Валюта бағамы: $ 335.24 395.82 5.82 ¥ 50.65

АҚ УНИВЕРСИАДА – АЛМАТЫДА

Қыздарымыз жарап тұр

Өткен жексенбі күні Алматыда 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада басталды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты іс-шараға қатысушыларды Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтады. 

 

Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, өзінің мансабын келешекте экономикамен, саясатпен, бизнеспен байланыстыратындар да жоқ емес» – деді Елбасы. 
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің ұстанымы бірлік пен ынтымақтастық орнату, қауіпсіз болашаққа ұмтылыс болғанын атап өтті. Елбасы жарыс­ты ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін осы жаһандық мерекені әзірлеуге атсалысқандардың бәріне, соның ішінде үш мың еріктіге, Халықаралық студенттік спорт федерациясына және оның президенті О.Матыцинге алғыс білдірді.Raykova-1
Әлемнің 57 елінен келген спортшылар ашылу салтанатында шерумен жүріп өтті. Ақ Универсиада ойындарында 2 мыңға жуық спортшы бақ сынауда. Телеарналар арқылы 80-нен астам елден 1 миллиард адам тамашалауда. 
Студенттер биатлон, шаңғы спорты, кёрлинг, коньки спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғымен жарыс, шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек спорттарынан бақ сынауда.
Универсиада ойындары «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы, «Медеу» спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешені, Б.Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені, Мұз сарайы, Мұз аренасы және Алматының орталығындағы уақытша спорт кешені сынды 8 нысанда өтуде. 
Дүбірлі додада қыздар арасында классикалық стильдегі 5 шақырымға созылған шаңғы жарысы өтті. Алтын жүлде ресейлік Лилия Васильеваға бұйырса, күміс медальді оның отандасы Анна Нечаева еншіледі. Ал қола жүлдені жерлесіміз Анна Шевченко еншіледі. Сонымен қатар, еліміздің атынан бұл жарысқа тағы 5 шаңғышы қатысқан болатын. Атап айтқанда: Ирина Быкова – 10, Ольга Мандрика – 12, Анна Стоян – 13, Ангелина Шурыга – 18, ал Анжелика Тарасова – 25 орыннан көрінді. 
Бұдан басқа фристайлдың акробатика түрінен қоржынымызға қос жүлде түсті.  Бұл жүлделерді  Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаева жеңіп алды. Спорттың бұл түрінен ақтық сынға Ж.Алдабергенова, Ж.Арапбаева, Вера Ляшкевич (Беларусь) және Чжу Иньинь (Қытай) шыққан болатын. Қорытындысында қытай қызы 64.09 көрсеткішімен алтын жүлдені алса,  Ж.Арапбаева 60.84 нәтижесімен күміс медальға қол жеткізді. Ал Ж.Алдабергенова 60.48 көрсеткішімен қола жүлдені місе тұтты.
Ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы хоккейден Универсиаданың топтық кезеңін ірі жеңіспен бастады. Жерлестеріміз Қытай командасын 22:0 есебімен ойсырата жеңді. Сергей Старыгин жаттықтыратын отандастарымыз алғашқы кезеңің өзінде жауапсыз 9 шайба соқты. Айдын иелері бірінші минутта-ақ Владимир Гребенщиковтің көмегімен есеп ашты. Келесі минутта Әлихан Әсетов есепті еселей түссе, араға үш минут салып Антон Сагадеев үшінші шайбаны тоғытты. Сонымен қатар, Дмитрий Гренц 9-минутта, Владислав Никулин 10-минутта, Артем Бурделев 11 және 13-минутта, Кирилл Савицкий 12-минутта және Мадияр Ыбрайбеков 19-минутта шабуылдарды нәтижелі аяқтады. Кездесудің келесі кезеңінде Аспанасты елінің қақпасына алты шайба соғылды. Артем Бурделев пен Алихан Асетов дубль иесі атанса, Антон Сагадеев пен Михаил Рахманов мергендігімен көзге түсті. Соңғы кезең де жоспар бойынша өрбіді. Алғашқы шабуылда-ақ Кирилл Савитскийдің соққысы көздеген жерінен дәл табылды. Артынша Артем Бурделев, Иван Степаненко, Константин Савенков, Михаил Рахманов, Дмитрий Гренц, Ярослав Евдокимов бір-бір шайбадан соқты.
Алматыдағы «Халық Аренада» шайбалы хоккейден топтық іріктеу кезеңдері аясында ерлер арасында Қазақстан құрамасы Швециямен кездесіп, 5:0 есебімен айқын басымдыққа ие болды. Матч басталғаннан алға ұмтылған отандастарымыз 2-минутта есеп ашты. Кирилл Савицкий бағыттаған соққы көздеген жерінен дәл табылды. Содан кейін қос команда бірін-бірі аңдысып, осал жерлерін табуға тырысып бақты. Кездесудің 18-минутында ойыншы басымдығын жүзеге асырған қазақстандықтар Ярослав Евдокимовтің көмегімен екінші шайбаны қақпаға енгізді. Матчтың келесі кезеңінде жанкүйерлер бір ғана голдың куәсі болды. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған Константин Савенков есептегі басымдықты арттырып, есепті 3:0-ге жеткізді.  Соңғы 20 минут тартысты дәрежеде өрбіді. Алдымен, 50-минутта Антон Сагадеев мүмкіндігін мүлт жібермесе, кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Дмитрий Гренц соңғы нүктені қойды. Бұл жерде Швецияның бір ойыншысы кем болғанын айта кеткен жөн. Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы осыған дейін Қытай командасын 22:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын, ал Швеция Чехиядан 0:5 есебімен жеңілген. Шешуші кезеңде Қазақстан мен Чехия, Швеция мен Қытай сынға түседі.
Бұдан басқа ел қоржынына алғашқы алтын түсіп және тағы да күміс жүлдемен толықты. Алтын медальға биатлоншы қызымыз Алина Райкова қол жеткізді. Ол биатлоннан 15 шақырымға еркін стильде сайысқа түсіп, 9:48.7 уақыт көрсеткішімен бірінші болып келді.
alinaСонымен қатар, жерлесіміз Галина Вишневская отандасынан 2:21.1 уақыт қалып, екінші орынға тұрақтады. Бар жоғы +2:21 көрсеткіш артта қалған биатлоншы аруымыз Г. Вишневская осылайша күміс медальға қол жеткізді. Ал қола медаль 2:23.6 уақыт кейін қалған украиналық Надежда Белкинаға бұйырды. Бұл сында отандастарымыздың ішінде Дарья Усанова +2:55.5 (1+1+0+3) төртінші, Елизавета Бельченко 93:10.5 (0+2+0+2, Анна Кистанова +6:52.7 (3+2+0+3) 11-інші, Александра Сасина +7:43.6 (0+0+5+0) нәтижелік көрсеткішпен жеңімпаздан қалып қойып, 15-інші орыннан кө­рінді. 
Биатлоннан 15 шақырымға еркін стильде жү­гіріп әрі мергендігімен танылған А.Райкова бұған дейін 2015 жылы өткен Қысқы Универсиадада да алтын жүлдегер атанған болатын. 2014 жылы ел құрамасының сапында Сочи Олимпиадасына қатысты. Дегенмен А.Райкова биатлонда дәл көздеп атуда шебер деп айта алмаймыз. Осал жағы дегенде, шаңғымен жүгіру жағын әлі де шыңдауы керек. Егер осы екі сәл-пәл олқылығын түзесе, келесі жылы өтетін Қысқы Олимпиадада жүлдегер атануы ықтимал. Жеңімпаз атанған дарынды спортшы қыз қуанышын жасыра алмады әрі жарыста болған қиыншылығы жайлы өз ойын ортаға салды. «Жарыс барысында 15 шақырым жолды дұрыс жүріп өту, дәл көздеп ату оңайға соққан жоқ. Физикалық тұрғыдан төзімім таусылып, қолымды бір сілтегім келген сәт те болды. Бірақ, санам, нәтижені ойлаған көңілім олай жасатпады, ақыл шіркін эмоцияға бой алдырған жоқ!  Басты міндетім өз-өзімді жеңу еді. Алдыңа мақсат қоя білсең, армандай білсең және соған ұмтыла білсең, бәрі де мүмкін екен. Яғни асқаралы мақсат алтын межеге жеткізеді!» – деді жерлесіміз.    
Фристайлдан еліміздің атынан сынға түскен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек жұбы алтын жүлдеге қол жеткізді. Ақтық кезеңде біздің жұп 167.05 ұпай жинап, екі бірдей қытайлық жұптан үздік шықты. Ақтық сында Аспанасты елінің спортшылары 113.02 және 87.77 ұпай жинады.
Шаңғышы қызымыз  А.Шевченко Универсиадада өзінің екінші медалін жеңіп алды. Жерлесіміз бес шақырым қашықтықтыққа жарыстан қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл жарыста алтын медальді ресейлік Анна Нечаевская алса, күміс оның отандасы Лилия Васильеваға бұйырды. Айта кетейік, спортшымыз Универсиаданың алғашқы күні 5 шақырым қашықтықта қола медаль алған болатын. Бұл қашықтыққа жүгіруден Лилия Васильева алтынды, ал Анна Нечаевская күміс медальді жеңіп алған болатын.
Ерлер арасында биатлоншылар арасындағы 20 шақырым қашықтыққа бағытталған жеке жарыста жерлестеріміз бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Жарыста жеңіске француз Баптист Жюти қол жеткізді. Екінші және үшінші орынды Ресей құрамасының мүшелері Сергей Корастылев пен Семена Сучиловалар жеңіп алды.
Қыздар арасындағы керлинг матчтары басталды. Қазақстандық бойжеткендер алғашқы кез­десуінде Германия құрамасынан 2:13 есебімен ойсырай ұтылды. Жерлестеріміз келесі ойынын Ұлыбританияға қарсы өткізеді.
Хоккейден қыздар арасында Қазақстан құрамасы Ұлыбритания командасымен кездесіп, 11:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Кездесуде Карина Фельзинк (01:46), Малика Алдабергенова (06:20), Ажар Хамимульдинова (12:36), Ғалия Нұрғалиева (18:01), Бұлбұл Қартанбаева (22:54, 58:23), Меруерт Рысбек (29:50), Пернеш Әшімова (32:58), Анастасия Орлова (34:39), Мадина Тұрсынова (48:05) және Аида Олжабаева (53:34) шайба соқты.  
Тау шаңғысы жарысында жеңіске жеткен спорт­шылар анықталды. Жарыс нәтижесінде бас жүл­де ресейлік Елена Яковишинаға бұйырды. Ал күміс медаль финляндиялық Неа Луукконың, қола жапондық Аса Андоның қанжығасын майлады. Тау шаңғысы жарысына еліміздің атынан екі спортшы қатысқан болатын. Олардың бірі Екатерина Карпова — 28, ал Мария Григорева 29-орынға табан тіреді.
Универсиаданың бірнеше спорт нысанындағы жарыстар ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешені тасжолындағы күн райының бұзылуына байланысты тау шаңғысы жарысына кіретін әйелдер арасындағы супергиганттан бәсекелер кейінге қалып отыр. Сонымен қатар, «Сұңқар» кешенінде өтіп жатқан шаңғы қоссайысы бағдарламасындағы трамплиннен секіру сайыстары кейінге қалды. «Сұңқар» шаңғы-биатлон кешеніндегі биатлон және шаңғы жарыстары кестесі өзгеруі мүмкін. 
Универсиаданың екінші күнінің қорытындысы бойынша  Қазақстан спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен – жалпыкомандалық есепте екінші орынмен аяқ-тады.
Газетіміздің беті қатталып жатқанда Қысқы Универсиада ойындарында  7 медаль сарапқа салынды. Атап айтқанда керлингтен топтық кезеңде ерлер мен әйелдер құрамасы сынға түсті. Тау шаңғысы комбинациясы (Супергигант, слалом) бойынша әйелдер арасында Мария Григорова, Екатерина Карпова, ал ерлерден Мартин Хубер, Сергей Данов, Александр Костров, Алексей Сысоев, Захар Кучин бақ сынады. Коньки жарысынан әйелдер (3000 метр), ерлер (500 метр) қашықтықта жүгірді. Ұлттық құрама сапында Дарсиль Эссамамбо, Артем Крикунов, Станислав Палкин, Роман Креч, Эльвира Халықова, Мария Сизова, Татьяна Климчук сайысқа түсті. Шаңғы қоссайысында ерлер арасында Шыңғыс Ракпаров, Әли Айбек, Расул Гайрбеков, Вячеслав Бочкарев, Элдар Орусаев жарыс жолына шықты. Бұдан басқа жастар трамплиннен секірді. 
«Алматы Аренада» мәнерлеп сырғанау бойынша қысқа бағдарламада әйелдер арасында Айза Мамбекова, Жансая Адыханова, Вероника Шевелева өз өнерін ортаға салды.  
«Халық Арена». Ерлер арасындағы шайбалы хоккейден топтық кезеңде Ресей-Латвия, Канада-Ұлыбритания, Чехия-Қытай құрамалары мұз айдынында жолықты. Ал әйелдер арасындағы топтық кезең Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында өтіп, Ұлыбритания-Қытай және Қазақстан-Канада құрамалары кездесті. «Шымбұлақ» тау-шаңғысы шипажайында сноуборд  бойынша ерлер және әйелдер арасында жарыс өткізілді. Спортшыларымыздың көрсеткен көрсеткіші туралы газетіміздің алдағы нөмірінде хабардар ететін боламыз.
Сайыпқырандарымызға сәттілік тілейік, аға­йын! Еліміздің спортшы жастары Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында 700 спортшы 125 медаль жеңіп алды. Бұл сәттілік алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз. 

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X