастасия Кондратьева 15-ші орынға тұрақтады. Осылайша Г.Вишневская басқа бұл сында сынға түскен 4 спортшының тек біреуі ғана жүлдеге ілікті.  
Биатлоннан 7,5 шақырымдық жарыс жолында сынға түскен Галина Вишневская топ жарды. Мылтық ату кезінде бір рет «сүрінген» спортшы қызымыз қашықтықты 21 минут 43,1 секундта жүгіріп өтті. Галина шын мәнінде әріптестерін шаң қаптырып кетті. Украиналық Яна Бондарь (+22.8) күміс, ресейлік Анастасия Егорова (+36.7) қола медаль алды. Қазақстандық құраманың биатлоншылары Дарья Усанова 7-ші, Анна Кисталова 8-ші, қазақстандық алғашқы алтынның «авторы» Алина Райкова 12-ші, Анастасья Кондратьева 21-ші орынға табан тіреді.Galina
Шаңғыдан жеке спринтте классикалық стильде жерлесіміз Иван Люфт топ жарса, екінші орынға ресейлік Владимир Флоров ие болды. Ал қола медаль оның отандасы Егор Березинге бұйырды.
Фристайлшы Дмитрий Рейхерд параллельді могулдан алтын жүлдеге қол жеткізді. Финалдық бәсекеде ол ресейлік Сергей Шимбуевпен сынға түсіп, нәтижесінде 13:12 көрсеткішімен басым түсті. «Бұл менің ең соңғы универ сиадалық жарысым. Жеңіске деген құлшынысым зор болды. Бұдан екі жыл бұрын алтынды қолдан беріп едім, бүгін, міне, көптен күткен арманым орындалды. Бұл медальдың мен үшін бағасы сол себепті де өте қымбат», деп ағынан жарылды Д.Рейхерд. 
Иә, Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында (2011 жылы) алтын, өткен Универсиадада (Гранада, 2015 жылы) күміс медаль таққан могулшыға туған жерінің қасиет-құдіреті көмектескен сияқты.
Осы жарыста қыздар арасынан Юлия Галышева алтын жүлдегер атанса, ерлер арасында Павел Колмаков қола медальді еншіледі.
Жанкүйерлер сенімін аралас командалық спринтте (6х1,1 шақырым) сынға түскен шаңғышыларымыз ақтады. Құрамында Анна Шевченко мен Олжас Климин бар жерлестеріміз 18:23.48 уақытымен ең үздік нәтижені көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. Екінші орынға Франция командасы (18:28.67) жайғасты. Қола медаль Ресей (18:29.50) спортшыларына бұйырды. Қазақстандық тағы бір жұп – Ольга Мандрика мен Сергей Малышев жұбы алтыншы орында (19:11,72) қалып қойды.
«Алматы Арена» мұз айдынды спорт сарайында ерлер арасында қысқа бағдарламада мәнерлеп сырғанау жарысы төрт жарым сағатқа созылды. Жерлесіміз Денис Тен кезегі бойынша айдынға ең соңынан, 24-ші болып шықты. Ел намысын қорғаған Абзал Рахымғалиев айдынға алғашқы топпен бірге шықты. Мәнерлеп сырғанаудың ақырғы қорытындысында төрешілер А.Рахымғалиевті 7-ші орынға лайық деп тапты. Екі жарыстың қорытындысы бойынша ол 12-орынға табан тіреді. Төрешілер еркін бағдарламада Денис Тен 172,06 балл жинады деген ұйғарым жасады. Алдағы қысқа бағдарламамен екеуін қосқанда қазақ спортшысы 266,97 балл жинап, алтын медаль алды. Бұл Қазақстан құрмасының 10-шы алтын медалі болатын. Бұл сында топ жарған 23 жасар Д.Тен қуанышын жасыра алмады: «Өз еліңде өтіп жатқан жарыста өнер көрсеткен кезде қатты қобалжиды екенсің. Мен де сондай күйді басымнан кештім. Бірақ жеңісті қолдан бермеу үшін барымды салдым. Оның үстіне сан мың жанкүйердің қолдауы мені қанаттандырды. Сол қолдаудың арқасында алдыма жан салмадым. Осы жеңісті жол алдағы уақыттарда да жалғасады деп үміттенем. Негізгі мақсатым – 2018 жылы алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында барынша зор нәтижеге қол жеткізу», деді Д.Тен.  
Иә, айтса айтқандай ел намысын абыроймен қорғап жүрген, Алматы қаласының тумасы Д.Тен келесі жылы Корея Республикасының  Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы  Олимпиадада топ жаруы ықтимал. Олай дейтініміз жерлесіміз бұдан үш жыл бұрын Ресейдің Сочи қаласында өткен XXII Қысқы Олимпиадада қола медальды олжалаған болатын. Әрі Д.Теннің шеберлігі жылдан-жылға артып келе жатқандығын ескерсек, келесі жылдың дәл осы уақытында басталатын дүбірлі додада отандасымыз бірінші орын алатыны сөзсіз болып отыр.  
Шаңғышы қызымыз Анна Шевченко бір додада бір өзі мойнына бес медаль тақты. Бір алтын, бір күміс, 3 қола! Шаңғымен жүгіруден өткен 15 шақырымдық масс-стартта ең алғашқы күнгі бәсекедегі сияқты Аннаның жолын әдеттегідей ресейлік бәсекелестері Лилия Васильева (алтын) мен Анна Нечаевская (күміс) кесті. Ал ерлер арасында бұл қашықтықта бірінші орынды француз спортшысы Жоути Баптистеге берген Роман Еремин күміс, Антон Пантов қола медаль алды.
Шорт-тректен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынында 1500 метрлік жарыста Оңтүстік Корея спортшылары шашасына шаң жұқтырмады. Жастар арасындағы чемпионаттар мен Әлем кубогы кезеңінің жүлдегерлері Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаның, Нұрберген Жұмағазиев пен Айдар Бекжановтың шеберлігіне сенгендейміз. Дегенмен кореялық шорт-трекшілер қандай қашықтыққа болса да жол талғамайтындықтарын бірден көрсетті. Финалдық жарыста 1000 метрге жүгірген Айдар Бекжанов пен Денис Никиша үмітімізді ақтай алмады. Жарысты тәп-тәуір бастаған сайыпқырандарымыз  соңғы айналымдарда кореялық екі спортшыдан қалып қойды. Денис қолаға қол жеткізді, Айдар 4-ші орында қалды. Ал шорт-трекші қыздарымыз 500 және 1000 метрлік қашықтықта жүгіруден жүлдесіз қалды. Алайда, 3 мың метрлік командалық эстафетада төрт елден қатысқан әрбір 4 спортшы сайысында біздің Мәдина Жанбосынова, Ким Лонг А, Анита Нагай, Анастасия Крестова абырой болғанда, қола жүлдеге қол жеткізіп ел мерейін үстем етті.
Конькимен жүгіруде ел қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Медеу мұзайдынында аяқталған конькиден 1000 метр қашықтықта жерлесіміз Екатерина Айдова қола жүлдеге қол жеткізді. Ең үздік нәтиже көрсеткен Ресей спортшысы Александра Качуркина (1:19:10) алтын медальға ие болса, екінші орынға оңтүстіккореялық Ким Хьюн-Юн (1:19:19) көтерілді. Үздік үштікті Екатерина Айдова (1:19:53) түйіндеді.
Шорт-трекші спортшылардың сәтсіз өнері мен корей елінің жастарының бұл спортта бірнеше алтын ала берудің салдарынан бас жүлделердің саны жағынан Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары теңесті. Енді ерлердің 5000 метрлік эстафетасында сайыпқырандарымыз топ жарады деп үміттендік.  Осы жолы корей өрендер топ жаратын болса, онда отандастарымыз үшінші орынға сырғып түсетін еді. Сол үшін де елдің елдігі сынға түскен сәтте Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша, Нұртілек Қажығалиев және Нұрберген Жұмағазиев сынды сайыпқырандарға айрықша сенім арттық. Алайда бұл кеште біздің жігіттерге алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. Олар қола медальді еншіледі. Бірақ жерлестеріміздің жағдайын Қытай спортшылары құтқарды. Аспанасты елінің өкілдері бас жүлдені олжаласа, Ресей құрамасы екінші орынды иеленді. Оңтүстік Кореяның оғландары бұл жолы жүлдесіз қалды.
Универсиада ойындарының жартылай финалдық матчында Қазақстанның  хоккейден құрама командасы Чехиямен кездесті. Бірінші кезеңде есепті чех Дэниел Арност ашты. Бірақ Константин Савенко көп ұзамай есепті теңестірді. Екінші жиырма минутта Чехияның қақпасын Дмитрий Гренц пен Павел Акользин бұзып, қақпаға шайбаларды тоғытты. Ойынның үшінші бөлігінде шайбаны қазақстандық Алексей Анциферов соқты. Газетіміздің беті қатталып жатқанда Қазақстан финалда Ресеймен кездесті. Бұл ойынның қорытындысы және бейресми командалық есептің көрсеткіші жайлы келесі нөмірден оқитын боласыздар.  
Бұл Универсиада ел тарихындағы ең нәтижелі көрсеткіш болып отыр. Бұған дейін, дәлірек айтқанда 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен қысқы студенттер сайысында Қазақстан командасы 5 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алған болатын. 

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X