Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Нарық шарттары назарда болуы керек

Премьер-министр

Сейсенбіде әдеттегідей Үкімет отырысы өтіп, онда көмір өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары талқылауға шықты.  

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы 98 млн. тонна көмір өндірілген, бұл жоспардың 96 пайызы. Өткен жылы ішкі нарыққа 71,8 млн. тонна жеткізілсе, экспортқа 26,2 млн. тонна шығарылды. Ал ағымдағы жылға жоспар бойынша 100 млн. тонна көмір өндіру көзделіп отыр.
Сала министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда көмір өндіру көлемінің қысқару себептерін түсіндірді. Айтуынша, Ресей Федерациясы 2030 жылға дейін көмір өнеркәсібін дамытудың бағдарламасын қабылдап, онда Ресейдің электр стансаларында Екібастұз көмірінің орнына Кузнецк көмірін тұтыну қарастырылған. Бұдан бөлек, ресейлік жылу электр орталықтарының бір бөлігі табиғи газды жағуға ауыстырылған көрінеді. Мұнымен қоса, Қазақстандағы және Ресейдегі энергия өндіретін кәсіпорындардың көмірді тұтыну деңгейі төмендеген екен. Өзендердегі су деңгейінің жоғары болуына байланысты, су электр стансаларында энергия 25 пайызға артты. Қазақстандағы секілді көмір өндіру көлемінің қысқару үрдісі өзге елдерде де байқалуда. Бұған «жасыл» экономикаға көшу бойынша әлемдік үдеріс әсер етуде.
Ресей қазақстандық көмірді сатып алу көлемін азайтқанымен, Екібастұз көмірін көрші Қытай еліне сатуға болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин осы салада болып жатқан өзгерістерді ескеріп отыру қажеттігін айтты. «Көршілес Ресей 2030 жылға дейін көмір өндірісін 400 млн. тоннадан 500 млн.-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Оған қоса, Екібастұз көмірін өз көмірімен алмастырмақ. Бұл өз кезегінде қазақстандық шикізаттың экспортын қысқартуы әбден мүмкін. Сондықтан бізге жаңа нарықтарды іздеу керек. Көліктік логистика жағын да алдын ала ойластырған жөн. Осы орайда, Қытай көмір импортын 200 млн. тоннаға дейін арттырып отырғанын айта кету керек. Осыны зерделеп, шекараға жақын аймақтардан көмір жеткізу мәселесін қарастыруға болады», деді А.Мамин. 
Мәселенің бақылауға алынуы тиіс тағы бір ұшы бар. Министрлік елде көмір өндіру көлемінің төмендеуі тұрғысында көмірлі өңірлерді дамыту шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды. Моноқалаларды, оның ішінде тек көмір өндірісімен айналысатын қалаларды тұрақты дамыту мақсатында жергілікті атқару органдары жаңа өндірістерді құруға, кадрларды қайта оқытуға, инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға негізделген экономиканы әртараптандыру жұмыстарын күшейту қажет. Мәселен, Екібастұз қаласында темір жол машина құрылысы бойынша бірқатар жобалар іске асырылған, сонымен қатар энергетикалық машина құрылысы бағытында өндірістер салынды. Бұдан бөлек, құрылыс индустриясы мен жылыжай шаруашылықтары дамып келеді. Дегенмен де, министрлік бірнеше бағдарламаларды кеңейту жолымен елімізде көмір өндіру деңгейін қолдау мен сақтау бойынша жұмыстарды күшейту керектігін алға тартты. Оның ішінде кешенді түрде көмірді тереңдетіп өңдеу аясында көмірден дизель отынын және басқа да синтетикалық өнімдерді шығару ескерілмек. «Бүгінде шахталық метанды электр энергиясын өндіруге пайдалану бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл өз кезегінде парниктік газдармен ластануды айтарлықтай төмендетеді. 

Осы орайда Қарағанды облысын газбен қамтамасыз ету мақсатында метандық-көмір қабаттарын барлау мен өндіру ескеріліп отыр», деді Қ.Бозымбаев.
Отырыс барысында көмір химиясы саласының жай-күйі туралы есеп, сондай-ақ оны одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар тыңдалды. Тақырып бойынша Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының директоры Н.Радостовец, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Р.Сүлейманов, Көмір химиясы және технологиялары институтының директоры Б.Ермағамбетов қосымша баяндады.
Премьер-министр талқылауды қорытындылап, өзінің бірінші орынбасары А.Маминге аталған мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді, жұмысты жалпы үйлестіруді жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ Б.Сағынтаев көмір өндірілетін орындарда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару қажеттігіне тоқталды.   
Отырыста қаралған тағы бір мәселе – мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттары туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндады. Ол өз сөзінде қазақстандық бизнес мемлекет және үкіметтік емес ұйымдармен белсендірек жұмыс істеуі керектігін айтып өтті. Министр мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл орнатуды жалғастыратынын, алайда серіктестік пен бизнеске белсендірек тарту талап етілетінін алға тартты. Осы орайда тиімді үшжақты серіктестік жүйесін орнату қажет. «Елімізде осындай өзара іс-қимылға арналған жаңа алаң – Азаматтық бастамаларға қолдау көрсету орталығы бар. Оның қызметі аясында бизнес үкіметтік емес ұйымға түрлі гранттар бере алар еді. Соған байланысты арнайы орындарда бизнестің үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік серіктестікке қатысуына мониторинг жүйесін ұйымдастыру өте маңызды», деді Н.Ермекбаев.
Соңғы жылдары Қазақстанда халыққа арнайы қызмет көрсету үшін мемлекетпен тартылған үкіметтік емес ұйымдардың саны ұлғайған. «Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтер 2009 жылдан бастап көрсетіледі. Осы сектордағы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет ынтымақтастығына 7 жылдам астам уақыт болды және ол өмірінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға тең жағдай жасауға бағытталған», деп атап өтті денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. 
Ал ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елімізде азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысы туралы ақпарат алудағы қолжетімділігін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. 
Жиында отандық үкіметтік емес сектор өкілдері сөз сөйледі.
Премьер-министр дін істері және азаматтық қоғам министріне үкіметтік емес ұйым өкілдерінің бірлескен жұмысты әрі қарай жүргізуге байланысты ұсыныстарын ескеруді тапсырды. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Азамат
    26.01.2017 at 5:01 pm

    Тапсырмалар берілді. Енді оларды мүлтіксіз орындауға көшу керек.

  • Қамбар
    30.01.2017 at 4:12 pm

    Нарық шарттарына сай жұмыс жасалса, көштен қалмаймыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру