Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кешенді жоспар бойынша 2016 жылы 29 454 ақтөбелік жұмыспен қамтылды

Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында мекеменің 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Есептік баяндама тыңдалған жиынға бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын мекемелердің басшылары қатысты.

Басқарма басшысы Қайрат Отаровтың баяндамасында негізгі назар халықтың жұмыспен қамтылуына аударылды.
2016 жылы өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алу үшін жасалған халықты Жұмыспен қамту бойынша кешенді жоспардың нәтижесінде 29 454 ақтөбелік жұмысқа орналасты. Соның ішінде, 1066 ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамтудың жолкартасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2465,0 млн. теңге көлемінде шағын несие алды.
 Жалпы алғанда, 2016 жылдың қорытындысы жақсы. Әлеуметтік міндеттер толық көлемде орындалған. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздар жоқ. 2016 жылы ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін қолдау және өсіру үшін 4,1 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы жұмыссыздықпен күресу үшін тағы біраз қаражат бөлінбек. «Тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін уәкілетті органдар тарапынан үнемі есепке алып, талдау жасап, қатаң бақылауда ұстау керек», – деді Бердібек Сапарбаев.
Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын әрі қарай дамыту мақсатында облыс әкімі өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыруда экономикалық әлеуеті төмен ауыл тұрғындарын әлеуеті жоғары елді мекендерге көшіруді тапсырды. Айта кетер жай, 2016 жылы Байғанин ауданының Қазақстан ауылындағы 8 отбасы аудан орталығы Қарауылкелдіге көшірілген болатын. Мұнда оларға баспана беріліп, жұмысқа орналастырылды.
Өңір басшысының тапсырмасымен 2017 жылы облыста «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасы белсенді жүзеге асырылмақ. Аталмыш жоба, 100 нақты қадам – ұлт жоспары аясында, 2015 жылдың екінші жартысында Ақтөбе қаласында, Мәртөк және Мұғалжар аудандарында пилоттық тәртіпте енгізілген болатын. 2016 жылдың соңына қарай жобаны енгізу аумағы облыс бойынша 100%-ға жетті. Жоба күн көріс кірісі 60%-дан төмен аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастырады. Бұл ретте олар әлеуметтік келісім-шартқа қол қойып, жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысуы тиіс.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының айтуынша, аталмыш жобаға қатысудың нәтижесінде көмек алушылардың жан басына шаққандағы кірісі үш есеге көбейді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс­та бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді. Соның ішінде аймақ басшысының бастамасымен құрылған «Парыз» қоры 193 көмекке зәру жанға 23,9 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. 2016 жылдың желтоқсан айында «Самұрық-Қазына» АҚ 100 ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің әр қайсысына 100 мың теңге көлемінде қайырымдылық жасады.
2016 жылы Ақтөбеде мемлекеттік-жеке серіктестік аясында Әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы мен психоневрологиялық аурумен науқастанған балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Жалпы алғанда, мүгедек жандарды қолдау әлеуметтік шаралар жүйесінде ерекше орын алады. 2017 жылы 335 нысанды мүгедектердің игілігіне қарай бейімдеу жоспарлануда. Ең бірінші кезекте мүгедек жандардың ең көп баратын нысандары – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау нысандары бейімделетін болады.
Соңғы мәліметтер бойынша облыста 24 мың мүгедек бар болса, олардың 3 мыңы – балалар. 2016 жылы 6300-ден астам мүгедек техникалық және гигиеналық заттармен, протездік-ортопедтік көмекпен, шипажайлық-курорттық емдеумен қамтылды.
Облыс әкімі мүгедектерге берілетін техникалық және гигиеналық заттардың сапасына, сонымен қатар көрсетілетін қызметтің нәтижелілігіне көңіл аударуды тапсырды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын уәкілетті мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдармен өз ара байланыс жасау, олардың мүгедектердің кедергісіз ортасымен әлеуметтік қолдауын әрі қарай дамытуға бағытталған жобаларын жүзеге асыруға көмектесу сияқты басқа да тапсырмалар айтылды.

Ибраш Тұрымбет


Оқи отырыңыз

Пікір(4)

  • Арсен
    26.01.2017 at 4:41 pm

    Нәтижелер жаман емес. Дегенмен алдағы уақытта олар жақсара түседі деген ойдамын.

  • Әлия
    26.01.2017 at 4:43 pm

    Мүгедек жандарға қолдау қашанда қажет. Тек материалдық тұрғыда ғана емес, оларға ең бастысы рухани қолдау маңызды болып табылады.

  • Дарина
    30.01.2017 at 3:37 pm

    Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға да көп көңіл бөлінсе, игі.

  • Медет
    30.01.2017 at 3:40 pm

    Әлеуметтік жағынан әлсіз топтар қашанда құзырлы орындардың назарынан тыс қалмаса, бұл мәселе қадағалауда болса деген тілек бар.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру