Валюта бағамы: $ 327.92 399.31 5.23 ¥ 51.87

Ғылыми технологиялардың маңызы зор

XXI  ғасырда мемлекеттің экономикалық серпінді дамуы мен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету жолында ғылымды қажет ететін экономикалық жүйелердің және демократиялық қоғам құруда жоғары мектептің рөлін арттыру басты міндеттің бірі болып табылады. 

Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жетістіктері мен даму жолы туралы айтқымыз келеді. 2004 жылы құрылған QSWorldUniversityRankings халықаралық рейтинг агенттігі (Ұлыбритания) зерттеулерінің нәтижесінде университетіміз беделді жаһандық рейтингке ие университеттер қатарынан орын алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2016 жылы әлемнің 800 үздік университетінің арасынан 236- орын алып, тор-300 университеттің қатарына кірді. 
Рейтинг келесі көрсеткіштер негізінде есеп­теледі: 
– ғылыми-зерттеу жұмыстарының белсенділігі мен сапасы;
– жұмыс берушілердің пікірі және мәнсаптық әлеует;
– білім беру және интернационалдану. 
 Кез келген университет жетістіктерінің дең­гейі оқу орны қызметінің комбинациясын ста­тистикалық талдау нәтижесінде анықталады, оның ішіне Scopus мәліметтер базасынан дәйексөз келтіру индексі туралы ақпарат, сонымен қатар университет туралы өз пікірлерімен бөлісетін халықаралық академиялық қауымдастық пен жұмыс берушілерге ғаламдық сараптамалық сұрау жүргізу нәтижелері кіреді.
  Бұл рейтинг бейімделу мен алдыңғы қатарлы білім арқасында университеттің білім беру қызметінің ғаламдық нарығында бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. 
  Жоғары оқу орны өзіне-өзі әлемдік деңгейдегі университет деп атақ бере алмайды. Әлемдік университеттің статусы сыртқы халықаралық бағалау негізінде расталады. Біраз уақыт бойы жоғары оқу орнының мемлекеттегі дәрежесі оның білім беру кеңістігінде қызмет ету мерзімі,  отандық және әлемдік ғылымға қомақты үлес қосқан ғалымдар еңбегі бойынша білім ордасының абырой-беделі, білікті кадрлар даярлау деңгейімен анықталып келген болатын. 
  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістігінің құрамдастарын қарастыра отырып, бұған жетуге, біріншіден, ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейдегі атқарушы биліктің рөлі және университеттің мәртебесін көтеруге тартылған ресурстардың себеп болғанын түсінесіз. Осыған байланысты білім беру саласы біздің елімізде мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының маңызды басымдықтарының бірі болып саналады. «Қазақстан – 2050» стратегиясында кадрларды алдын ала даярлау мен дайындықтан өткізудің, қазіргі заманғы білім жүйесінің негізгі бағдары білім мен кәсіби дағдылар екені айтылды. Уақыт және орналасқан орынға тәуелсіз білім беру жүйесін «Қазақстан – 2050» стратегиясының аясында жаңғырту, ең жақсы білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету және білім беру қауымдастығының ішінде тікелей және кері байланыс құру міндеті алға қойылды.
  Екіншіден, бұл – оқу орнының өзі қосқан үлесі, яғни әлемдік деңгейдегі университет болуға мүмкіндіктер туғызатын қажетті өзгерістер үр­дісін жүргізуі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде соңғы жылдары кешенді құрылымдық жаңғыртулар жүргізіліп, үрдістік менеджмент; нәтижеге және жетістіктің рейтингтік бағалануына бағытталған басқару жүйесі енгізілді.  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық талаптарға сай келетін және халықаралық аккредитациядан өткен эксперименттік білім бағдарламалары құрылып, енгізілді. Соңғы жылдары университетте «Идеяны ойлап табу және оны коммерцияландыру» технологиялық дәлізі құрылып, тиімді қызмет етіп келеді. Университет 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары және техникалық сала мамандарына бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша академиялық деңгейлерде білім беруді ұсынады.
  Айта кетерлік бір жәйт, ТМД елдерінің ішінде әлемнің 800 үздік университетінің құрамында осындай жетістіктерге жеткен университеттер саусақпен санарлық. 2016 жылы ТМД елдерінен тек 3 университет қана осы топқа енді: Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және 236-орында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
  Еліміздегі жоғары білімнің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың салыстырмалы түрде алғанда аз ғана уақыттың ішінде ірі жетістіктерге жеткендігі сөзсіз. Сонымен қатар, жетістікті бекемдеп, жаңашылдық түрленуді алға жылжыту үшін әлемдік білім кеңістігіндегі ірі университеттердің шетелдік тәжірибесін есепке алған да жөн. Әлемдік тәжірибеде элиталық жоғары оқу орнының сипаттамасы қандай болу керек екені белгілі, ол – көптеген таланттардың шоғырлануы, ресурстардың барынша жеткіліктілігі және икемді басқару. Оған қоса, қазіргі заманғы университет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан оқшаулануы мүмкін емес. Қазіргі заманда біз экономикалық жүйелерде ғылымды қажет ететін технологиялардың мән-маңызы өсуінің куәгері болудамыз. Ұлттық өндіріс үдерістерінің өзара сіңісуі мен араласуына жағдай жасап отырған жаһандық интеграция үрдістері үдей түсуде және бақылауды қажет ететін үздіксіз әлеуметтік тербелістер орын алуда. Мұндай жағдайда елдің жалпы дамуында жоғары мектептің рөлі одан әрі арта түседі. 
  Әлемдік деңгейдегі университетті құру және оны жүзеге асыру стратегиясы елдің экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясымен байланыстырылуы керек. Қазақстан Республикасының жаңа ғаламдық даму деңгейіне бағытталған интеграцияланған білім беру және зерттеу орындары жүйесін құру үшін жалпы білім мен кәсіби білім беру жүйелерінің ағымдағы өзгерістері мен жоспарланған реформаларын да есепке алған дұрыс.

Ж.ӘУБӘКІРОВА,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор,
А.АЙТБЕМБЕТОВА,
экономика ғылымдарының докторы,
доцент


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру